18 ақпан 2021 жыл, «Ақ жол» партиясының Батыс Қазақстан облыстық филиады
«Ақ жол» ҚДП БҚО филиалының жастар қанатының ұйымдастыруымен Орал қаласының ЖОО студенттері, мектеп оқушылары ZOOM платформасы арқылы Алматы қаласында орналасқан Ахмет Байтұрсынұлы мұражайына онлайн саяхат жасады. Мақсаты – алаш арыстарының өмірі мен шығармашылығын кеңінен насихаттау. Онлайн саяхат барысында көрермендер мұражайдағы үш залды аралап шықты. Бірінші бөлім бойынша «Қайта оралу» залы – мұнда Ахмет Байтұрсынұлын ақтау туралы анықтамалар, оған көрсетілген құрмет қағаздары бар. Сонымен қатар, Ахмет Байтұрсынұлына берілген «Ана тілдің айбары», «Ғасыр саңлағы» медальдары сақтаулы тұр. Екінші бөлімде, «Қазақ санасының шам шырағы» – ғалымның мектептегі күндерінен бастап, «халық жауы» атанып ұсталып кеткенге дейінгі өмір жолынан сыр шертетін мұрағат құжаттары сақталған. Бұл залдың маңызды құжаттың бірі ғалымның жары Бәдрисафаның Дала губернаторына жазған жеделхаты. Ресми хат 1909 жылдың 5 тамызында жолданған. Ал үшінші, «Саяси қуғын-сүргін құрбаны» залында – Ахмет Байтұрсыновтың бес рет түрмеге түсіп, екі рет жер аударылғандығы туралы айтылатын құжаттар сақталған.
Ахмет Байтұрсынұлы Алматы қаласында қызмет істеп жүргенде тұрақтаған үш үйі болған екен. Оның жазбалары арқылы осы үш үйдің орнын зерттеушілер анықтаған. Алайда ол тұрған екі үй қалада жаңа құрылыстар басталғанда сүріліп тасталынған. Сол үш үйдің ішінде тек осы Ахмет Байтұрсынұлының мұражай-үйі ғана сақталған. Ахмет Байтұрсынов бұл үйде 1934-1937 жылдар аралығында тұрған. Оның саяси қуғын-сүргінге ұшырап айдаудан келгеннен кейін, көпшілік оны «халық жауы» деп, қол созып, ақынға тіпті көмек көрсетуден қорыққан еді. Сол кезде оны қызы Шолпан мен күйеу баласы осы үйге қамқорлыққа алады.
Мұражай-үйге онлайн саяхат жасаған жастар Алаш қайраткерлері туралы тұшымды мәлімет алып, оның өмірі мен шығармашылығымен жақын танысты. Шараға қатысқандар онлайн экскурсиядан ерекше әсер алып, болашақта мұндай шараларды жиі өткізіп тұруға өтініш білдірді.