29
Наурыз

«Ақ жол» фракциясының депутаттары нормативтік актілердің кәсіпкерліктің мәселелеріне қатысты реттеушілік әсерді талдаудың ауқымды жүйесін құруды талап етеді

2018 жылғы 29 наурыз, «Ақ жол» ҚДП баспасөз қызметі

«Ақ жол» фракциясының депутаттары нормативтік актілердің кәсіпкерліктің мәселелеріне қатысты реттеушілік әсерді талдаудың (РӘТ) ауқымды жүйесін құруды талап етеді – фракцияның тиісті депутаттық сауалын Екатерина Никитинская мәлімдеді.

           

«Кәсіпкерлік қызметті 2020 жылға дейін мемлекеттік реттеу тұжырымдамасында көрсетілген басты мақсат-міндеттердің бірі реттеушілік әсерді талдау (бұдан әрі - «РӘТ») және кәсіпкерлік мәселелерін қозғайтын нормативтік актілерді қоғамдық талқылау негізінде құқықтық шығармашылықты жетілдіру болып табылады», - делінген сауалда.

Бұл үдеріс Кәсіпкерлік туралы кодекспен нақты реттеледі. Сонымен, егер мемлекеттік органдар жаңа реттеуші құралды енгізуді немесе кәсіпкерліктің субъектілеріне қатысты реттеуді күшейтуді жоспарлап отырса, онда Кодекстің 82-бабына сәйкес алдын-ала реттеушілік әсерді талдау (РӘТ) рәсімі жүргізілуі тиіс.

Алайда, уәкілетті органдар РӘТ-ті барлық қажетті жағдайларда жүргізе бермейді. Мәселен, 2017 жылы Парламент Мәжілісіне 40-қа жуық заң жобасы қаралуға келіп түсті, олардың тек 9-ы бойынша ғана ҚР Ұлттық экономика министрлігінің сайтында РӘТ-ті жүргізудің нәтижелері ұсынылған екен. Әйтсе де Мәжілісте қаралған көптеген заң жобалары бизнеске реттеушілік ықпал ететін осы сияқты және өзге де жаңа енгізілімдерді қарастырған болатын.

Мәселен, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодектің» жаңа редакциясында тиісті реттеушілік әсерді талдаусыз көптеген өзгерістер қарастырылған. Заң нормалары біреудің тауар белгісін, қызмет көрсету белгісін, тауар шығарылған жердің атауын немесе тауарлық белгісін заңсыз пайдалану үшін айыппұлдарды орташа есеппен 20-25% -ға төмендетті. Ал, бұл тауарлардың қауіпсіздігі мен сапасына ғана емес, адал кәсіпкерлердің қызметіне де тікелей қауіп төндіреді.

«Алайда, РӘТ-ке байланысты туындаған мәселелердің тізімі бұнымен аяқталмайды.Өйткені, талдау тек нормативтік құжатты енгізу кезеңінде ғана емес, сондай-ақ мұндай талдау бұрын жүргізілмеген қолданыстағы нормативтік құралдармен қоса жүргізілуі тиіс. Оның нәтижесі бойынша, өтінімнің тиімділігіне қарай, реттеуші құрал жойылуы немесе қайта қаралуы қажет», - деп есептейді «ақ жолдықтар».

Бірақ, Никитинская айтып өткендей, Еуразиялық экономикалық одақтың нормативтік құқықтық актілерінің нормативтік әсерін талдау тәрізді бұл жұмыс та уәкілетті мемлекеттік органдармен тіпті әлі күнге дейін басталған да жоқ.

Жергiлiктi атқарушы органдардың нормативтiк құқықтық актiлерiнiң реттеушілік әсерін талдаудың жай-күйiнің қазіргі жағдайы да мәз емес. Жалпыға қолжетімді ашық ақпараттық ортада мұндай талдаудың нәтижелері тек Астана қаласы әкімдігінің сайтында ғана жарияланған. Мемлекеттік басқарудың барлық деңгейлерінде ашық қолжетімді ақпараттық ортада реттеушілік әсерді талдауды қайта қарау жоспарлары жоқ және оларды әзірлеу мен енгізу мониторингі жүйесі орнатылмаған.

Аталған реттеушілік әсерді талдауды жүргізуге қатысты орын алған ағымдағы жағдайды қанағаттанарлық деп мақұлдауға келмейтініне депутаттар сенімді. Ал, өз кезегінде мұндай талдаудың жоқтығы қабылданған заңнамалық актілердің және кәсіпкерлікті реттеу саласындағы барлық түрдегі мемлекеттік басқару шешімдері сапасының нашар болуы ықтималдығының жоғары тәуекелдерін туғызады.

Осыған орай, «Ақ жол» фракциясы қолданыстағы заңнамада қарастырылған реттеушілік әсерді талдаудың ауқымды жүйесін құру бойынша Үкіметпен қабылданған шаралар туралы толыққанды ақпарат беруін сұрайды.

«Ақ жол» ҚДП және оның парламенттік фракциясы сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру және отандық кәсіпкерлердің мүддесін қорғау жұмыстарын жалғастыруда.