Ерлан Барлыбаев «АлматыЭнергоСбыт» ЖШС ұжымы және «Алматы су» мемлекеттік мекеме қызметкерлерімен кездесті
6 ақпан 2019 жыл, «Ақ жол» партиясының Алматы қалалық филиалы
Ерлан Барлыбаев «АлматыЭнергоСбыт» ЖШС ұжымы және «Алматы су» мемлекеттік мекеме қызметкерлерімен кездесті. Бұл шараға «Ақ жол» партиясы Алматы қалалық филиалының жетекшісі Нұрлан Жазылбеков және оның орынбасары Ерлан Ақжол қатысты.
Энергетиктер депутатқа мекеме жұмысы жайында баяндап, қызмет барысында кездесетін кейбір мәселелер туралы айтып берді. Олардың айтуынша, мекеменің басты мақсаты – тұтынушыны сапалы әрі сенімді электр қуатымен жабдықтау. Бірақ жұмыс сапасына қарамастан мекеме 2018 жылдан бері ақша жинау мәселесінде іркіліс болып, тұтынушылар қарызға бата бастаған.
«2017 жылы тұтынушыларға арналған Үлгі шартқа өзгертулер енгізілді. Бұған сәйкес, біз тұтынушыға жазбаша берілген ескертуден соң 30 (отыз) күнтізбелік күннен кейін ғана электр қуатынан өшіре аламыз. Тұтынушы «ескерту алдым» деген хабарландырудан бас тарту әрекетін көбейтті, сөйтіп энергия жабдықтау компанияларын қарызы бар тұтынушыларды энергиядан шектеу жұмысын жүргізуге кедергі келтіріп отыр. Нәтижесінде бұл дебиторлық қарыздың өсуіне алып келіп соқты»,- дейді «АлматыЭнергоСбыт» мекеме маманы Михаил Гамбургер.
Алматылық энергетиктердің пікірінше, тұтынушыларға арналған Үлгі шартқа өзгеріс енгізу керек.
Энергетиктермен болған кездесуден кейін Ерлан Барлыбаев өз серіктестерімен «Алматы су» коммуналдық мекеме қызметкерлерімен кездесті.
«Алматы су» мекемесі 2008 жылы құрылған. Бүгінгі таңда 1,5 миллион халыққа қызмет көрсетіп, сумен қамтамасыз етіп отыр.
Бұл мекеменің жетекші мамандары осы салада қордаланған мәселелерді айтып берді. Оны мамандар көп жылдан бері заңнамалық негізде шеше алмай келе жатқанын жеткізді.
«Алматы су» мекемесі директорының орынбасары Нуриддин Жарболовтың айтуынша, бүгінгі таңда құбырлардың 74%-ы тозған, жергілікті билік өкілдері тарифты көтеруге рұқсат бермейді, салық көлемі әрдайым өсіп келеді.
Ерлан Барлыбаев айтылған мәселелер фракция назарына алынып, депутаттар жұмысы барысында ескерілетінін жеткізді.