17 ақпан 2022 жыл, "Ақ жол" демократиялық партиясының Маңғыстау облыстық филиалы
Бүгін Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» фракциясының мүшесі Серік Ерубаев Маңғыстау өңіріндегі сапары аясында «Ақ жол» партияның Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Жаңбырбай Матаев, филиал төрағасының орынбасары Азамат Кошжанов, Мұнайлы аудандық мәслихат депутаты Жақсығали Құдайбергеновтермен бірге Жаңаөзен қаласына барды.
Сапар барысында Маңғыстау облыстық әкімдігінің Жаңаөзендегі жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыру мәселесі бойынша облыстық комиссия мүшелерімен кездесті.
Жиынға Партияның Жаңаөзен қаласы бойынша өкілі Батыржан Қорғанбаев, Партия атынан сайланған Жаңаөзен қалалық мәслихат депутаттары Бердібек Есенжанов, Мақсат Мұқаш, Абыз Ақмырзиндер де қатысты.
Кездесуде комиссия мүшелері жұмысшылардың мәселесі қаралып жатқандығын түсіндіріп, мереке күндеріне, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға, мектепке баратын балаларға бір рет сыйақы және он үшінші айлық берілетіндігін жеткізді.
Мұнан соң «ақжолдықтар» жеті күннен бері талап қойып, жұмысын тоқтатып, ереуілге шыққан «Бұрғылау» ЖШС және Өндірістік мекемелердің тазалығымен айналысатын жұмысшыларымен жүздесті.
Ереуілшілер 17 ден астам арыз-талабын айтты.
Олар айтқан ең басты мәселелер:
1. Еңбекақыны төлеу жүйесін дұрыс жолға қою;
2. Еңбек жағдайын жақсарту;
3. Қосымша істеген жұмысшыларға және зауыттың денсаулыққа зияндығына қарай қосымша ақы төлеу;
4. Кейбір цехты жаңарту;
5. Жетіспейтін орындарға жұмысшыларды қабылдау.
Халық қалаулысы жұмысшыларға бір мәмілеге келіп, заң шеңберінде шешуге шақырып, барлық мәселелер «Ақ жол» фракциясының алдағы жұмысында қаралатынын айтты.