2018 жылғы 17 шілде, «Ақ жол» ҚДП баспасөз қызметі
Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Дүйсембинов Ақмола облысындағы жұмыс сапары кезінде Көкшетау қаласындағы осы заманғы іргелі инновациялық корпорацияда болып, оның өтехнологиялық ырғағымен жан-жақты танысты.
Кәсіпорынның атқарушы директоры Шыңғыс Әбішев 2016 жылы ғана іске қосылған ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын зауыттың жағдайынан хабардар етті. Мұнда негізінен ауыл диқандары аса қажет техникалардың көп түрі шығарылады.Қарапайым тіркемеден бастап, егістікке қажет технологиялық жабдықтар құрастырылуда.
Бір атап өтерлігі, құрастырғыш бөлшектер негізінен осында өндірілсе, тек бірен-саран құрылғылары ғана шеттен алынады. Енді ғана қарқын алып келе жатқан кәсіпорынмен танысқан халық қалаулысы шығарып жатқан техникаларға жақсы баға берді. Ең бастысы, біз аграрлық елміз. Осылай ауылға керекті техникаларды шетелден қымбатқа әкелгенше, өзімізде шығарған әлдеқайда тиімді болары анық.
Атқарушы директор 2017 жылы 698 миллион теңгенің 507 техникасын, ал, биылғы жылдың алғашқы тоқсанында 265 миллион теңгенің 208 техникасын шығарғанын атап көрсетті.
Жалпы, кәсіпорындағы аяққа оралғы болар мәселелер жөнінде сұраған депутатқа кәсіпорын басшылары шеттен әкелінетін және бізде шығарылмайтын күрделілеу қондырғыларға шектеу қойылғаны жұмысты тежейтінін айтты. Себебі, мұндай бөлшектер біздің елімізде шығарылмайды. Сосын да оны сырттан әкелуге тура келеді дейді кәсіпорын өкілдері.