29 қыркүйек 2021 жыл, "Ақ жол" демократиялық партиясының Ақмола облыстық филиалы
Егде адамдарды қолдау айлығы жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келеді. Бұл айлықты көп адамдар әжептәуір сарғая тосады. Жыл он екі ай ешкімге керексіз болған жандар мемлекеттен бір жақсылық күтіп, азын-аулақ сый-сияпатқа да марқайып қалатыны да бар. Мұны біреу пендешілік дейтін де болар. Бірақ, бар саналы ғұмырларын елдің ертеңі үшін арнаған адамдарға қамқорлық жасау мемлекеттің де басты назарында болуы керек.
«Ақ жол» ҚДП Ақмола облыстық филиалы осы айтулы оқиғаға арнап қайырымдылық шарасын өткізді. Бұл ізгі іске Көкшетау қаласындағы «Сүт зауыты» кәсіпорнының директоры, Зеренді аудандық мәслихатының «Ақ жол» партиясынан сайланған депутаты Ерсайын Жақсылықов демеушілік көрсетті.
Осы күні филиал қызметкерлері ондаған отбасыға барып, егде тартқан адамдарды қолдау айлығымен құттықтап, азық-түлік салынған қоржындарды үлестірді. Көкшетау қаласы мен Зеренді ауылында ұйымдастырылған бұл шара алдағы айлық бойы жалғасын таппақ. Біздің партиядан сайланған басқа депутаттар да өз үлесін қосамыз деп отыр.
Қайырымды істің қайтарымы да бар. Көпті көрген, елдің өсіп-өркендеуі үшін сүбелі үлес қосқан жандарды ұмытпай, қол ұшын беру мейірімділіктің бір көрінісі болса керек.