«Ақ жол» демократиялық партиясы 2021 жылғы «ХХI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» Жалпыұлттық Байқауын жариялайды

» Алаш аманаты » «Ақ жол» демократиялық партиясы 2021 жылғы «ХХI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» Жалпыұлттық Байқауын жариялайды

09.07.2021, 15:13

«XXI ҒАСЫРДАҒЫ АЛАШТЫҢ АҚ ЖОЛЫ»

ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ БАЙҚАУЫ

«Алаш» идеясын басты бағыттың бірі санайтын «Ақ жол» демократиялық партиясы «ХХI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» Жалпыұлттық Байқауын жариялайды.

Байқау 2012 жылдан бері «Ақ жол» партиясының бастамасы ретінде өтіп келе жатыр.

Алаш қозғалысының саяси тәжірибесін, экономикалық бағдарламасын және рухани мұрасын қазіргі Қазақстан қоғамын жаңғырту контексінде зерделеу мен насихаттауды басты мақсат еткен байқауға Алаш қозғалысын және тарихын зерттеп жүрген 18-35 жас аралығындағы Қазақстан және шетел азаматтары өздерінің жеке жұмыстарын (эссе, мақала) ұсына алады.

Байқау жұмыстары қазақ және орыс тілдерінде қабылданады.

Байқау келесі төрт номинация бойынша өткізіледі:

1. Қазақстан  Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы: Алаш идеялары  іс жүзінде.

Тақырыптық бағыттар:

–        Қазіргі заманғы қазақ мемлекеттігін дамытудағы Алаш көшбасшыларының саяси және экономикалық тұжырымдамаларының өзектілігі;

–        Алаш және ұлттық мүддені қорғау;

–        Алаш және ел аумағының тұтастығы;

–        Алаш және замануи сын-қатерлер;

–        Алаш және ұлттың жаңа болмысы;

–        Алаш және әлеуметтік әділеттілік

2. Қазақ меценаттары және олардың Алаш қозғалысын қолдау жолындағы қызметі.

      Тақырыптық бағыттар:

–        Қазақ кәсіпкерлері – ұлт-азаттық қозғалысының қаржылық тірегі;

–        Білім беру мекемелерін салуға, сондай-ақ оқушы жастардың мұқтажын қанағаттандыруға бағытталған қайырымдылық көмек: тарихи пайым;

–        ХХ ғасыр басындағы ұлттық баспасөздің қалыптасуы және оның демеушілері;

–        Меценаттық және ұлттың мәдени жаңғыруы.

3. Алаш қайраткерлерінің Қазақстандағы ашаршылықпен күресі.

Тақырыптық бағыттар:

–        ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы ашаршылықтың әлеуметтік-саяси, экономикалық және табиғи-климаттық себептері;

–        Ашаршылықтың бірінші (1918-1919 жж.), екінші (1921-1922 жж.) және үшінші (1932-1933 жж.) толқындары: олардың ерекшеліктері мен зардаптары;

–        Алаштың ашаршылыққа қарсы күресі – халыққа риясыз қызмет етудің үлгісі;

–        Қазақстандағы ашаршылық: гуманитарлық апат және демографиялық дағдарыс;

–        Ашаршылық бейнесі: архив деректері және куәгер адамдардың естеліктері.

4. Алаш қозғалысының аз зерттелген және беймәлім тұстары.

Тақырыптық бағыттар:

  • Алаш қозғалысындағы «ақтаңдақтар»: құжаттар, фактілер, мәліметтер;
  • Алаштың белгісіз есімдері.

Байқау (пандемия жағдайына сәйкес түзетулер енгізіле отырып) үш кезеңнен тұрады

1-кезеңде  Байқауға келіп түскен жұмыстарға қазылар алқасы сараптама жасап, іріктеуден өткізеді. Әр номинация бойынша үздік 10 (барлығы – 40) жұмыс екінші кезеңге жіберіледі.

2-кезеңде  үздік 40 жұмыстың авторлары тақырыбы бойынша баяндама жасап, өз номинациясындағы қарсылас үміткерлермен бетпе-бет (немесе онлайн) пікірталасқа түседі. Сұрақ-жауап және талқылау түрінде болатын бұл кезең  «Ақ жол» партиясы белгілеген қалада өткізіліп (санитарлық-эпидемиологиялық шектеулер енгізілген жағдайда ұйымдастырушылар кезеңді қашықтықтан өткізу құқығын пайдаланады), әр номинциядан үздік үш (барлығы 12) қатысушы ақтық сынға жолдама алады. 

3-кезең Алашорда үкіметінің құрылған күні қарсаңында, желтоқсан айында Нұр-Сұлтан қаласында өткізіледі. Байқаудың ақтық сынына қатысушылар өз жұмыстарын (оффлайн немесе онлайн)қорғап, қазылар алқасының шешімімен жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталады.

Байқау шарттары:

  1. Жұмыс бір адамның (жеке үміткердің) атынан  және өзі көрсеткен номинация бойынша ұсынылады;
  2. Жұмыста Алаш қайраткерлері көзқарастарының бүгінгі дәуірмен сабақтастығы міндетті түрде қамтылуы тиіс;
  3. Плагиатқа (басқа авторлардың дайын жұмыстарын көшіріп ұсынуға) жол берілмейді;
  4. Шығарма бастақырыбының оның мазмұнына сәйкес келгені және тапқыр да жинақы қойылғаны мақұлданады (номинациялардың және тақырыптық бағыттардың аттарын сол күйінше қайталамаған жөн);
  5. Жұмыста сілтеме жасалған дереккөздер дәл, нақты және шынайы болуы қажет;
  6. Талапқа сай безендірілмеген және мерзімінен кеш жолданған жұмыстар қабылданбайды. 
  7. Бәсекелестікті арттыру мақсатында, бәйгенің кезекті жеңімпаздарына келесі жылғы бәйгеге қатысуға рұқсат етілмейді. Олар өз жеңісінен кейін екі жылдан соң бәйгеде тағы бақ сынай  алады. Мысалы, биылғы, яғни 2021 жылғы бәйгеге 2020 жылдың жеңімпаздары қатыстырылмайды, ал 2019 жылғы және одан бұрынғы бәйгелердің лауреаттары сайысқа жіберіледі.

Мақаланы (эссені) рәсімдеу талаптары:

Мәтін 14 өлшемді Times New Roman қарпімен теріледі; жоларалық интервал – 1; абзац шегінісі – 1,25 см; беттің оң жағынан – 3 см, үстіңгі және астыңғы жағынан –  2 см, сол жағынан 1,5 см кеңістік қалдырылады.

Қатысушы өтінішінің үлгісі:

Толық аты-жөні 
Туған күні, айы, жылы 
Тұрғылықты мекенжайы 
Қызмет (оқу) орны 
Ғылыми дәрежесі (бар болса) 
Ұялы телефон нөмірі 
Электронды поштасы 
Номинациясы 
Мақала (эссе) тақырыбы 

Мақаланың (эссенің) көлемі 10 беттен аспауы тиіс.

Байқауға ұсынылатын жұмыстар  2021 жылдың 15 қазанына дейін қабылданады.

Байқаудың жүлде қоры келесі тәртіп бойынша бөлінеді:

2-кезеңге жолдама алған үміткерлердің әрқайсысына (ақтық сынға өтетін 9 қатысушыдан басқасына) 50 000 (елу мың) теңгеден қаржылай сыйлық беріледі.

Ақтық сайыс қорытындысы бойынша номинацияның жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне берілетін қаржылай сыйлық көлемі:

Бірінші орын – 400 000 (төрт жүз мың) теңге;

Екінші орын – 300 000 (үш жүз мың) теңге;

Үшінші орын – 200 000 (екі жүз мың) теңге.

Жеңімпаздар  мен жүлдегерлерге Жалпыұлттық «Алаштың Ақ жолы байқауының лауреаты» төсбелгісі табысталады. 

Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің мақалалары жеке жинақ түрінде жарық көреді.

Байқаудың 2 және 3-кезеңдеріне қатысушылардың іссапар және жатын орын шығындары «Ақ жол» партиясы тарапынан төленеді (санитарлық-эпидемиологиялық шектеулер болған жағдайда барлық іс-шаралар онлайн форматқа көшіріліп, тиесілі қаржы үнемделеді).

Байқау жұмыстары «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» белгісімен «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы Орталық аппаратының мекен-жайына (Астана қаласы, Мәңгілік ел, 30, «Ақ жол» ҚДП кеңсесіне) немесе alash_akzhol@mail.ru, akzholpress@mail.ru  электрондық поштасына жолданады. Байқауға қатысты сұрақтар бойынша +7 702 821 12 98 (Whats App) нөміріне және де Alashtyn_akzholy Instagram парақшасына жазуға болады.