19
Ақпан

19.02.2025

"Ақ жол": Үкімет ірі мегаполистердің іргесіндегі ауылдардың проблемаларына назар аударуы тиіс

Қазақстан Республикасының

Премьер-министрі

О.Бектеновке

 

Осыдан бес жыл бұрын «Ақ жол» фракциясы  республикалық маңызы бар қалаларға, облыс орталықтарына іргелес ірі елді мекендерді дамыту тұжырым-дамасын қайта қарауға және қала маңындағы ауылдарды, мәдени және спорттық нысандармен қамтамасыз ету бағдарламасын әзірлеуге қатысты депутаттық сауал жолдаған болатын. Бұл сауалға өзек болған Астана мен Алматы сияқты ірі мегаполистердің маңайына соңғы жылдары отанына оралған қандастарымыз бен еліміздің ішкі аймақтарынан қоныс аударған  азаматтар шоғырланған елді мекендердің жағдайы еді. Бүгінде бір ауылдың өзінде тұрғын саны  кем дегенде 50 000-нан асқан, бірақ олар  әлі күнге дейін негізгі қажеттіліктерден қағылып отыр. Мысалы Астананың іргесінде орналасқан оншақты ауылдың өзінде жарты миллионға жуық халық тұрады, олардың көпшілігі қалаға қаттынап жұмыс істейді, мына жарқырап тұрған Астанадан 10-15 шақырым шыға қалсаңыз, жарығы жоқ, суы жоқ, жолы жоқ, батпағы белуардан, қара түнек ауылдарға тап боласыз. Расында шам жарығы өзінің түбіне түспейдінің кебі келіп тұр! «Елорданың түбінде тұрамыз» деп мақтанғаны болмаса, бұл ауылдарда өмір сүру сапасы өте төмен, мәдени нысандар, спорт кешендері және т.б. күнделікті қажет инфрақұрылым жоқтың қасы.

Біздің сол кездегі сауалымызға үкімет өкілдері, нақты емес, сылдыр судан тұратын, бірнеше бағдарламаны қойырт-пақтатып, болашаққа сілтеумен шектелді. Сонымен қатар 2019-2020 жылдары Астана, Алматы, Шымкент қалаларының айналасындағы ауылдардың инфра-құрылымдық мәселелерін шешуге арналған 63 жобаға 53,5 млрд тенге қаржы жұмсалғаның атап өтті.

«Ақ жол» фракциясының сауалы себеп болды ма (?), 2022 жылы  Ұлттық экономика министрлігі  «Агломерацияларды дамыту туралы» заң жобасын ұсынды. Сол кездегі министр Ә.Қуантыровтың айтуынша,  агломерациялардың құрамын Үкімет қаулысының негізінде ұлттық экономика министрлігі әзірлеуі тиіс. Ал аймақтарда: Жергілікті әкімшіліктің өкілдері, мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінен құралған жергілікті кеңес құрылып, кешенді жоспар жасап, агломерацияларды дамыту керек болатын.

«Ақ жол» фракциясының депутаттары бұл заң жобасын талқылау кезінде қаржыландыру механизмі күмәнді деп, қатты сынға алған болатын. Бірақ өкілетті министрлік, бұл заң кенже қалған ауылдарды  қаржыландырудың жаңа көзі болады деп сендірген еді. Содан бері бақандай бес жыл өтті, өкінішке орай түбегейлі өзгергерістер болмай тұр.

 Құрметті Олжас Абайұлы, жоғарыда айтылғандарға байланысты келесі сұрақтарға жауап берулеріңізді сұраймыз:

«Агломерацияларды дамыту туралы» заң аясында  неше аймақ агломерация мәртебесін алды, және қанша кеңес құрылды?

Аталған кеңестер аясында жүзеге асырылған жобаларға қатысты мемлекеттік және жергілікті бюджеттен қанша қаражат бөлінді, неше мектеп,балабаша,мәдениет үйлері мен спорт нысандары? Қанша шақырым ауыл ішіндегі жолдар салынды, қаншалықты тұрғындар ауыз сумен, газбен қамтылды?

Астана, Алматы, Шымкент қалаларының маңайындағы ауылдарды дамытуға бөлінген  63 жобаға жұмсалған 53,5 млрд теңгенің егжей-тегжейлі есебін беруіңізді сұраймыз.

Құрметпен,

«Ақ жол» фракциясының депутаттары                

С.Ерубаев

А.Перуашев

Е.Барлыбаев 

Д.Еспаева

Қ.Иса 

Е.Бейсенбаев