25
Қазан

Санат жоқ 25.10.2018

«Ақ жол» депутаты Көкшетау мемлекеттік университетінің оқытушылар қауымы және студенттерімен кездесті

25 қазан 2018 жыл, «Ақ жол» ҚДП Ақмола облыстық филиалы

Елдің еңсесі қашан көтеріледі деген сауал әркімді толғандырады. Адамның табысы үстемеленіп, ауызы аққа тисе, рухани жағы осал түсіп жататынын жоққа шығармасақ керек. Елбасы өз Жолдауында осы екі сипатты да тең ұстау аса қажет екені аталып көрсетіледі. Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде өткен кездесуде осы мәселе кең талқыға түсті.

          

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Меруерт Қазбекова студенттер және оқытушылар қауымымен болған кездесуде Елбасы Жолдауының маңызын түсіндіріп берді. Көкшетаудағы жоғары оқу орындарының қара шаңырағы саналатын университетте жағымды жаңалық көп. Ол жайлы осы кездесу алдында ректор Марат Сырлыбаев әңгімелеп берген еді.

           

Проректор Аманай Сейітқасымов депутатпен кездесу шарасына төрағалық етті. Ал, баршаның алдында пікір алмасқан «Ақ жол» парламенттік фракциясының депутаты көбірек жұртты тыңдағанды жөн көрді. Жолдау жайлы ойын айтып болғасын, сауал тұрғысында сұхбаттасу өтті. Мұнда экономика, әлеуметтік мәселелер көтерілді. Оқытушылар өз мәртебелерінің де дұрыс шешім тапқанын ұсыныс ретінде жеткізді. Студенттер оқу бітіргеннен кейін жұмысқа орналасудың өз қиындығы бар екенін айтты. Себебі, мұнда «Серпін» бағдарламасымен оңтүстіктен келіп оқитын жастар өте көп. Аталған бағдарлама бойынша олар диплом алғасын осында қалуы тиіс. Бірақ, әртүрлі техникалық мамандықтарға сұраныстың көп еместігі де қолбайлау болып тұр.

           

Бұдан басқа да мәселелер күн тәртібінде әңгіме өзегіне айналды. Ең бастысы, Елбасы Жолдауы еңсені көтеретін істерге жетелесе деген пайым әркімді жақсы ойға қалдырды.