18 мамырда Орал қаласында «Ақ жол» демпартиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Серік Мерғалиевпен бірге партияның жергілікті филиалының белсенділері және мәслихат депутаттарымызбен кездестік. Конституциялық реформаның негізгі тұстары туралы өз көзқарасымды, оның партиямыздың ұстанымына қаншалықты жақын екендігін айттым. Әріптестердің көзқарастарымыз бен осы реформа арасындағы кейбір алшақтыққа қатысты сұрақтарына жауап беріп, соған қарамастан мен ұсынылған өзгерістерді неліктен қолдау қажет деп санайтынымды түсіндірдім.
Сайлаушылармен түсіндіру жұмыстарының барысын талқыладық.
Түс ауа облыстық көпсалалы аурухана ұжымымен сөйлестім. Мұнда медицина қызметкерлері әйелдердің зейнеткерлік жасын төмендету бойынша «Ақ жол» демпартиясының ұстанымы (бұл мәселе туралы алдыңғы жазбаларда, атап айтқанда, Алматы облысы Іле ауданының тұрғындарымен кездесу қорытындысы бойынша айтқан болатынмын); Ресей-Украина соғысының маңызды дәрі-дәрмектермен және материалдармен қамтамасыз етуге кері әсері туралы («олардың өндірісін өзімізде неге ұйымдастырмасқа, бұрыннан жасау керек еді») және т.б. туралы сұрады. Бұл мәселе бойынша Dolce-Pharm және т.б. сияқты медициналық мақсаттағы бұйымдарды шығаратын отандық өндірушілердің тап болып жатқан кедергілері жайлы айттым. Осы саладағы отандық тауар өндірушілердің мүдделері уәкілетті органдардың әрекеттерімен, оның ішінде «СК-Фармация» компаниясының саясатымен өрескел бұзылуда деп есептеймін. Осы тақырыптағы депутаттық сауалдарымызды мысалға келтірдім (https://akzhol.kz/ru/ak-zhol-trebwet-srochno-prodlit-dolgosrochnye-dogovory-sk-farmaciya-s-otechestvennymi-kompaniyami-na-postavki-lekarstv-i-medicinskih-izdelij/).
Дәрігерлер заңнамалық деңгейде өз құқықтары мен ар-намысын, соңғы кезде жиілеп кеткен жедел жәрдем бригадаларына шабуылдардан, әлеуметтік желілердегі негізсіз буллинг пен қорқытулардан және т.б. қорғауды сұрады.
Осы орайда пандемиямен күресу кезінде медицина қызметкерлерін қолдау бойынша «Ақ жол» фракциясының бірқатар бастамалары мен депутаттық сауалдары; өкінішке орай, Үкімет тарапынан қолдау таппаған «Медицина қызметкерінің мәртебесі туралы» заңды әзірлеу жөніндегі ұсынысымыз туралы айттым (https://akzhol.kz/ru/ak-zhol-predlagaet-razrabotat-zakon-o-statwse-vracha-i-medrabotnika-chtoby-zashhitit-professionalnoe-i-chelovecheskoe-dostoinstvo-lyudej-v-belyh-halatah/).
Осы мәселелерді алдағы уақытта да билік алдында көтеруге дайын екенімді жеткіздім.
Әңгіме барысында дәрігерлердің бірі Конституциядан Елбасының тәуелсіз мемлекетті құрушы ретіндегі рөлі туралы тармақтың алынып тасталуына қарсы шығып, оның қазіргі Қазақстанды нығайтуға көп еңбек сіңіргенін тілге тиек етті.
Оған жауап бере отырып, тұңғыш президенттің рөлі баршаға белгілі екенін атап өттім. Оның, әсіресе, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында атқарған істерін жоққа шығаруға болмайды. Бірақ жеке тұлғаның бағасын Конституция емес, тарих пен қоғам беруі керек, бұл бейтараптық пен уақытты қажет етеді. Қ.Тоқаевтың шешімі (Елбасы рөлі туралы ережені алып тастау) тұңғыш президенттің сіңірген еңбегін жоққа шығармайды, бірақ басқа көзқарастағыларға оларды мойындауды жүктемейді. Өз пікірін білдіру құқығы демократияның маңызды принциптерінің бірі, сондықтан бұл норманы алып тастау шешімін дұрыс деп санаймын. Ол конституциялық реформаны болашақ саяси тәртіпті қалыптастыруға, оны тарихи талқылаулардан алыстатуға бағыттайды.
Мәселен, 1991 жылы «Тәуелсіз елдің іргетасы қаланған» деген тезиске сұрақтар туындайды.
2015 жылы елімізде Қазақ хандығының 550 жылдығы аталып өтті, оның соңғы ханы Кенесары 1847 жылы қаза тапты. Яғни, Қазақ мемлекеттілігі өз атымен және 1991 жылға дейін кем дегенде 4 ғасыр (1465-1847) өмір сүрді.
Сонымен бірге қазақ мемлекеттілігі Алтын Орда мен оның алдындағы Түрік қағанаттарының мемлекеттілігінің мұрагері болып табылады.
Сондықтан, 1991 жылы Қазақстан Республикасының құрылуымен Тәуелсіздігіміздің «іргесі қаланбады», қайтарылды деуге негіз бар.
Оның үстіне егемендікті қайтару да өздігінен орын алған жоқ. Оның алдында 20 ғасырдың басындағы Алаш қайраткерлерінің күресі, автономиялық республика құру және оның территориясын анықтау, т.б. үрдістер осының алғышарттары болған.
Кешке ТДК-42 телеарнасында Конституциялық реформаны талқылап сөз сөйледім.