18
Шілде

Санат жоқ 18.07.2018

Депутат ашық аспан астындағы «Ботай» музейінде және өлкетану мұражайына болды

2018 жылғы 18 шілде, «Ақ жол» ҚДП Ақмола облыстық филиалы

Ақмола облысындағы сапары аясында Парламент Мəжілісінің депутаты Меруерт Қазбекова Елбасының Бурабай өңірінде туристік кластерді дамыту жөніндегі тапсырмасының орындалу барысымен танысу мақсатында осы жақында ғана Ақмола облысының əкімі Мəлік Мырзалиннің бастамасымен ашылған Ботай-Бурабай ашық аспан асты музейіне барды.

              

Осы жұмыстың басы-қасында жүрген Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Қуаныш Шақшақов халық қалаулысына бұл маңызды нысан жайлы әңгімелеп берді. «Шынында, ашық аспан астында көнеден сыр ақтаратын ескертіштерді қалай жинақтаған деп таң қаласың. Бұл туризм үшін сырттан адамдарды тартуға мол мүмкіндік туғызатыны анық. Сұлу табиғат тарихи тағылымымен де астасып жатса қандай ғанибет», - деп атап өтті мұражай директоры.

             

Мұнда әрісі 6 мың, берісі 4 мың жыл бұрынғы Қазақстан жеріндегі əлеуметтік-тұрмыстық өмір, қоғамдық құрылыс, шаруашылық жүргізу арнасы жайлы сыр шертіледі. Бұл өңірді туристер көп келетін орынға айналдырудың жолдары туралы əңгіме өрбіді.

             

«Ақ жол» парламенттік фракциясының депутаты бұл жөнінде өз ойларын ортаға салды. Туристік әлеуетті жақсарту жұмыстарын жандандыра түсу үшін жеке кәсіпкерлерді көбірек тарту да маңызды екені айтылды.

Сонымен қатар, М. Қазбекова үш жүздің басын қосқан Абылай ханның ақ ордасы тігілген Бурабайдың сұлу табиғат аясында орналасқан өлкетану музейінде де болып қайтты.

            

Мұнда 'Рухани жаңғыру'бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан шаралармен жан-жақты танысты. Өңірдің  хандық дәуірден бүгінгі күнге дейінгі тарихынан мол мағлұмат беретін 3 залдан тұратын бұл өңірлік тарихи-өлкетану музейінде көп құнды жәдігерлер қойылған екен. Әсіресе, Абылай хан заманы жайлы сыр шертетін тарихи деректер ерекше назар аудартады.

            

Музей қызметкерлерімен кездесіп, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жайлы əңгімелесті. Депутат музей басшылығына жекелеген мәселелерді шешуде көмектесетінін айтты.

Меруерт Айтқажықызы музейге құр қол келмеген екен. Атақты Абылайдың ақылшысы болған Қанай би және осы киелі өңір туралы жазылған сегіз кітапты сыйға тартты.