27
Қазан

Партияның Батыс Қазақстан облыстық филиалында «XXI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» жалпыұлттық байқауын насихаттау мақсатында жиын өтті

27 қазан 2021 жыл, "Ақ жол" демократиялық партиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалы

«Ақ жол» ҚДП БҚО филиалында қаладағы іргелі жоғары оқу орындарының басшылары мен ғалымдар, оқытушылар, жас қаламгерлермен кездесу өтті. Басты мақсат – «Ақ жол» Демократиялық партиясы ұйымдастыратын «XХI ғасырдағы Алаштың ақ жолы» жалпыұлттық байқауының ережелері мен шарттарын түсіндіру, насихаттау.

Биыл 10-шы мәрте өткізіліп отырған байқауға 18-35 жас аралығындағы Қазақстан және шетел азаматтары эссе, мақалаларын ұсына алады. Шараға М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университетінің оқытушысы, ғалым, Алаш арыстарының қызметі мен өмір жолдарын зерттеуші Бақтылы Боранбаева, «Рухани жаңғыру институтының» директоры Абат Қыдыршаев, ҚазИИТУ институтының оқытушысы Жанар Нұрлыбайқызы мен жас ғалым Райымбек Қайратұлы қатысты.

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келген байқауда Алаш қозғалысын қолдау жолындағы қазақ меценаттарының қызметі, сол кездегі зиялы қауымның ашаршылықпен күресу бағытында жүргізген жұмыстары, Алаш қозғалысына қатысты бұрын жарияланбаған тың құжаттарды зерттеу секілді номинациялар бар. Өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, тарихи тәрбиеге үйретуге ынталандыратын бұл байқауға қатысушылар өз жұмыстарын биылғы жылдың 20 қарашасына дейін жолдауына болады.

Кездесу барысында ғалымдар мен оқытушылар партияның бұл жобасын қолдайтындықтарын айтып, аталған шараға байланысты білім ордаларында насихат жұмыстарын сапалы жүргізуге уәде етті. Шара соңында филиал төрағасының орынбасары, облыстық мәслихат депутаты Бағдат Ізмағанбет меймандарға «ХXI ғасырдағы Алаштың ақ жолы» кітабын салтанатты түрде табыстады.