14
Қараша

Санат жоқ 14.11.2018

Берік Дүйсембинов, «Ақ жол»: Мемлекеттік қызметте істеген, тәжірибелі, заңды бес саусақтай білетін, қалтасында басқа елдің төлқұжаты бар адам қай елдің сойылын соғары белгісіз

14 қараша 2018 жыл, «Ақ жол» ҚДП баспасөз қызметі
Мемлекеттік қызметте істеген, тәжірибелі, заңды бес саусақтай білетін, қалтасында басқа елдің төлқұжаты бар адам қай елдің сойылын соғары белгісіз – бұл туралы бүгін Парламентте өткен Мәжілістің пленарлық отырысында «Ақ жол» фракциясының депутаты Берік Дүйсембинов прокурор Қожамжаровтың, Ішкі істер министрі Қасымовтың және Әділет министрі Бекетаевтың атына арнайы сауал жолдады.

         
«Қарапайым азаматтардың белгілі бір материалдық мүддеге қызығып, мәселен, пенсия, әлеуметтік төлемдер, сол аздаған дүние үшін қос азаматтық алып, заң бұзғаны бір әңгіме. Ал, осы жауапкершілікті толығымен түсіне отырып, саналы түрде заң бұзған мемлекеттік қызметкерлердің әрекеттерін су ішкен құдығына түкіру, Қазақстанды отаным деп сезінбеу, қосмекенді бақа-шаянның қылығы деп түсінеміз», - деген Парламент депутаты елдегі қандастарымызға бір шешімге келіп, қай елдің азаматы болатындығын таңдайтын кез келгеніне назар аударды.
Естеріңізге сала кетейік, ақтөбелік адвокат Валерий Якубенконың 2000 жылы Ресей азаматтығын алғанын осы уақытқа дейін жасырып келгені анықталған еді. Онымен қоймай, аталмыш Ресей азаматы мемлекетпен кепілдендірілген заңды көмек көрсету аясында бюджеттен 5 миллион теңгеден астам қаржы алған. Адвокаттардың қызметіне кәсіби қадағалау жүргізудің орнына, Ақтөбе облыстық адвокаттар алқасының төрайымы, оның үстіне Валерий Якубенконың жұбайы, Раиса Якубенко, кәсіби заңгер ретінде заң бұзушылықты көре тұра, 18 жыл бойы осыған көз жұмып, өзі де заң бұзушылыққа тікелей қатысып келген. Кейін Әділет министрлігінің тікелей араласуының арқасында ғана Валерий Якубенко әкімшілік жазаға тартылып, лицензиясынан айырылған болатын.
«Ақжолдықтың» айтуынша, Әзірбайжанда қос азаматтық үшін қылмыстық жаза 2014 жылы енгізілген. Тіпті көршілес қырғыз елінде мемлекеттік қызметтегі адамдарды қос азаматтық үшін қылмыстық жазаға тарту мәселесі талқылану үстінде.
«Қытай заңнамасы да қос азаматтыққа қатаң қарайтындығы баршамызға мәлім. Қытай азаматтығынан шықпай, Қазақстанға көшіп келмекші болған қандастарымыздың басынан өтіп жатқан жағдайлар оған куә. Сыртқы істер министрлігінің 12 қос азаматтығы бар қытай қазақтарын тұтқыннан босатып алу үшін қыруар күш жұмсағанын да өздеріңіз білесіздер», - дей келе депутат осы мәселені «Ақ жол» партиясының делегациясы былтыр Бейжінде ең жоғарғы деңгейде көтергенін жеткізді.
«Көптеген елдерде сол елдің азаматтығын қабылдау кезінде ант беру рәсімі қарастырылған. Мысалы, Америка Құрама Штаттарында азаматтық алу үшін берілетін антта «Мен осы күнге дейін азамат болған кез келген мемлекетке адалдықтан мүлдем бас тартамын, қолыма қару алып Құрама Штаттар жағында шайқасамын» деген сөздер бар. Осындай сөздерден кейін, шетелдік азаматтығы бар адам қалайша Елімізге қызмет етеді, Ата заңымызды місе тұтып, отандастарының көзіне қалай қарайды?
Мемлекеттік қызметте істеген, тәжірибелі, заңды бес саусақтай білетін, қалтасында басқа елдің төлқұжаты бар адам қай елдің сойылын соғары белгісіз», - деп ол өз сөзін түйіндеді.
Осы орайда, «Ақ жол» фракциясы Үкіметтен мемлекеттік қызметкерлердің қос азаматтығы бар-жоқтығына тиісті тексеру жүргізуді, Қазақстан паспортын алған кезде Қазақстан азаматының ант беру мәтіні мен рәсімін заңмен бекітуді және жоғарыда аталған тұлғалардың қос азаматтығы үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізу мүмкіндігін қарастыруды сұрады.