2018 жылғы 20 маусым, «Ақ жол» ҚДП баспасөз қызметі
Егер біз ҰБТ үшін балаларымыздың қауіпсіздігіне қауіп төндіретін болсақ, мұның соңы қымбатқа түспей ме? – дәл осындай сауалын Кеңес Абсатиров үкіметтің атына жолдады. «Ақ жол» депутаттары ұялы байланысты бұғаттайтын құрылғыларды пайдалануды шектеуді және оларды арнайы құрал ретінде тануды талап етеді.
Өздеріңізге белгілі, ақпарат пен байланыс саласындағы қызметті жүзеге асыруға ниет білдірген кез-келген тұлға «Рұқсаттар мен хабарламалар туралы» Заңда белгіленген тәртіппен қажетті рұқсатты (лицензияны) алуға міндетті.
Ақпараттық технологиялардың дамуы аясында ұялы байланыстың қазақстандық операторлары қызмет көрсету аумағын кеңейтумен қатар, құқық қорғау органдарының тікелей талабы бойынша, керісінше, ұялы байланысқа қолжетімдікті шектей де алады.
Операторлардан бөлек, GSM-сигналды бұғаттау үшін арналған техникалық құрылғылардың көмегімен байланысты шектеу мүмкіндігі де бар. Бұл қадамдар қауіпсіздікті қамтатасыз ету мақсатында жедел-іздестіру шаралары кезінде және ұлттық қауіпсіздік тұрғысында лаңкестік қатерлердің алдын алу барысында іске асырылады.
Осы орайда 2015 жылғы 27 шілдедегі Үкімет қаулысына сәйкес, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті жедел-іздестіру шараларын жүргізу үшін арналған арнайы техникалық құрылғыларды жөндеу, өндіру бойынша лицензиар болып белгіленген.
«Ақжолдықтар» бұл шаралар мен тиісті шектеулер толық негізді болып отыр деп санайды.
Алайда кейінгі кезде ұялы байланысты бұғаттаушы құрылғылар ҰБТ өткізу кезінде білім беру жүйесінде кеңінен пайдаланылады. Мәселен, мемлекеттік сатып алулар порталында осындай «бұғаттаушы» құрылдарды сатып алу туралы білім мекемелерінен өтінімдерді көруге болады.
Сонымен бірге, бүгінде сайттар мен әлеуметтік желілерде бұл «бұғаттаушы» құрылғылардың жұмыс істеу сипаттамасынан бөлек, оларды қолайлы бағамен сатып алу мүмкіндігі байқалады.
Қолданыстағы заңнама «бұғаттаушы» құралдарды елге алып келу, сату және пайдалану бойынша қандай да бір нормаларды қарастырмайды. Сәйкесінше, оларды таратушылар мен пайдаланушылардың іс-қимылдары шектелмеген.
Аталған арнайы құрылғылар пайдакүнемдік мақсаттарда елеулі түрде экономикалық әрі әлеуметтік залал келтіруі ықтимал екенін Абсатиров атап айтты.
Яғни осы құрылғылардың жұмыс істеу сипаттамасы GSM-сигналды бұғаттауға бағытталғандықтан, бұл ретте лаңкестік қатер туындаған кезде құтқару қызметтері мен қауіпсіздік қызметтері сигналдары жұмысына кедергі жасалуы мүмкін.
Сонымен қатар төлем терминалдарының, банкоматтардың, шұғыл жағдайларда хабар тарату барысында сымсыз жүйелердің жұмыстары бұзылады.
«Демек, кез келген адам аталған құрылғыны тек ҰБТ кезінде мектептерде ғана емес басқа жерлерде де іске қосып маңындағы үйлерді байланыстан ажырата алады. Соның ішінде – құтқару қызметтері мен қауіпсіздік қызметтері сигналдары жұмысына кедергі жасауы мүмкін. Егер ҰБТ үшін бізді балаларымыздың өміріне қауіп төндіруге итермелейтін болса, мұның соңы тым қымбатқа түспей ме?», - деп «ақжолдықтар» өз алаңдаушылығын білдірді.
Оның үстіне, мұндай жағдайлар орын алған кезде байланыс операторлары жауапкершіліктен бас тартады.
Осыған байланысты, «Ақ жол» ҚДП фракциясы жоғарыда айтылған ұялы байланысты бұғаттайтын құрылғыларды еркін айналымға шығарылмайтын және нарықта сатылмайтын арнайы құралдар ретінде белгілеу қажет деп есептейді. Бұдан басқа, депутаттар Премьер-Министрден осы мәселені тыңғылықты зерделеу және осы саланы заңнамалық тұрғыдан шешу жөнінде шаралар қабылдау үшін жауапты қызметкерлерге тиісті тапсырмалар беруін сұрады.
«Ақ жол» ҚДП және оның парламенттік фракциясы сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру және сайлаушылардың тілегін орындау бойынша жұмыстарды жалғастыруда.