14 шілде 2021 жыл, «Ақ жол» демократиялық партиясының Ақмола облыстық филиалы
«Ақ жол» партиясының депутаты Ерлік Өмірғали, партияның Ақмола облыстық филиалы төрағасының орынбасары Бақыт Смағұл Көкше өңірінің зиялы қауымымен кездесті.
Халықтың тұрмыстық, әлеуметтік жағдайы және ұлттық-рухани құндылықтар бүгінгі жиынның өзегіне айналды.
Алғашқылардың бірі болып сөз алған өлкетанушы, профессор Жеңіс Темірхан көші-қон мәселесін көтерді. Солтүстік өңірдегі көші-қон жағдайына кеңінен тоқтала келіп, ұлттық-демографиялық ахуалдың сын көтертпейтінін, ұлт үшін қауіпті тұстарын атап көрсетті. Қазақ тілінің де шешімін таппай жатқан себебі осыдан туындайды деді. Тіпті, солтүстікке оңтүстік өлкелерден тұрғындарды қоныстандыруды ат үсті емес, сындарлы саясат ретінде қолға алып, бұған ұлттық қордан мол қаражат бөлінуі тиіс екенін баса айтты.
Ал, қаламгер Дахан Шөкшір тәуелсіздік алғанымызға отыз жыл болса да, билік өкілдері қазақ тіліне немқұрайлы қараумен келеді. Бұрын шұбар тіл еді, қазір сыңар тілге айналды. Тілі жоқ елдің тәуелсіздігінен қандай қайыр болады деп ащы болса да, шындық жайды ортаға салды.
Еңбек ардагері Есболат Дүйсенбаев оңтүстіктен көшіп келетін адамдарды солтүстіктің суығы емес, тілдің шұбарлығы қатты алаңдатады. Ол жақтан бір ауыз орыс тілін білмей келетін жандар мында келгесін өз ана тілінен алшақ қалады деп ой қосты.
Балталы Сәрсенбаев, Қуандық Жақып сынды ел ағалары қазақтың өз еліндегі өгейліктің кебін киген көріністері жайлы әңгімеледі. Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев мемлекеттің кадр саясатын сынға алды. Жуырда тағайындалған Ауыл шаруашылығы министрін мысал ретінде ұсынды. Бір орында тапжылып көп істемеген, ауыл шаруашылығына да еш қатысы жоқ адамды қалай ғана бұл салаға басшы етеді. Парламент осы мәселені де бақылауға алуға тиіс екенін атап көрсетті.
Сонымен бірге, ардагер Мұса Елеусізов, ғалым Сәбит Жәмбек, желтоқсаншы Дәурен Жарылғасов қоғамдағы сыбайлас жемқорлық және басқа да кем-кетік істер жайлы мәселені көтерді. Мұрат Ыдырысұлы Парламент заңды қазақ тілінде әзірлеп, талқыламайынша, тіл мәселесі шешілмейді деді.
Одан әрі ол «Абылайдың қара жолы» экспедициясының екінші кезеңі бастау алатынын және оның мақсаты жайлы әңгімеледі.
Парламент өкілі өз кезегінде елді алаңдатқан мәселе «Ақ жол» фракциясының алдағы жұмысында қаралатынын жеткізді. Қандай мәселе болсын, ол елдің сөзі, оны аманаттап алып, жеріне жеткізу депутаттың міндеті. Сондықтан өз тарапынан елдің ақсақалдары мен зиялы қауымы әңгімені ашық айтып, ой бөліскендері үшін өз ризашылығын білдірді.
Кездесу соңында бір топ көкшетаулықты «Ақ жол» партиясы президумы бекіткен «Қазақ Республикасына 100 жыл» медалімен марапаттады.