|
Назар аударыңыз! «Ақ жол» демократиялық партиясы 2019 жылғы «ХХI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» Жалпыұлттық Байқауын жариялайды
«XXI ҒАСЫРДАҒЫ АЛАШТЫҢ АҚ ЖОЛЫ» ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ БАЙҚАУЫ Байқаудың басты мақсаты – Алаш қозғалысының саяси тәжірибесін, экономикалық ұстанымын және рухани мұрасын қазіргі Қазақстан қоғамын жаңғырту контексінде зерделеу мен насихаттау. Байқауға Алаш қозғалысы тақырыбында зерттеулермен айналысып жүрген 18-35 жас аралығындағы Қазақстан және шетел азаматтары өздерінің жұмыстарымен (алғашқы үш номинация – авторлық мақала немесе эссе, төртінші номинация – БАҚ өнімі) қатыса алады. Байқау жұмыстары қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қабылданады. Байқау келесі төрт номинация бойынша өткізіледі: 1. Алаш қайраткерлерінің мемлекеттілік туралы идеяларының қазіргі Қазақстан қоғамы үшін өзектілігі мен маңыздылығы: - Алаш және парламентаризм; - Алаш және дипломатия; - Алаш және саяси партиялар; - Алаш және мемлекетті басқару формасы; - Алаш және демократиялық құндылықтар, - Алаш және құқықтық сана, т.б. 2. Алаш ұстанымы және бүгінгі ұлттық экономика мен әлеуметтік саланы жетілдіру мәселелері: - Алаш қайраткерлерінің көшпелі және отырықшы шаруашылық туралы пікірталастары; - Қазақстанның шикізат қоры және өнеркәсіпті дамыту; - Алаш және еңбек қоғамын қалыптасыру; - Алаш және нарық; - Алаш және салық мәселесі, т.б. 3. Ұлы Дала жетістіктерін зерделеудегі Алаштың рухани мұрасының орны: - Алаш қайраткерлерінің түркі әлемінің генезисі туралы зерттеулері; - Алаш қаламгерлері шығармашылындағы «Алтай», «Түркістан», т.б. киелі ұғымдардың бейнесі; - Алаш және мәдени код; - Алаш идеялары және ұлттық бренд, т.б. БАҚ журналистері үшін арнайы номинация 4. Бүгінгі заман контексіндегі Алаш: - Публицистік мақалалар; - Деректі фильмдер; - Хабарлар; - Репортаждар; - Журналистік зерттеулер; - Сұхбаттар; - Ток-шоу шығарылымы. Байқау үш кезеңнен тұрады: 1-кезеңде Байқауға келіп түскен жұмыстарға қазылар алқасы сараптама жасап, іріктеуден өткізеді. Әр номинация бойынша үздік 10 (барлығы – 40) жұмыс екінші кезеңге жіберіледі. 2-кезеңде үздік 40 жұмыстың авторлары тақырыбы бойынша баяндама жасап, өз номинациясындағы қарсылас үміткерлермен пікірталасқа түседі. Сұрақ-жауап және талқылау түрінде болатын бұл кезең «Ақ жол» ҚДП белгілеген қалада өткізіліп, әр номинциядан үздік үш (барлығы 12) қатысушы ақтық сынға жолдама алады. 3-кезең Алашорда үкіметінің құрылған күні қарсаңында, желтоқсан айында Нұр-Сұлтан қаласында өткізіледі. Байқаудың ақтық сынына қатысушылар өз жұмыстарын қорғап, қазылар алқасының шешімімен жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталады. Байқау шарттары: 1. Жұмыс бір адамның (жеке үміткердің) атынан және өзі көрсеткен номинация бойынша ұсынылады; 2. Жұмыста Алаш қайраткерлері көзқарастарының бүгінгі дәуірмен сабақтастығы міндетті түрде қамтылуы тиіс; 3. Плагиатқа (басқа авторлардың дайын жұмыстарын көшіріп ұсынуға) жол берілмейді; 4. Шығарма бастақырыбының оның мазмұнына сәйкес келгені және тапқыр да жинақы қойылғаны мақұлданады; 5. Жұмыста сілтеме жасалған дереккөздер дәл, нақты және шынайы болуы қажет; 6. Талапқа сай безендірілмеген және мерзімінен кеш жолданған жұмыстар қабылданбайды. 7. Осыған дейінгі жеңімпаздар Байқауға қатыса алмайды. Мақаланы (эссені) рәсімдеу талаптары (алғашқы үш номинация үшін): Мәтін 14 өлшемді Times New Roman қарпімен теріледі; жоларалық интервал – 1; абзац шегінісі – 1,25 см; беттің оң жағынан – 3 см, үстіңгі және астыңғы жағынан – 2 см, сол жағынан 1,5 см кеңістік қалдырылады. Байқауға қатысу туралы өтініште жұмыс авторының толық аты-жөні, туған жылы, тұрғылықты мекен-жайы, қызмет (оқу) орны, ғылыми дәрежесі (бар болса), ұялы байланыс телефоны мен электронды поштасы толық көрсетіледі. Мақаланың (эссенің) көлемі 10 беттен аспауы тиіс. Байқауға ұсынылатын жұмыстар 2019 жылдың 1 қазанына дейін қабылданады. Байқаудың жүлде қоры – 4 миллион теңге. Ол келесі тәртіп бойынша бөлінеді: 2-кезеңге жолдама алған үміткерлердің әрқайсысына (ақтық сынға өтетін 12 қатысушыдан басқасына) 25 мың теңгеден қаржылай сыйлық беріледі. Ақтық сайыс қорытындысы бойынша номинацияның жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне берілетін қаржылай сыйлық көлемі: Бірінші орын – 300 000 (үш жүз мың) теңге; Екінші орын – 200 000 (екі жүз мың) теңге; Үшінші орын – 100 000 (жүз мың) теңге. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге Жалпыұлттық «Алаштың Ақ жолы байқауының лауреаты» төсбелгісі табысталады. Байқау жеңімпаздары (1-орын) мен жүлдегерлерінің (2,3-орындар) мақалалары жеке жинақ түрінде жарық көреді. Байқаудың 2 және 3-кезеңдеріне қатысушылардың іссапар және жатын орын шығындары «Ақ жол» ҚДП тарапынан төленеді. Байқау жұмыстары «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» белгісімен «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы Орталық аппаратының мекен-жайына (Нұр-Сұлтан қаласы, Мәңгілік ел, 30, «Ақ жол» ҚДП кеңсесіне) немесе alash_akzhol@mail.ru; akzholpress@mail.ru электрондық поштасына жолданады. |