«Ақ жолдың» «Алаш» жөніндегі биылғы байқауы ақтық мәресіне шықты
«Ақ жол» демократиялық партиясының баспасөз қызметі, 2-ші қазан 2013 ж.
Қазақстанның«Ақ жол» демократиялық партиясы, былтыр, 2012 жылдың 23 қарашасында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық университетінің қолдауыменАлаш қозғалысының 95 жылдығына арнап, «ХХ1 ғасырда Қазақстан қоғамын жаңғыртудағы «Алаш» қозғалысы идеяларының өзектілігі» атты ұлттық ғылыми-практикалық конференция өткізген болатын. Ол өзінің діттеген жерінен шығып, алға қойған мақсатын орындады. Ең бастысы - «Алаш» көшбасшылары ұстанымдарының ұлтпен бірге өмір сүретін тұжырымдамалық мағынасы бар екендігін конференцияға қатысушылардың әрқайсысы сезініп, Алаш қозғалысының бостандық пен тәуелсіздік мұраттары үшін күрестегі рөлі мен маңызын жаңа заманның талаптарына сәйкес одан әрі терең зерттеуді жаңа серпінмен жалғастырудың қажеттілігіне күмән тудырған ешкім болған жоқ. Конференцияда жасалған мазмұнды, ғылыми негізделген баяндамалар тарихшылардың, саясаткерлердің, саясаттанушылардың, әлеумет, қоғамтанушылардың, жас ғалымдар мен студенттердің тағы басқалардың назарына ілігіп, болашақ зерттеулерге, ғылыми ізденістерге көмегі тисе деген ниетпен конференция материалдары ғылыми жинақ етіп шығарылды. Оған сондай-ақ осы конференцияның жаңғырығымен одан кейін Алматыда, басқа да өңірлерде өткен шаралардың материалдары, «Ақ жол» депутаттарының Алашқа қатысты Үкіметке жолдаған сауалдары мен оларға берілген жауаптары, аталған конференцияда Партия төрағасы Азат Перуашевтің қабылдаған шешімімен дәстүрлі түрде жыл сайын өтіп тұратын «ХХ1 ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» атты Жалпыұлттық байқаудың шарттарының мәтіні енгізіліп, кітаптың тұсаукесерлері Астанада, Ақтөбе, Шымкент қалаларында жасалды.
«Ақ жол» партиясының «Алаш» қозғалысының 100 жылдығын еліміздің өміріндегі тарихи заманалық аса маңызы бар оқиға ретінде бағалап, Үкіметті, Парламентті, басқа да мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдарды оның дайындығына уақытты созбай бірден кірісуге шақырғаны белгілі. Алаш идеяларын көпшілікке, әсіресе жас ұрпаққа таратуға қолдан келгенше үлесін қосуға ұмтылған «Ақ жол» партиясы өз тарапынан басқаларға үлгі көрсете отырып, Алашорданың (алаш үкіметінің) 2017 жылғы 100 жылдық мерейтойына арналған жүйелі шараларының беташарын осылайша бастап та кеткен-ді.
«Ақ жол» ҚДП фракциясының 2013 жылдың 1-ші қазанында фракция жетекшісі А.Т.Перуашевтің төрағалығымен он-лайн режімінде барлық филиалдардың қатысуымен өткен кеңейтілген отырысында «Ақ жолдың» «Алаш» жөніндегі биылғы байқауының ақтық белестері туралы» мәселе талқыланды. Онда партияның Орталық кеңесінің идеологиялық жұмыс бойынша хатшысы Сәбит Байдалы байқауға жұмыс қабылдау тоқтатылғанын хабарлады. Байқауға қатысуға түскен 60-қа жуық жұмыс Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің алаштанушы жетекші ғалымдарынан құрылған Қазылар алқасына екінші кезеңге өтетін жұмыстарды іріктеп алу үшін тапсырылды. Ол қазанның 10-ында «ХХ1 ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» Жалпыұлттық байқауының бірінші номинациясы: «Алаш» қозғалысы қайраткерлерінің мемлекет құрылысына және демократиялық құндылықтарға көзқарасы, олардың қазіргі заманғы Қазақстан үшін өзектілігі» тақырыбы бойынша келесі кезеңге өтетін жұмыстарды анықтап, өздерінің шешімдерін береді. Жалпыұлттық байқаудың үміткерлер бетпе-бет кездесетін екінші кезеңі алашордалықтардың таңдауы түсіп, кезінде Алаш қаласы атанған Семейде қазанның 19-ында басталатын болып шешілді.
Байқаудың 2-ші номинациясы: «Алаш қозғалысы қайраткерлерінің экономикалық көзқарастары, олардың қазіргі заманғы Қазақстан үшін өзектілігі» тақырыбы бойынша Орал қаласында қарашаның 2-інде, 3-ші номинация: «Алаш» көшбасшылары жұмыстарындағы қазақстандық қоғамның әлеуметтік жаңғыруы, еуропалық жолмен дамуы мәселелері және олардың қазіргі заманғы Қазақстан үшін өзектілігі» тақырыбымен Алматыда қарашаның 16-сында өткізілетін болды. 4-ші номинация: «Бұқаралық ақпарат құралдарында ағымдағы жылда жарияланған жоғарыда аталған кез-келген тақырыптар бойынша үздік публицистикалық материал» бойынша Шымкентте қарашаның 30-ында өтетін болып жоспарланды.
Еліміздің аталған қалаларында өтетін Жалпыұлттық байқаудың екінші кезеңінде үшінші кезеңге шығып, байқаудың жеңімпазы атану үшін сайысты жалғастыратын әр номинациядан екі үміткердің есімдері анықталатын болады. Сөйтіп, төрт номинация бойынша еліміздің төрт қаласынан таңдалған 8 жұмыстың негізінде Астана қаласында Алаш қозғалысының 96 жылдығы (13-ші желтоқсан) қарсаңында «ХХ1 ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» Жалпыұлттық конференциясы өткізіледі. Осы конференцияның аясында дәстүрлі жалпыұлттық байқаудың әр номинациясының жеңімпаздары анықталып, биылғы байқаудың бас бәйгелері тапсырылатын болады.
«Ақ жол» демократиялық партиясы аталған бұл шараны да, Алаш ардақтыларын ардақтай отырып, олардың мұраларын бүгінгі, ертеңгі күннің кәдесіне жарату үшін алда белгіленген басқа да жоспарлы, жүйелі істерін табандылықпен одан әрі іске асыра береді.