15 желтоқсан 2020 жыл, «Ақ жол» демократиялық партиясының Маңғыстау облыстық филиалы
«Ақ жол» демократиялық партиясының Маңғыстау облыстық филиалы жанынан құрылған «Ақ жол-жастар» жастар қанатының үгіт-насихат тобы Маңғыстау облысындағы "Волонтерлар корпусы" жастарымен бірге Тәуелсіздік мерекесіне орай «Ашаршылық – азалы жылдардың атасы» атты іс - шара өткізді.
Жастар алдымен «Жақсы жағынан таны» тренингін өткізіп, «Біз кімбіз?, қайдан шыққан едік?, біздің бабаларымыз қандай жағдайда дүниеден өтті?», - деген сұрақтарды толығырақ ашуға тырысып өз ара пікір алмасты.
Сонымен қатар жастар да «Ақ жол» демократиялық партиясының сайлауалды бағдарламасында ұсынған "Ұлы жұтты" (Ашаршылық) халықаралық деңгейде тану бойынша бастамасына өз пікірлерін білдірді.
«Әрбір елдің қуанышты күндерімен қатар қайғылы, азалы күндері де болады. Адам өмір сүргендіктен, ұлт болғандықтан өзінің тарихынан тағылым алып, қайдан шыққанын, қайдан келе жатқанын ұмытпауы керек. 30 жылдары келген зобалаң уақыт қазақ халқының тең жартысын қырып кетті. Аш-жалаңаш, үй-күйсіз қырылған қазақтың жартысы жер аударылды, қашты, босып кетті. Сол жылдардағы Ұлы аштық жайында жазылған шығармаларды оқысам денем түршігеді. Біз жастар бұл «Ұлы нәубетті» халықаралық деңгейде тануды дұрыс деп санаймыз» – деді Маңғыстаулық белсенді жас Гүлмайса Шаңбаева.
Мұнан соң жастар қылышынан қан тамған заманның көрінісін көрсететін Еркін Рақышевтің "Ашаршылық" деректі фильмін тамашалады.
Фильм көріністері жастардың көңілін босатпай қоймады.
Кездесу соңында жастар алған әсерлерін қағаз бетіне түсірді.