08
Шілде

Санат жоқ 08.07.2014

Парламент мәжілісінің депутаты Нұрлан Жазылбеков пен Орталық Кеңестің Хатшысы Әбдіразақ Сұлтанов Жезқазған өңіріне жұмыс сапарымен келді

2014 жылдың  8 шілдесі, «Ақ жол» ҚДП баспасөз қызметі
Депутат  Нұрлан Жазылбеков және Орталық Кеңестің  хатшысы Әбдіразақ Сұлтанов  «Қазақмыс» корпорациясындағы өндіріс нысандарын аралады. Шығыс-Жезқазған руднигі, №57 шахтасына барып жер астына түсті. Жер астындағы жұмыстарын жүргізіп жатқан кеншілердің жұмыстарын көзімен көріп танысты. Шахта басшылығымен кездескен кезде депутат  Нұрлан Жазылбеков:  «Шахта басшылығы өз жұмыскерлерінің жағдайын және үнемі мұң-мұқтажын біліп жүрулері қажет, сол кез­де ғана ұжымда ауызбіршілік орнайды. Бұл жұмыс берушілерге де, жұмыс­шы­лар­ға да, толықтай біздің қоғам үшін де тиімді болмақ,» – деді. Шахта кеншілерімен кездесу барысында жер асты жұмыстарына қажетті өнеркәсіптік қауіпсіздікті сақтау жайында да көп мәселелер қозғалды.
Халық қалаулысы «Жезқазған-Бейнеу» темір жолының құрылысының объектілеріне ат басын бұрып келді. Бұл жолдың жалпы ұзындығы 988 шақырымды құрайды. Темір жолдың инфрақұрылысын жүргізетін «Базис-А» ЖШС Жезқазған қаласы жанында 64 тұрғын үй мен қосымша нысандар салмақшы. «Жол жөндеу» ЖШС тікелей темір жол құрылысы жұмыстарымен айналысады. Екі серіктестік бойынша 1000-ға тарта адамды жұмысқа қабылдау көзделген. Дені – жергілікті тұрғындар. Құрылыс жұмыстарын 36 айда аяқтау жоспарланған. Желісі Абай, Атанши елді мекендері жанынан өтіп, Жезқазғанға ұласады. Келешекте Сексеуіл станциясы тораптық станцияға ауысып, қосымша қызметтер мен тасымалдауды үзбей жүргізу мақсатында инфрақұрылым қызметтері дамитын болады. Аталмыш жобаның іске асырылуы аймақтың дамуына серпінді күш беретіні анық. Сонымен қатар жүк айналымының еселеп өсуіне байланысты көліктік-логистикалық орталық салу межеленуде. Депутат кездесуге жиналған жұмысшыларға бұл мемлекеттік деңгейдегі құрылыстың  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен және бақылауымен жүзеге асырылып жатқанын айтты.
2012 жылы Жезқазған қаласында «Ютария ЛТД» ЖШС-ның тігін өндірісін жетілдіру жобасы іске қосылған болатын. Бұл өндірісте бүгінгі күнге дейін 317,3 дана тігін бұйымдары тігілді. Өткен жылдың ақпан айында көлемі 1 га жылыжай(теплицалар) шаруашылығы пайдалануға берілді. Бүгінде одан өнім алынуда. Жылдық жобалық қуаты 500 тонна көкініс, 100 мың түп гүл өсіру жоспарланып отыр. Өндіріс объектілерін аралап келген депутат тігін фабрикасында болды. Мекеме ұжымымен кездескен кезде Нұрлан Жазылбеков:  «Міне, Елбасының осындай шынайы қолдауының арқасында сіздердің өңірлеріңізде де үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы табысты жүргізілуде. Оған айғақ «Ютария ЛТД» ЖШС -нің бүгінгі атқарып отырған жұмыстарынан көруге болады» -деді.
ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Нұрлан Жазылбеков пен Орталық  Кеңестің хатшысы Әбдіразақ Сұлтанов  «Ақ жол» ҚДП Жезқазған қаласының филиалы белсенділерімен кездесті. Жезқазған қаласы тұрғындарымен де кездескен кезде бір сағат уақыт тауып «қоғамдық қабылдау» өткізді. Жағдайларын айтып келген бірнеше адамдардың түйінді мәселелеріне дер кезінде жауап тауып, депутат бірден шешіп беруге тырысты. Ақырында кездесуге жиналған қалың жұрт «ақжолдық» депутаттарға  алғыстарын айтып тарқады.