ҚР Еңбек және халықты
әлеуметтік қорғау министрі
С.Қ. Жақыповаға
«Ақ жол» демпартиясына, қоныс аудару және бейімделу бағдарламасының тиімсіз
жүзеге асырылуына қатысты, шағымдар мен өтініштер келіп түсуде.
Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау
шараларына және қомақты қаражаттарға қарамастан, бағдарлама әлі күнге дейін
формалды түрде іске асып, өз мақсаты; – яғни қоныс аударушыларды жаңа жерге
тұрақтандыру мен солтүстік өңірлердің экономикасына үлес қосу мақсатына жете
алмай отыр.
Бағдарламаның басты идеясы – көшіп келген адамдарға
аяғына тұрып, сол өңірдің қайта жандануына үлес қосуға мүмкіндік беру еді.
Алайда, іс жүзінде қоныс аударушылар, бюрократияға, жұмыссыздыққа, сапасы төмен
тұрғын үйге және өз ісімен айналысуға жағдайдың болмауына тап болуда.
Мемлекет Басшысы 2021 жылғы Жолдауында ішкі еңбек
көші-қоны мәселесіне жаңа тәсілдер қажет екенін нақты атап өткен болатын. Сонда
Президент: «Оңтүстіктен солтүстікке көшіп жатқан азаматтарға жәрдемақы бөлудің
қолданыстағы тәсілдерін қайта қарау керек. Өз бетінше бизнеспен айналысқысы
келетіндердің де көшуіне жағдай жасаған жөн. Көшіп келген азаматтарға үй салу
ғана емес, ауыл шаруашылығымен айналысу үшін де жер телімдерін беру мүмкіндігін
пысықтау керек. Сондай-ақ, оларға мемлекеттік қолдау шаралары қолжетімді болуын
қамтамасыз ету қажет» деген болатын.
Алайда, осы жылдар ішінде бұл тапсырмалардың
ешқайсысы толық көлемде орындалған жоқ. Бағдарлама тек көшу мен тұрғын үй
жалдауға берілетін субсидиялармен шектеліп отыр. Олар азаматтарға тұрақты табыс
әкелмейді және жаңа жерде қалыптасуға ынталандырмайды. Мысалы, шағын бизнес
немесе шаруа қожалығын ашу үшін қоныс аударушыларға бастапқы капитал, жер
телімі және кеңес беру көмегі қажет. Бірақ мұндай қолдау түрлері бағдарламада
қарастырылмаған.
Атқарушы билік жер бөлмейді, инфрақұрылыммен
қамтамасыз етпейді, ал «Аграрлық несие корпорациясы» мен «Даму» арқылы
берілетін микронесиелер, кепілзаты мен несие тарихы жоқ қоныс аударушылар үшін
қолжетімсіз болып отыр. 2025 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша, бағдарлама
аясында барлығы 5213 адам, оның ішінде 1725 қандас қоныс аударған. Көп жылдар
бойы қомақты бюджет қаражаты жұмсалған бағдарлама үшін, бұл өте төмен
көрсеткіш.
Одан бөлек, қоныс аударған азаматтардың едәуір
бөлігі тұрақтай алмай, сол өңірлерден кетіп жатыр — бұл бағдарламаның тиімді
еместігін және жүйелі тәсілдің жоқтығының тағы бір дәлелі.
Ал 2024 жылы енгізілген өзгерістерге сай, қоныс
аударушылар 5 жыл ішінде өңірден кетсе, берілген көмекті қайтару талабы да
үлкен түсінбеушілік туғызуда.
Бұл тарапта мемлекет, азаматтарды өздері өмір
сүруге және еңбек етуге жағдай жасамағаны үшін жазалап отырған сияқты.
Шын мәнінде, кінә адамдарда емес — жұмыс
орындарының жоқтығында, болашаққа сенімсіздікте, тұрғын үйдің сапасыздығында
және өз ісін бастау мүмкіндігінің болмауында. Адамдар еңбек еткісі
келмегендіктен емес, өз еңбегімен отбасын асырауға мүмкіндік болмағандықтан
кетіп жатыр.
Егер адам өз еңбегінің жемісін көріп, сол ортаға
бейімделіп жатса, онда ол адамдар ешқайда көшіп кетпес еді.
«Ақ жол» партиясы, жаңа жерде бейімделудің ең
тиімді құралы —табысты кәсіпкерлікпен айналысу деп есептейді.
Сондықтан, мемлекет тіршілік етуге ғана жететін
субсидия беруден гөрі, кәсіпкерлік бастаманы қолдауға көшуі қажет деп
есептейміз.
Осыған байланысты, «Ақ жол» фракциясы келесіні
ұсынады:
1. Қоныс аудару бағдарламасын қайта қарап, кәсіп
ашуға немесе шаруа қожалығын құруға ниетті қоныс аударушылар мен қандастарға
арналған микронесиелеу және гранттық қолдау бағдарламасын әзірлеп, қолданысқа
енгізу.
2. Қоныс аударушыларға тек тұрғын үйге ғана емес,
шағын өндіріс пен ауыл шаруашылығына арналған жер телімдерін беру мүмкіндігін
қамтамасыз ету.
3. Өз ісін ашам деген қоныс аударушы кәсіпкерлерге
алғашқы жылдары салықтық және әкімшілік жеңілдіктерді қарастыру.
4. Аймақтық жұмыспен қамту орталықтары, бизнес
қауымдастығы және әкімдіктер арқылы шағын бизнесті сүйемелдеу мен тәлімгерлік
жүйесін ұйымдастыру.
Құрметпен,
«Ақ жол» фракциясының депутаттары
С. Ерубаев
А. Перуашев
Д. Еспаева
Е. Барлыбаев
Қ. Иса
О. Нуралдинов