29 қазан 2013 жыл, Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясының баспасөз қызметі
А.ж. 24 қыркүйегіндегі бірлескен мәлімдеменің шарттарына сәйкес «Ақ жол» партиясы Тұрғын-үй құрылыс жинақ банкінің жұмысын жетілдіру жөнінде ұсыныстар дайындады – тиісті хат «Байтерек» ұлттық басқарушыхолдингінің атына жіберілді. ҚДП және оның парламенттік фракциясының депутаттары Банк қызметінің қолданыстағы бағыттары бойынша бірқатар мәселелерді қайта қарау қажет деп есептейді, олардың ішінде:
1. Банк объектілерді пайдалануға беру мерзімінің бұзылу мәселесіне байланысты сырттай бақылаушы ұстанымын ұстанбауы тиіс, себебі «Қол жетімді тұрғын үй - 2020» Бағдарламасын іске асыру тұрғын үй объектілерінің құрылыс қарқынына тікелей байланысты.
2. Тұрғындарға заем берудің шарттарын қайта қарау қажет. Банк бюджеттік қаржыдан жылдық 1% мөлшерлемесі бойынша сомасы 12,2 млрд. теңге алды, а.ж. 1 қыркүйегіне оның 2,5 млрд. теңгеден астамы (немесе 27,1 %) игерілді. Бағдарламаға қатысуға тілек білдіруші тұлғалардың басым көпшілігі жалғыз күн көріс көзі мемлекеттік жәрдемақы мен төлемдер болып табылатын тұрғындардың әлеуметтік аз қамтылған тобына (мүгедектер, зейнеткерлер, ҰОС ардагерлері, балалар үйінің бітірушілері, көп балалы отбасылар, жалғыз басты аналар және т.б. ) жатады. Шындығында, бұл категориялардағы тұлғалардың жеткілікті табысы жоқ және ұсынылып отырған талаптарға төлеу қабілеттілігі сәйкес келмейді. Ал жеңілдіктердің жоқтығы –тұрғындардың жеке тобына өздерінің баспана жағдайын жақсартуға кедергі келтіріп отырған тағы бір жағдай.
3. Жеке көрсетілетін қызметтер үшін төлемдердің мөлшері де қайта қарауды талап етеді. Өтініштерді қабылдағаны үшін (алайда өтініш автоматты түрде толтырылады) 5000 теңге мөлшерінде комиссиялық төлем алынады, тұрғын-үй құрылыс жинақ ақшасы туралы Шартты жасау үшін Шарт сомасының – 0,55 %-ы мөлшерінде комиссиялық төлем (яғни, пәтердің құны 7 млн. теңге болғанда, комиссия – 38 мың теңгеден артық). Сонымен қатар, егер тапсырыскер тұрғын-үй сатып алушылар тізіміне кірмей қалса, Шарт жасағыны және өтініш бергені үшін төленген комиссиялық төлемдері қайтарылмайды. Оған қайтадан пулға қатысу үшін тағы да барлық рәсімдерді өтіп және комиссиялық төлемдерді төлеуі қажет.
Заемды беруді ұйымдастыру үшін алынатын комиссиялық төлем, заем сомасының 1%-ын құрайтын (ең төменгісі 15 000 теңге, ең жоғарғысы 100 000 теңге) комиссиялық төлемдердің жоғарғысы болып табылады.
4. Банке депозиттердің кірісін көтеру үшін тарифтік саясатты оңтайландыру қажет: жылдық 2% мөлшеріндегі пайыздық мөлшерлеме ЕДБ депозиттерінің 11 %-ға жететін мөлшерлемесімен бәсекелесетін жағдайда емес. 66 266 салымшының бастамасымен бұзылған ТҚЖА туралы шарт бұған дәлел болып табылады, бұл барлық жасалған шарттың 15 %-ын құрайды.
Заңнамалық деңгейде, осы механизмнің идеясының өзіне қарама-қайшы келетін шектеулер қойылған. Мәселен, үй құрылысы жинақ ақшасын жинақтайтын ең қысқа кезең өткенше ТҚЖА туралы шарт бұзылған жағдайда, салымшы төленген мемлекеттің сыйақы сомасын қайтаруға міндетті. Көрсетілген шектеуді жою, салымшыларға кейбір жағдайларда инфляциялық ауыртпалықтың әсерінен жиналған ақшасын сақтап қалуға мүмкіндік береді.
5. Қаражат шығындарының тиімділігін призма арқылы қараумен, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырудың нәтижелерін есепке ала отырып, басшыларға сыйлықақы беру тәсілдемелерін қайта қарау қажет, себебі Банк, негізінде мемлекеттік болып табылады. Банк қызметкерлерінің және басшыларының атына сыбайлас жемқорлықтық айыптауларды, сондай-ақ өз қызмет бабын асыра пайдаланды деген оқиғаларды болдырмас үшін, Банктің басшы қызметкерлерінің және олардың туысқандарының ортасында тұрғын үйді бөлу жөнінде кейбір шектеулерді белгілеу маңызды.
6. Тұрғындарды несеилендірудің арнайы мөлшерлемелерін қолдану туралы ақпараттандыру бойынша Банк жүргізіп отырған жұмыс эпизоттық сипат алып отыр. Банктің маркетингілік стратегиясы тұрғындарды Бағдарлама және оның шарттары туралы тұрақты түрде ақпараттандырып отыру мақсатында кең көлемді қамтуға бағытталуы тиіс.
7. Банкте қосарланған стандарттар саясаты орын алып отыр: сыйлықақы мөлшерлемесін төмендету жаңа жасалған шарттарға ғана қатысты қаралады және бұрын жасалған шарттарға күші болмайды. Бұл жағдайда, шегерімдер құқығына байланысты салымшылардың мүдделеріне нұқсан келтіретін ереже жаңа тәртіп қабылданғанға дейінгі жасалған шарттарға қолданылады.
2012 жылдан бастап мемлекеттен тұрғын үй заемдары жөніндегі жылдық 1% мөлшерлемесі бойынша сыйлықақы мөлшерлемесін төмендетуге 25 млрд. теңге бөлінді. Соның өзінде, Банк 01.01.2013-тен бастап мөлшерлемелерді бар жоғы 0,5-2 %-ға төмендетті. Заем бойынша сыйлықақы мөлшерлемесін төмендету осы мөлшерлемелерді төмендету туралы шешім қабылданғаннан бұрын жасалған шарттарға күші болмайды. Сондықтан, мөлшерлемені өзгертуге дейін несие алған 50 мыңға жуық азамат, шартты кейін жасағандармен салыстырғанда тең емес жағдайда қалып отыр. Оның үстіне, мөлшерлемелерді төмендетумен қатар банктің кейбір комиссиялық алымдарының құны көтерілді.
Бұрында депозит бойынша құқықтары мен міндеттерін үшінші тұлғаның пайдасына берген кезде, Тәртіп бойынша баллдар жиынтығын есептегенде ескерілген олардың ақша жинақтау мерзімін (бастапқы салымшының) сақтауға мүмкіндік берілген. 2012 жылғы 4 маусымдағы Директорлар кеңесінің шешімімен тұрғын-үйді бөлудің жаңа тәртібі бекітілген, онда баллдардың жиынтығын есептеген кезде қайта табыстаушыға ақша жинақтау мерзімін есептеуді алып тастады. Бұл көп жылдық еңбектің нәтижесінде салымдарды қайта табыстау, оның ішінде – тегін беру (туыстарынан) бойынша алған салымшылардың құқықтарына нұқсан келтіреді. Шарт бойынша құқықтарын беру рәсімінің өзі күрделі, мысалы Астаналық филиалда қайта беруді айына 1 рет алдын-ала жазылу бойынша жүргізеді.
Тәртіптің қолданылуын, осы Тәртіп қолданысқа енгізілген күннен бастап пайда болған құқықтық қатынастарға, яғни 2013 жылдан бастап тарату қажет, бұл ретте Тәртіптің кері күші болмауы тиіс.
8. Тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін қажетті 50 % сомасы бар, немесе осы 50 %-ды мерзімінен бұрын жинаған клиенттер аралық тұрғын үй заемын пайдалануы мүмкін. Алайда Банк, қажетті сомадан қалған 50 % мөлшеріндегі заемды берудің орнына, заемды ресімдейді және тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін қажетті барлық 100 % сомаға әртүрлі комиссия төлемдерін төлеуді талап етеді. Ал төленген/жиналған қор, аралық тұрғын үй заемын пайдаланған уақытқа заем бойынша қамтамасыз ету болып табылады. Жиналған ақшаға Банктен жылдық 2 % мөлшерлемесі бойынша сыйлықақы және көтермеленетін салым сомасынан 20 % мөлшеріндегі, 200 ең төменгі есептік көрсеткіштен көп емес мемлекеттің сыйлықақысы есептелінеді. Егер де осы кезең ішінде басқа банктерден бұдан да жоғарырақ пайызбен депозит ресімдеуге болса, бірнеше жылдар бойы 2 % мөлшерлемесі бойынша оларды жинау не үшін қажет болды? Және не үшін барлық сомадан комиссиялық төлемдер алынады?
9. Несиені алдын ала өтеу үшін айыппұл санкциясы қарастырылған. Ауыртпалық түскендерге депозит есебінен мезгілінен бұрын ішінара өтеу де қарастырылмаған.
10. Кепілдік мүлікті тәуелсіз бағалау есепке алынбайды. Аралық тұрғын үй заемының 70 %-ын қамтамасыз ету үшін, іс жүзінде Несие/Кепіл мәні жеткілікті болғанның өзінде Банк анағұрлым аз сома береді. Қолданыстағы заңнамаларға қарамастан, ол өзінің әрекетін жеке кепілдік мүлікті бағалау қызметінің бар екеніне негіздейді. Тәуелсіз және банктік бағалау арасындағы қалыптасқан айырмашылық заңсыз түрде Банктің кепілдігінде тұр.
11. Банктегі қызмет көрсету деңгейі қызмет көрсетудің заманауи стандарттарының сапасына сай келмейді - салымшылар өздерінің кезегін сағаттап күтеді.
12. Бағдарламаға қатысушыларға ұсынылған негізгі критерилерге отырықшылық шектелімді қосу (соңғы екі жыл ішінде елді мекендерде өтініш бергендерді тіркеу) тұрғын үйге деген қолжетімділікке сәйкес келмейді, себебі тұрғындардың бір бөлігі баспанасының жоқ болуына байланысты тіркеусіз тұрып жатыр.
13. Пулға қатысуға тапсырыс, пулда көрсетілген ғимараттың жалпы кешеніне емес, нақты объект – үй салуға беріледі. Барлық пулдың қорытындысы бойынша жоғары балл жинаған қатысушылар, алайда нақты алған объект – үй салуға төмен, бірақ сол пулда басқа объектіге қатысуға тапсырыс бере алмайды.
14. Бағалау көрсеткіштері және балл беру жүйелерінің арасындағы өзара байланыс зерттелмеген: салымшылардың көбісінің бағалау көрсеткіштерінде айтарлықтай айырмашылық болғанның өзінде, баллдарының саны бірдей. Өтініш берушілерге берілген баллдардың саны бірдей болғанда, Банкте өтініші ертерек тіркелген салымшыға басымдылық беріледі. Ал өтінішті рәсімдеу бойынша уақыт айырмашылығы 10 минутты ғана құрайды. Пулға қатысушылардың әрқайсысына жеке нөмір беріледі, онымен ол Банк сайтында алған балл санымен таныса алады. Нөмірдің астында қатысушылардың анкеталық мәліметтері жасырылған. Бұл жағдай адамдық фактор бар болғандықтан, даулы жағдайларда аты-жөнін немесе өтінішті тіркеу күнін өзгертуге мүмкіндік береді. Балл беру адымын жеңілдету, сондай-ақ өтінішті электронды түрде қабылдау көрсетілген мәселені шешуші еді.
«Ақ жол» ҚДП Парламенттік фракциясы сайлауалды тұғырнамасын іске асыруды және сайлаушылардың аманаты бойынша жұмысын жалғастыра береді.