14 желтоқсан 2018 жыл, «Ақ жол» ҚДП баспасөз қызметі
13 желтоқсан күні Астана қаласында «Ақ жол» партиясының XIV кезектен тыс Құрылтайы өтті. Құрылтайда партия мен оның парламенттік фракциясының 2018 жылғы атқарылған жұмыстары қорытындыланды.
Жиынға партия төрағасы Азат Перуашев, Орталық Кеңес Президиумының мүшелері, Парламент Мәжілісінің депутаттары, аймақтық филиал төрағалары және өңірлерден келген 100-ге жуық арнайы делегаттар қатысты.
Съездің күн тәртібіне сәйкес Құрылтайда бірқатар шешімдер қабылданды. Партиялық тізім бойынша барлық деңгейдегі мәслихаттардың депутаттығына кандидаттарды ұсыну тәртібі жөнінде және мандаттарды үлестіру туралы Жарғыға өзгертулер енгізіліп, бірауыздан бекітілді.
Сонымен қатар, Орталық Кеңестің, партиялық бақылау-тексеру комиссиясының жаңа құрамы мақұлданды. Кәсіпкер, партияның белді мүшесі Дмитрий Васильев партия төрағасының орынбасары, «Ақ жол» ҚДП-ның аймақтық бөлім директоры Асылхан Қожахметов Орталық кеңестің хатшысы болып сайланды.
Съездің алғашқы бөлімінде «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев мемлекеттік марапатқа ие болған «ақжолдықтарға» және Алаш мұрасын баспасөзде белсенді түрде насихаттап, осы тақырыпта көлемді материалдар жазып жүрген журналистерге арнайы дипломдар мен сертификат табыс етті.
Мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі үшін бірқатар «ақжолдықтар» Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапатталды. «Парасат» орденімен белгілі ақын, партия төрағасының орынбасары Қазыбек Иса, «Құрмет» орденімен Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Асан Қошмамбетов, «Алтай» газетінің бас редакторы Рахат Омаров, «Ерен еңбегі үшін» медалімен Солтүстік Қазақстан облыстық партия кеңесінің мүшесі Евгений Кинцель марапатталды.
Сондай-ақ, «Қазақстан» ұлттық телеарнасы дирекциясының бас редакторы Қайнар Олжай, «Жас Алаш» газетінің бас редакторының орынбасары Оралхан Дәуіт, «Қамшы.кз» ақпараттық агенттігінің PR-директоры Жазира Байдалы және «Абай.kz» ақпараттық ұлттық порталының шеф-редакторы Нұргелді Әбдіғаниұлы Алаш идеясын баспасөзде насихаттағаны үшін арнайы сыйлықтар мен «Алаштың Ақ жолы» медалімен марапатталды.