25
Қыркүйек

Тұрғындар тілегі тыңдалды

25 қыркүйек 2020 жыл, «Ақ жол» партиясының Түркістан облыстық филиалы

Бүгін Түркістан облысында іс сапарда жүрген "Ақ жол" партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Келес ауданына қарасты Біртілек ауылының тұрғындарымен кездесті. Кездесуге Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Дүйсембинов, "Ақ жол" партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса, партияның Шымкент қаласы және Түркістан облысы филиалдарының төрағалары және БАҚ өкілдері қатысты.

Жиын барысында "Ақ жол" партиясының төрағасы Азат Тұрлыбекұлына Келес ауданының Құрметті азаматы, көп балалы ана Мәмләкәт Сламова ауылдағы қордаланған мәселелерді жеткізіп, тұрғындардың арыз хатын тапсырды.

"Ақ жол" партиясын қолдайтындарын жеткізген Біртілек ауылының ақсақалдары Азат Тұрлыбекұлына ақ батасын беріп, алғыс айтты.

Мұнан кейін сапар Мақтарал ауданында жалғасып, Жетісай қалалық ауруханасында дәрігерлермен кездесу өтті. Жаңадан ашылған аурухананың дәрігерлері депутаттарға арыз-шағымдарын жеткізді. Олардың айтуынша, пандемия кезінде күндіз-түні талмай жұмыс жасағандар Үкімет уәде еткен жәрдемақыны ала алмай отыр.

Өз кезегінде партия төрағасы дәрігерлерге алғыс айтып, «Жанқиярлық күресі үшін» медалімен марапаттады.

Партия депутаттарының Түркістан облысындағы сапары жалғасуда.