Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
бірінші орынбасары
Р. В. Склярға
«Ақ жол» партиясына еліміздің автокөлік тасымалдаушыларынан осы саладағы отандық нарықты қорғау қажеттілігі жөнінде үндеухаттары келіп түсуде.
Өзіңізге мәлім, батыс елдерінің ресейлік және белоруссиялық автокөлік тасымалдаушыларына енгізілген шектеу шараларынан кейін, оны айналып кетуге тырысып, олар өз кәсіпорындары мен көліктерін Қазақстанда тіркеп, қазақстандық кәсіпкерлер ретінде, Қазақстан квотасы бойынша Еуропа – Қытай аралығында жұмыс атқара бастады.
Нәтижесінде, халықаралық тасымалдарды жүзеге асыратын фуралар саны шамамен 2,3 есеге артып, 16 мыңға дейін өсті, ал қазақстандық болып кеткен ресейлік және белоруссиялық компаниялар нарықтың 70 пайызын басып алды.
Айта кету керек, мысалы Қазақстанның автомобиль тасымалдаушылары мен экспедиторлары одағының мәлімдемелеріне сүйенсек, батыс елдерде ашылғанынан алғашқы үш жыл ішінде жаңа компанияның халықаралық тасымалдарда жұмыс істеу құқығы жоқ. Қазақстанда мұндай жүйе болған жоқ, сондықтан ресейлік және белорусиялық компаниялар ешбір кедергісіз қазақстандық кәсіпорын ретінде жұмыс істеу салдарынан, 5 мыңға жуық қазақстандық жүк көлігі тоқтап үлгерген, ал Қазақстан азаматтары жұмыссыз қалған.
Бұл мәселе бойынша «Ақ жол» фракциясы осыдан бір жыл бұрын Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне депутаттық сауал жолдаған болатын (13.05.2022 ж. №ДЗ-176).
Халықаралық санкциялардың қолданылу кезеңінде еліміздің ұлттық экономикалық мүдделерін қорғауды ескере отырып, Қазақстан аумағында қызмет көрсету саласында жұмыс істейтін шетелдік компанияларға қатысты реттеу шаралары шұғыл түрде әзірленсін деген ұсынысымызға, министрліктің жауабында, тиісті шаралар қолданамыз деген уәде беріп, Қазақстанда тіркелген шетелдік тасымалдаушы кәсіпорындардың өкілдерімен кездесу жүргізілді делінген.
Тек жылдың соңында, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің №715 бұйрығымен тасымалдаушыларға халықаралық жүк автотасымалын іске асыруға рұқсат беретін ережелер мен Қазақстан Республикасында автомобильмен тасымалдаудың рұқсат беру жүйесінің халықаралық бағыттағы қолдану ережелеріне өзгерістер енгізілді. Енгізілген өзгерістер халықаралық жүк тасымалы мен өзге де рәсімдерді жүзеге асыруға рұқсат беретін талаптарды күшейту көзделіп, халықаралық жүк автотасымалының еліміздегі нарығын дамытуға, сондай-ақ ішкі нарық пен отандық тасымалдаушылардың мүдделерін қорғауға бағытталған болатын.
Алайда отандық тасымалдаушылардан түсіп жатқан наразылығын ескере келе, жоғарыда аталған бұйрық қабылданғанымен, жағдай өзгере қойған жоқ.
Бүкіл 2022 жыл бойы қазақстандық тасымалдаушылар шетелдік рұқсат бланкілері негізінен бізге көшіп келген Ресейлік және Белоруссиялық тасымалдаушыларына беріліп жатқандығынан зардап шегіп келді. Ал, осы жылдың басынан бастап берілген шетелдік рұқсат бланкілері жөнінде тізімге көңіл аударсақ, үлкен айырмашылықпен «ИнтерАвтоТранс», «Технобел», «Интертрансавто-Қостанай» ЖШС алда тұр. Бұлар – бұрынғы белоруссиялық Jenty, Primum компаниялары.
Қазіргі таңда, Беларусь тасымалдаушыларының құқықтары біздің кәсіпкерлермен тең тұр. Ал бұл біздің тасымалдаушыларымыз тасымалдайтын тауарлардың көлеміне қатты әсер етеді. Олар біздің тасымалдаушыларымызға бәсекелестік туғыза отырып, қазақстандық кәсіпорындарды жүк тасымалдау нарығынан итеріп шығарып жатыр.
Сонымен қатар, Еуропа елдері де жоғарыда аталған Беларусь компаниялары шын мәнінде қазақстандық еместігін біледі. Осының салдарынан, өткен жылы Еуропа елдері, атап айтқанда Польша мен Литва Қазақстанға рұқсат бланкілерін бермеген.
Әрине, біз Беларусия мен Ресейге еш шара қолдана алмаймыз. Олар ірі компаниялар болып жұмыс жасайды. Ал бізде шағын және орта компаниялар.
Жоғарыда баяндалғанды түйіндей келе, «Ақ жол» ҚДП фракциясы, ішкі нарық пен отандық тасымалдаушылардың мүдделерін қорғау мақсатында шағын және орта бизнеке рұқсат бланкілері жағынан артықшылық беруіміз керек деп санайды. Бұл халықаралық тәжірибеге сай және Еуразиялық экономикалық одақтың тәртібін бұзбайды.
Құрметпен,
«Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаттары