20
Қазан

Тұрсын Жұртбай: "Ақ жол" партиясы - азат елдің алмас қылышы!

20 қазан 2021 жыл, "Ақ жол" демократиялық партиясының баспасөз қызметі

"Ақ жол" партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев елордадағы бір топ зиялы қауым өкілдерімен кездесті.
Кездесуге ҚР Мемлекеттік Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібекұлы, белгілі ғалым Тұрсын Жұртбай, Мәжіліс депутаты, көрнекті ақын Қазыбек Иса, алаштанушы Сұлтанхан Жүсіп, белгілі филолог Қайрат Сақ, "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығының директоры Ербол Тілешов бастаған бірқатар белгілі тұлғалар қатысты.

Еркін ойалмасу форматында өткен жиында ел ағалары көкейдегі ойларын айтып, руханият пен мәдениет саласына қатысты өзекті тақырыптарды қозғады.
Қазақтың қабырғалы қаламгері, профессор Тұрсын Жұртбай өз сөзінде "Ақ жол" партиясының игі істеріне деген ризашылығын білдірді.

  • Жерге қараған 70 миллион қазақ болғанша, елге қараған 7 миллион қазақ болайық. Әр адам өзіндегі жақсылықты жұртқа шығарса, сол жақсылық өзіне мың есе қайтады. Өтетін жерде өтпеген қылышты отқа тастау керек. Халықтың сөзі - алтын алмас. Азат елдің алмас қылышы болыңдар. Жерге қарамай жерге ие болып, елге қарап, елдің қамын жасаңдар. Азат деген ат - тәуелсіз рух. Осы рухтарың тәуелсіз болса біздің ұлтымызға ешқашан құлдықтың тамшысы тамбайды. Қазақтың санасына азаттық алып келіңдер, - деп ақ батасын берді Т. Жұртбай.
    Өз кезегінде, Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков "Ақ жол" партиясының қызметіне оң бағасын беріп, Азат Перуашевқа "Қазақстан Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков" деген естелік медалін сыйға тартты.
  • Бұл медаль ешқайда сатылмайды. Еліміздің дамуына өз үлесін қосып жүрген Азат бауырыма арнайы сыйлаймын, - деді Жандарбек Мәлібеков.
  • Жиын барысында "Ақ жол" партиясының төрағасы Азат Перуашев бірқатар зиялы қауым өкіліне "Қазақ Республикасына 100 жыл" мерекелік медалін табыстап, ағалардың ыстық ықыласына алғыс айтып, "Ақ жол" партиясы ұлттық мүдде, ел руханияты мен Алаштың асыл мұраты үшін аянбай еңбек ете беретінін жеткізді.
    Аталмыш медальға ие болғандардың қатарында Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков, алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай, "Тіл-Қазына" орталығының директоры Ербол Тілешов бар.