Кәсіпкерлікті қолдау - уақыт талабы
2018 жылғы 23 шілде, «Ақ жол» ҚДП Ақмола облыстық филиалы
Парламент Мәжілісінің депутаты Меруерт Қазбекова Ақмола облысындағы жұмыс сапарын Целиноград ауданында жалғастырды. Осында аудан әкімі Мәлгаждар Тәткеевпен кездесіп, пікір алмасты. Өңірдің даму жетістіктері жайлы сұрап білді.
Бұл өңір елордамен іргелес орналасқандықтан, экономикалық даму көрсеткіші қалыпты деуге болады.
Ақмолдағы басты шара - «Өңірдегі әйел бизнесмендердің әлеуетін көтеру» тақырыбында кездесу болды. Бұл басқосуға аудандағы әйел кәсіпкерлер қатысты. Парламент өкілімен облысқа танымал кәсіпкер, Көкшетау қалалық мәслихатының «Ақ жол» партиясынан депутаты Ғалымжан Копишев те бірге болды.
Жиын жолы жіңішке жандардың экономикалық белсенділігін арттыру мақсатында ақыл-кеңес беру тұрғысында өтті. Әркім өз бизнесі жайлы ойларын ортаға салды. Ал, Меруерт Қазбекова өз тәжірибесімен бөлісіп, кәсіпкерлік жолдың сыр-сипатын әңгімелеп берді.