24
Қазан

Депутат Қазбекова ауыл тұрғындарымен кездесті

24 қазан 2018 жыл, «Ақ жол» ҚДП Ақмола облыстық филиалы

Елбасы Жолдауын насихаттау мақсатында Ақмола облысында іс сапармен жүрген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Меруерт Қазбекова Зеренді ауданына қарасты Алексеевка кентінің тұрғындарымен кездесіп, сұхбаттасты. Алдымен кент әкімі Қайрат Алхатов елді мекен тарихын,  қазіргі тыныс-тіршілігітуралы хабарлама жасады. Ауыл тұрғындарын толғандырған мәселелерді жіліктеп айтып берді.

           

Сөз алған Парламент өкілі Елбасы Жолдауының өміршең құжат екенін,  оның қайтарымы қандай болу керек деген сауал төңірегінде ой өрбітті. Әсіресе, ауыл халқының әл-ауқатын жақсарту жайын көбірек ауызға алды. Ең төменгі жалақыны және бюджеттік сала қызметкерлері еңбекақысын көтеру бағаның да шарықтауына жол бермеуі тиіс екенін атап көрсетті. Бұл Елбасының алға қойып отырған міндеті деді ол.

Доломит кенін өндіретін кеніші бар  елді мекен үшке бөлініп, үйлері де шашырай орналасқан екен. Кешегі кеңес заманында тұрғындар саны бес мың адамға дейін жеткен. Қазір екі мыңға жуық.

           

Ауыл адамдарын толғандырған мәселелер қатарында жолдың отыз жылдан бері күрделі жөндеу көрмеуі бар. Ал,  ауыз су да шешімін тапса деген ұсыныстар айтылды.

Денсаулық сақтау жайы да толғақты мәселе. Тіпті, ауыл тұрғындарын жиырма шақырым жердегі Көкшетау қаласының емханаларына бекіткені түсініксіз. Балтыр сыздаса қалаға келіп, кету оңай емес.

Халық қалаулысы бұл мәселелерді шешудің жолын қарастыруға ықпалдасатынын айтты. Осының бәрі бюджет қаражатына келіп тіреледі. Дегенмен,  алынбайтын қамал жоқ. Жоғары жаққа осы ұсыныстарды орайлы жеткізгенде ғана шешімін табатынын атап көрсетті.