Кәсіпкерлердің айтары бар – Депутат «Атамекен» ұлттық палатасының облыстық филиалымен кездесті
6 ақпан 2019 жыл, «Ақ жол» ҚДП Ақмола облыстық филиалы
Парламенті Мәжілісінің депутаты Меруерт Қазбекова өзінің кезекті кездесуін «Атамекен» ҰКП Ақмола облыстық филиалында өткізді. Бұл жиынға прокуратура, антимонополиялық комитет, қоғамдық бірлестіктер, коммуналдық кәсіпорындар, кәсіпкерлер және монополиялық мекемелер өкілдері қатысты.
Халық қалаулысы Елбасының коммуналдық қызметте бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету, негізсіз бағаны жоғарылатудың болмауын тексеру мәселесіне назар аударды. Өңірде жылу және су бағасында біршама тарифтің төмендегені байқалып, ал электр энергиясындағы бағаның өкінішке орай азаймай отырғаны әңгіме өзегіне айналды. Әсіресе, бизнестің адымын аштырмайтын тұстары тереңірек қозғалды.
Ішкі нарықты қамтамасыз ету, монополиялық мекемелердің негізсіз тарифтерді көтеруі және тағы басқа мәселелер жайлы ойлар ортаға салынды. Әсіресе, электр энергиясы, жылу және су бағасында тарифтердің бағасындағы негізсіз баға көтерудің бар екендігі жөнінде мәселелер депутатпен өткір қойылып, монополияға қарсы комитет өкілдеріне сұрақтар қойылды. Прокуратура өкілдері аталған мәселеде тексерістердің жүргізіліп, электр энергиясы тарифі бойынша мәселе сотқа берілгенін атап көрсетті.
Кездесу кезінде кәсіпкерлер өздерін толғандырған мәселелермен де бөлісті. Оны шешудің жолдарын қарастырып, депутаттың да бұған бей-жай қарамауын өтініп сұрады.
Жалпы, бұл жолғы кездесу мазмұнды өтті. Кәсіпкерлер де Парламент өкілінің өздерімен еркін әңгіме құрып, пікір алмасқанына риза болып тарқасты.