2018 жылғы 11 маусым, «Ақ жол» ҚДП баспасөз қызметі
«Ақ жол» фракциясының депутаттары адвокаттарды қолдады – ұзақ және қызу пікірталастардан кейін, адвокаттық қызмет туралы заң жобасы бойынша жұмыс тобы Азат Перуашевтің түзетулерін енгізуге дауыс берді, ал өткен аптада құжат Мәжілісте қабылданды.
Естеріңізге сала кетейік, бұл заң жобасы адвокаттық қоғамдастық пен әлеуметтік желілерде қоғамдық үлкен резонанс тудырды және Әділет министрі Марат Бекетаевтың қатысуымен екі рет «Ақ жол» партиясында талқыланды. (https://akzhol.kz/ru/news/show/13570/1/4). Осы талқылаулардың нәтижесінде «Ақ жол» фракциясының заңгерлердің құқықтарын кеңейту, олардың қызметіне кепілдік беру және адвокаттар жұмысына сыртқы кедергілерді азайтуға бағытталған түзетулері әзірленді.
Мәжілістегі осы түзетулерді алғашқы талқылау ағымдағы жылғы 28 наурызда өтті. Оның барысында көптеген мемлекеттік органдардың өкілдері Перуашевтің түзетулеріне қарсы шығып, автор өз позициясын қайта-қайта дәлелдеуге мәжбүр болған еді (https://akzhol.kz/ru/news/show/15745/1/4).
Депутат Қанат Мусин бастаған жұмыс тобы кейінгі айларда да заң жобасымен жұмысты жалғастырды. Ақыр соңында, 28 мамырда жұмыс тобы Үкіметтің қорытындысын ескере отырып, «Ақ жол» партиясы төрағасының түзетулеріне қайта оралып, демократтардың бірқатар принциптік ұсыныстарын қарастырды және қолдады.
Атап айтқанда, Заңның 36-бабының 1-тармағына «Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, адвокаттың құқықтары шектеуге жатпайды» деген ереже енгізілді. Заңды адвокаттық қызметке араласу немесе кедергі келтіру заңда көзделген жауапкершілікке тартылады».
Бұдан басқа, депутат Перуашев сұратылған ақпаратты адвокатқа беруден бас тартуға негіз болатын негіздемелердің тұтастай тізбегін жоюға қол жеткізді (мәселен, дұрыс емес рәсімдеу, мағлұматтың болмауы, қажеттіліктің болмауы, заңгерлік көмек көрсету мақсатының сәйкес келмеуі).
«Ақ жол» басшысының қабылданған түзетулеріне сәйкес егер ол қолжетімдігі шектеулі ақпарат ретінде танылса ғана сұратылған ақпаратты адвокатқа беруден бас тартуы мүмкін.
Ол, сондай-ақ, адвокаттық қызметті жүргізу үшін қажетті (36 бап, 9 тармақ бойынша) компьютерлерді, смартфондарды және басқа да техникалық құралдарды және де адвокаттық қоғамдастықтың мүддесіне өзге де бірқатар жаңа енгізілімдерді сотта қолдануға заңнамалық рұқсат беруді талап етті.
«Біздің міндетіміз – сот процесінің шын мәніндегі ашықтығы мен сайыскерлігіне, азаматтардың тиімді қорғалуына деген конституциялық құқығын толыққанды жүзеге асыруға, сотта істерді адамдардың лауазымы мен беделіне қарап, «бетің бар, жүзің бар» демей объективті және күні бұрын кесіп-пішілмеген түрде қарауды қамтамасыз етуге, төрешілердің жұмысы мен құқық қорғау жүйесіндегі әдейі айыптаушы көзқарасты болдырмауға қол жеткізу. Ал, оған мықты әрі тәуелсіз адвокаттарсыз қол жеткізу мүмкін емес», - деп бұл ретте Азат Перуашев баса айтты.
Өкінішке орай, «ақжолдықтар» көшбасшысының екі ұсынысы - адвокаттардың өз қорғалушысына қатысты тергеу әрекеттерін жүргізу барысында оларды жасырын ынтымақтастыққа тартуға тыйым салу туралы және де адвокаттар алқасын өз әріптестерін ұстаған жағдайда дереу хабардар ету туралы ұсынысы - жұмыс тобының көпшілік дауысымен қабылданбады. Соған қарамастан, енгізілген нормалар тіпті Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Әнуар Түгел бастаған адвокаттар қоғамдастығының қол соғып көрсеткен қошеметімен қабыл алынды.
Әрі қарай бұл шешімдер Мәжілістің Сот-құқықтық реформа жөніндегі комитетінде және Мәжілістің пленарлық отырысында қолдау тапты. Онда заң қабылданып, Сенатқа жолданды.
«Ақ жол» ҚДП парламенттік фракциясы сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру және өз сайлаушыларының: кәсіпкерлер мен қарапайым азаматтардың мүддесін қорғау бойынша жұмыстарды жалғастыруда.