19
Қараша

19.11.2025

Алматы мен Астана қалаларындағы ақылы тұрақтар жүйесінің қызметіндегі түйткілдер туралы


Премьер-Министр

О.Бектеновке

Қазақстан қалалық басқару саласында, соның ішінде, ақылы тұрақ жүйесінде цифрлық шешімдерді белсенді түрде қолданысқа енгізуде.

Бұл үрдіс жайлы жағдай жасап, көлік ағынын оңтайландыруға бағытталған.

Алайда, іс жүзінде Алматы мен Астана сияқты ірі мегаполистерде бұл идеяның жүзеге асырылуы азаматтар тарапынан заңды сұрақтар туғызады.

Ақылы тұрақтар бастапқыда қала орталығындағы кептелісті азайту мақсатында құрылған.

Бірақ, бүгінде олар, тіпті, тұрғын үй аудандарында да жаппай орнатылуда. Тұрғындар өз ауласында, үйінің алдында тұрақ үшін ақы төлеуге мәжбүр.

Нәтижесінде, бұл мыңдаған қазақстандықтар үшін қосымша қаржылық ауыртпалық тудырып отыр.

Сонымен қатар, қазіргі жүйеде төлем әдістерін таңдау мүмкіндігі жоқ.

Көптеген тұрақ аймақтарында тек QR код немесе мобильді қосымша арқылы ғана төлем жасау мүмкіндігі бар.

Дегенмен, қосымшалар кейде қолжетімсіз болып, интернет істемей, банк картасы уақытша бұғатталған жағдайлар болып жатады.

Жалғыз амал - қолма-қол ақшамен төлеу, бірақ, көп жағдайда соған арналған тұрақ терминалдары жоқтың қасы.

Мұндай азаматтарға балама тәсілдерді ұсынудың орнына, жүйе 100 теңге тұратын тұрақ орны үшін бірден 4000 теңге айыппұл салады.

Алайда, заңнамада қолма-қол ақшамен де, қолма-қол ақшасыз да төлемдер жасау мүмкіндігі нақты көрсетілген,

сондықтан, қолма-қол ақшамен төлем жасау тәсілінің жоқтығы азаматтардың құқықтарына және қолжетімділік қағидатына қайшы келеді.

Цифрландыру адамдардың өмірін ыңғайлы етіп, кедергілерді жою үшін жасалғанын еске саламыз, бірақ бұл жағдайда керісінше, кедергілер мен қолайсыздықтар туындап жатыр.

Оған қоса, тұрақ операторлары бәсекелестігі жоқ ортада жұмыс істеуде, яғни, азаматтар жұмыста, не үйінің жанында көліктерін тұраққа қояр кезде таңдау мүмкіндігінен айырылып, белгілі бір оператордың ғана қызметтерін, жүйесі мен төлем әдісін пайдалануға мәжбүр болып отыр.

Ең бастысы, қаржылық ағындардың ашықтығы мәселесі. Астана мен Алматыдағы ақылы тұрақ жүйелері арқылы жыл сайын миллиардтаған теңге жиналады, бірақ бұл қаражаттың қалай бөлінетіні немесе бюджетке қаншасы түсетіні туралы деректер жоқ. Азаматтар бұл қаражаттың абаттандыру немесе қала көркін жақсарту түрінде қайтарылып жатқанын көріп отырған жоқ

Егер операторлар қоғамдық кеңістіктерді (тұрақтар соған жатады) басқару құқығына ие болса, демек, қоғам алдында ашық болып, азаматтардың құқықтарын құрметтеуге міндетті.

Бұрынғы жылдары Ескі Қазақстандағы сыбайлас жемқорлық жанжалдарының бірі дәл осы ақылы тұрақтар болған.

Осыған байланысты, «Ақ жол» фракциясы әрбір пайдаланушыға жеңілдікпен екі тұрақ мекенжайын тағайындау қажет деп санайды: тұрғылықты жерінде тәулік бойғы және жұмыс уақытында жұмыс орнындағы тұрақ.

«ҚазАвтоЖол» АҚ қала маңындағы ауылдардың тұрғындарының ақылы жолар арқылы күнделікті қалаға жұмысқа баруы үшін осы ең төменгі бағамен төлеу тәсілін қолданған.

Тұрақ төлемдерінің осыған ұқсас механизмі тарифтерді әлдеқайда әділ етеді деп санаймыз.

Сондай-ақ, әрбір тұрақ аймағы қолма-қол ақшаны қоса алғанда, барлық төлем түрлерін қабылдайтын тұрақ паркоматтарымен және бейнебақылау камераларымен жабдықталуы керек деп санаймыз. Қызмет үшін ақы төлеген кезде тұрғындар көлігінің тек орын алып қана қоймай, сонымен қатар бақылауда екендігіне сенімді болуы керек.

Сонымен қатар, «Ақ жол» фракциясы ақылы тұрақ операторлары мен әкімдіктер (соның ішінде, «Алматы тұрақ» МКК және «Астана тұрақ» ЖШС) арасындағы келісімдерінің шарттарын жария етуді және олардың қызметіне аудит жүргізуді ұсынады.

Егер бұл келісімшарттар қала үшін тиімсіз болса, негізгі пайда жеке біреудің қалтасына емес, қала бюджетіне түсетіндей етіп олардың шарттарын қайта қарау керек.

Қаржылық есептіліктің мәслихаттарда және баспасөзде тұрақты жария етілуін қамтамасыз ету қажет.

Құрметпен, «Ақ жол» фракциясының депутаттары

О.Нуралдинов

А.Перуашев

Д.Еспаева

Қ.Иса

Е.Барлыбаев

С.Ерубаев