06
Наурыз

АЛАШ ИДЕЯЛАРЫ ӘЛІ ДЕ ӨЗЕКТІ

2018 жылғы 6 наурыз,«Ақ жол» ҚДП баспасөз қызметі

Алаш арыстары көтерген тіл, діл, дін, мемлекет тұтастығы сынды мәселелер әлі де өміршең, әлі де өзекті. Осыған орай Талдықорғандағы Рухани жаңғыру орталығында «ХХІ ғасырда Қазақстан қоғамын жаңғыртудағы «Алаш» қозғалысы идеяларының өзектілігі» атты “дөңгелек үстел” отырысы өтті.

           

Еліміздегі саяси партиялардың өкілдері, қоғам белсенділері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан алқалы жиында ҚР Парламенті Мәжілісінің V шақырылым депутаты Нұрлан Жазылбеков, «Ақ жол» партиясы Алматы облыстық филиалының төрайымы Мейраш Шынасылова, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Ермек Келемсейіт, облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін, «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев кезекпен сөз алып, Алаш арыстары айналысқан мәселелердің бүгінгі «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен сабақтастығын әңгімеледі.

– Алаш сөзінің мағынасын, ұғымын Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсыновтар нақты білмеген. Осы жайында мақала жазған Міржақып Дулатов: «Әртүрлі көзқарастар айтылады, әртүрлі мағынада түсіндіріледі, бірақ келешекте осы Алаш деген сөздің түпкілікті мәні анықталатын шығар?!» – дейді. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін «Алаш» сөзінің қайдан шыққаны, нені білдіретіні туралы тұрақты бір тоқтамға, тұжырымға біздің тарихшылар да, қоғам қайраткерлері де келе алмады, – деген облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін көтерілген мәселенің маңызына тоқталды. – Ал  менің ұғымымда «Алаш» – мемлекет деген сөз. Мекемтас Мырзахметов деген ғалым ағамыз: «Біздің эрамызға дейінгі 2 мыңыншы жылдықтың ортасында Ұлы Далада «Алаш» деген мемлекет, оның Алаш деген ханы өмір сүрген. Сол хан билік еткен 50 жылда қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман болған», – дейді. Біз осы пікірге тоқталуымыз керек. Неге? Қазақ хандығының 550 жылдығына орай сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Әбішұлы: «Біздер кешегі сақтардың, ғұндардың, түркі қағанаттарының, Шыңғысхан және оның ұрпақтары құрған «Алтын Орданың» тікелей мұрагеріміз!» – деді.

Демек, Елбасымыз мемлекеттілікті арғы бастауынан қарастырып отыр. Осынау Ұлы Далада Қазақстан Республикасына дейін 20 мемлекеттің күні дәуірлеп, тасы өрлеген. Соның 20-шысы бәріміз айтып отырған «Алаш» автономиясы. Бір атап айтарлығы, «Алаш» сөзі көршілес қырғыздарда, өзбектерде, ноғайларда да  бар. Соған қарап, ғасырлар қойнауында қалған «Алаш» мемлекетінің өзегін, дүниетанымын түркі тектес халықтардың жалғастырып келе жатқандығын көру қиын емес. Міне, сол себепті қазақтың озық туған перзенттері, терең ойлы азаматтары «Алаш» идеясын көтеріп, «Алаш» автономиясының құрылуына күш салды.

Жиын аясында Жетісу жерінің өркендеуіне үлес қосқан 8 тұлғаға «Алаш» автономиясына 100 жыл толуына орай шығарылған «Алаш» естелік медалін табыстады.