19
Желтоқсан

Алаш ағартушыларының қызметі – ұлттық журналистиканың берекелі бастамасы

1913 жылдың 2 ақпанында қазақ халқының жаршысы, қара түнектен кейінгі аппақ таңындай болған Қазақ газеті жарыққа шығады. Қоғамдық-саяси бағыттағы газетте әдеби де, мәдени де материалдар қатар шығып отырған.

Қазақ интеллигенциясы ағартушылық пен білім беруді – бодандықтан құтылып, егемендік алып, озық елдердің қатарына кірудің қонымды әрі оңды жолы деп санаған. Саяси саңлақтарымыз халықтың қоғамдық сауатын ашып, тарихи санасын оятудың, мінезін тәрбилеп, ілім-білімге құштарлығын ашудың тиімді құралы – газет екенін ерте ұғып, алдымен осы баспасөз мәселесін қолға алған. «Қазақ» газеті Алаш партиясының көсемі Әлихан Бөкейханов пен Әлекеңнің адал серіктестері ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов пен Алаштың маржаны Міржақып Дулатұлының  бастамасымен шығып отырған. Газет шығару идеясы 1905 жылы бастама болып көтеріліп, тар заманның зарымен газет шығару бағы тек 1913 жылы бұйырған екен.

«Қазақ» газеті алдына тек ағартушылық мақсат қоймай, газет Алаш партиясының идеяларын насихаттаушы рөлін атқарды. Газетте аса өзекті әрі мазмұнды материалдар жарық көріп отырған.  

Тарихшылардың зерттеуіне сүйенер болсам, «Қазақ» газеті 1913 жылдың ақпанында Орынбарда апта сайын басып шығарыла бастаған. Ал 1915 жылдан бастап жаңалық жаршысы аптасына 2 рет шығып отырған. Ең алғаш халық арасына тараған кезден бастап «Қазақ» газеті барша Алтай мен Атыраудың арасына кеңінен тараған. Газетті Қазақстанның түкпір түкпірінен – Дала және Түркістан аймағынан, Астрахан губерниясы мен 9 облыстан жаздырып оқығанын газеттің № 8 санында жарық көрген «Қыр баласы» - Әлихан Бөкейхановтың сол кездегі қазақ халқының саны жөніндегі мақаласынан білеміз.

«Қазақ» газетінің 1917 жылғы 233-санында жарияланған «Алаш Азаматтары!» атты үндеу мақалаға ұжымдық автор ретінде алаш қаламгерлері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Сейтәзім Кәдірбаев, Имам Әлімбеков, Жанұзақ Жәнібеков, Ахмет Мәметов, Елдес Ғұмаров қол қойыпты.Аталған жарияланымда 25 июнь жарлығының кесірінен бүліншілікке түскен, Қытайға басы ауып, босып кеткен қырғыздардың нашар хәлі туралы «Қазақ» газетінің 231-нөмірінде жағдайды көзімен көрген тілшінің баяндағанын сөз етіп, сараптама жасайды. Сонымен бірге, босқын қырғыздардға жәрдем көрсету жайы да тілге тиек етіледі.

«Беріліп жатқан жәрдемдер аш-жалаңаш қалған қырғыздардың халдеріне қарағанда жоқ есебінде. Сондықтан Түркістан комитетінің ағзасы (Торғай облысының комиссары) Әлихан Бөкейханов сол комитеттің ағзасы (Жетісу облысының комиссары) Мұхаметжан Тынышпаевқа телеграм берді:

«Босқын қырғыздар үшін 200 мың сом қазынадан қарыз сұрау керек» деп. Сондай бірден берілетін молырақ суммамен қырғыз халқы есін жиып алмаса да, аз-аздан жинақталған қаражат-жәрдем босып келген қырғыздардың толған мұқтаждықтарының біріне жетсе, екіншісіне тапшылық қылып қала бермекші», – деп босқындардың мұң-мұқтажын өтеуге жететіндей қаржы-қаражаттың құралуын атап өтеді.

Жоғарыда келтірілген мысалдан қазіргі журналистикада күнделікті жүзеге асатын меншікті тілші қызметін байқаймыз. Сол көш кезінде қырғыздардың жағдайын өз көзімен көрген тілшінің болуының арқасында мақала мәйекті, сөзі дәйекті болып шыққан.

«Қазақ» басылымының 1915 жылы жарияланға 149-нөмірінде Алаштың атын атамасқа болмайтын маңызды қайраткері, «Қазақ» газетінің жауапты редакторы қызметін атқарған Жанұзақ Жәнібековтің «Жаңа кітап. Құран құралы» атты мақаласы басылды. Мақала осы жылы ғана Қазан қаласындағы «Шәраф» баспасынан жарық көрген Нығмет Күзембаевтың «Құран құралы» деп аталатын кітабын таныстыру әрі көпшілікке хабарлау мақсатында жазылыпты.

Таяуда жарық көрген жаңа кітаптың құрылымы мен пайдасы туралы мақала авторы: «Кітаптың емлесі қазақша. Тәртібі де жаман емес. Өзі балалар оқытып тәжірибе үстінде жүрген бір мұғалімнің кітабы, әрине, нашар болмас. Кітаптың бас жағы балаларға араб әліпбиін, олардан жиылған сөздерді оқудың мәнісін түсіндіреді.

...Кітапта мәлімет аз емес. Бірақ, сол тәлімге муафық болып-болмауын мұғалімдер сынар», – деп мәлімет бере кетеді. Сонымен бірге, кітаптың маңызын бағалауды оқымыстылардың төрелігіне қалдырған.

Бұл мысалдан қазіргі кезде кеңінен қолданылатын копирайтинг, жаңа тауардың PR-мәтіні, жарнама сияқты элементтерді байқауға болады. Мақала авторы кітапқа қызығушылықты аша отырып, бірақ кітаптың не туралы жазылғанын, сыр сандықтың барлығын ашып қоймайды. Маңызды деген ойлардан оқырманға үзік тастап, «тәлімге пайдалы болу-болмауын мұғалімдер сынар» деп оқушыға таңдау еркіндігін қалдырады. Бұл амал қазіргі заманда маркетингте жиі қолданылатын тәсілдердің бірі.

Қазақ әдебиеті мен фольклорына қатысты негізгі зерттеулер мен еңбектер осы газет жабылғанға дейін жарияланып отырған. Соңғы 5 жылда «Қазақ» газеті бұрынғы барлық басылымдардан асып түсетін таралымға ие болды. «Түркістан уәлаяты», «Дала уәлаяты», «Айқап», «Серке», «Сарыарқа» журналдарымен салыстырғанда «Қазақ» газеті әлдеқайда танымал болды.

«Қазақ» газетіне Киевтен Қазанға, Санкт-Петербургтен Томскіге дейін Ресейдің жоғары оқу орындарында оқитын қазақ студенттері де жазылып, туған елдің жаңалық жаршысына өздері де мақалалары мен хаттарын жолдап отырған. Ол 5 миллионға жуық халқы бар ұлттық басылымға айналып, қазақтың ұлт болып ұйыуна үлкен үлес қосты.

Егер бірінші жылы газет 3 мың дана таралыммен шығарылса, Оксфорд университетінің зерттеушілерінің айтуынша, кейін оның таралымы 8 мың данадан асып кеткен.

Осы деректердің барлығын негізге алып, ел ағалары мен ұлы тұлғаларымыздың пікіріне сүйеніп, «Қазақ» газетін қазақ публицистикасының берекелі бастамасы деп сеніммен айта аламыз. 1918 жылдан бері тарих қойнауына ұзақ жылдарға кеткенімен, 2006 жылы белгілі жазушы, баспа саласының ірі қайраткері Қоғабай Сәрсекеев «Қазақ» газетін қайта шығарды.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдары қарқынды дами бастады. Жыл сайын жаңа басылымдар ашылып, олар оқырманды жарқын материалдармен, журналистиканың жаңа түрлерімен жаулап алуға тырысып бағуда. Алайда осының барлығының бұлақ көзі Алаш зиялыларының «Қазақ» газеті екенін нық сеніммен айта аламыз.

Қазір көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, отандастарымыздың арасында кеңінен тараған «Ахмет. Ұлт ұстазы» және «Міржақып. Оян қазақ» телехикаяларынан «Қазақ» газетінің қиын тағдырын, оның бұралаң-бұралаң жолдардан өткенін және еліміздің тек ұлттық журналистикасының ғана емес, күллі Қазақ елінің қалыптасуына тірек болған жаңалық жаршысы болғанын көз алдымыздан өткіздік. Тарих беттеріндегі деректерден бір газет бүтін бір елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтағанын, қабырғасы қайысқан қаймана қазақтың күйінішіне сүйініш болғанын білеміз. Ал енді осынау ойтолғауымның қорытындысында осы кесек ойды оқып отырған оқырманға мынадай сұрақ тастағым келеді: Қазір біздің ұлттық журналистикада «Қазақ» газетіндей елге демеу, көңілге медеу болып отырған БАҚ бар ма? Қазіргі қазақ халқының жай күйінің айнасы, бүгінгі күнінен сыр шертер, халықты оқу-білімге ынталандырып, мақсаттарға жол ашар бағдарлама немесе газет-журнал бар ма екен деген ой осы «Қазақ» газетінің тарихын зерттеп, ұлттық журналистиканың қалыптасуы туралы ойдың дәнегі санаға қонғаннан бастап көкейден кетер емес...


Самал АСҚАР