1. Алаш идеялары ең алдымен практикалық мағынасы бар дүние
- Бізге 2012 жылдың 23 қарашасында «Ақ жол» партиясының «ХХ1 ғасырда Қазақстан қоғамын жаңғыртудағы «Алаш» қозғалысы идеяларының өзектілігі» атты ғылыми-практикалық конференция өткізетіні белгілі болды. Азат Тұрлыбекұлы, Сіздерге мұндай шара өткізуге түрткі болған себеп не?
- Иә, біз осы конференцияны өткізуге бастамашылдық жасап отырмыз. Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы өзін «Алаш» қозғалысының ізбасарларының бірі деп жариялаған болатын. Бұл тұжырым сайлауалды Тұғырнамамызда да, Партияның өзге де құжаттарында көрінісін тапқан. Біз Алаш қозғалысының көрнекті қайраткерлерінің идеялық мұраларын тарату және оны бүгінгі күннің кәдесіне жаратудың маңызы зор деп санаймыз. Алаш мұрасымен сан ұрпақ сусындап, халыққа қызмет етудің, әлемдік бәсекеге төтеп берудің үлгісін алуы керек. Өздеріңізге мәлім, биылғы жыл – Алаш қозғалысының 95 жылдығы. Осы датаны анықтап тұрған фактор - 1917 жылдың 5-13 желтоқсанында Орынбор қаласында өткен екінші жалпықазақ съезінде құрылған Ұлттық Кеңес болып табылады. Яғни, 1917 жылдың 13 желтоқсаны – қазақтың алғашқы заманауи үкіметінің - Алашорданың дүниеге келген күні. Осыған орай, біз «ХХI ғасырда Қазақстан қоғамын жаңғыртудағы «Алаш» қозғалысы идеяларының өзектілігі» атты ғылыми-практикалық конференция өткізуді жоспарлаған едік. Соны Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық Университетінің қолдауымен жүзеге асырғалы отырмыз. Біздің конференцияның жұмысына қатысуға жетекші алаштанушыларды, белгілі ғалымдарды, қоғам қайраткерлерін, сарапшыларды, шығармашылық интеллигенция өкілдерін, жоғары оқу орындарының студенттерін, БАҚ өкілдерін шақырмақпыз. Аталған тақырыптағы конференцияның жұмысына ықыластық танытқандар үшін есігіміз ашық. Мүмкіндікті пайдаланып, конференцияның Астана қаласында, Керей және Жәнібек хандар көшесі, 18 үйде, «Тілеп Қобыз» сарайында қарашаның 23-інде сағат 10-да басталатынын айта кетейін.
- Ендеше, келесі сұрақ өзінен-өзі туындайды. Осы конференцияның
мақсат-міндеттері туралы кеңінен тарқатып, айтып берсеңіз?
- Жоғарыда айтқан Алашорда үкіметінің құрылып, ХХ ғасырдың басында
қазақ даласында автономиялық биліктің болуы ұлт-азаттық қозғалыс тарихында
елеулі кезең болып саналады. Алашорда көшбасшылары халықтың арманы болған
өзін-өзі билеу идеясын іске асыра алды. Ғұмыры ұзақ болмаса да қазақтың тұңғыш
үкіметі – Алашорда үкіметі құрылып, қазақ халқының мемлекеттікке лайықты ел екені
паш етілді. Оларға көздеген мақсаттарына эволюциялық жолмен жетуге мүмкіндік
берілмеді. Алаш арыстарының ең басты еңбегі – олар сол аласапыран және қиын
уақытта толыққанды саяси партия мен үкімет құрып, өз халқының мүдделерін батыл
қорғау жағына шыға алуында. Олар бар қазақтың қамқорына, сүйенішіне айналуы
үшін қолдан келгеннің бәрін жасады. Менімше, «Алаш Орда» көшбасшыларының заңдық тұрғыда ақталғанына
қарамастан, өкінішке қарай, әлі күнге дейін «Алаш» қозғалысына толық баға бермей жүрміз. Алаш қозғалысы заманалық маңызы бар құбылыс, оның идеялары мен бағдарламалары ұлттық мемлекеттілікті қалыптастыруды мақсат етті. «Алаш»
партиясының саяси тұжырымдамасына, өмір жолы мен қызметіне қарап отырып,
олардың саяси, экономикалық, әлеуметтік мәселелерге, ұлттық құндылықтарға
көзқарастарының ХХІ ғасырда Қазақстан қоғамын жаңғырту кезеңінде де өзектілігін
жоймағанын байқаймыз. Яғни, бұл біз үшін теориялық ғана емес, бұл ең алдымен, ұлт игілігіне қызмет етуі тиіс практикалық мәселе. Конференцияның
мақсаты – Алаш қозғалысының, Алаштың көшбасшы қайраткерлерінің мемлекеттің
құрылысына, әлеуметтік-экономикалық, ұлттық салаларға қатысты көзқарастарына
берілген бағалар мен пайымдауларды, ғылыми тұжырымдарды жаңа заманның талаптарына, сұраныстарына сай зерделеуге тырысу. Алаштың аманатына адалдық
танытып, Алаш идеяларының іске асырылуының тәуелсіздігімізді бекемдеп, нығайта
түсуге қызмет ететіне қоғамдық пікір туғызу.
2. Алаш идеясы – қазақ елін Еуропа жолымен жаңғырту. Оған басқа ұлт
өкілдерінің күдікпен қарауына негіз жоқ екенін көрсетуіміз қажет
- Кешіріңіз сөзіңізді бөлейін. Конференцияны қандай формада
өткізбекшісіздер. Алаш мұрасы – тым ауқымды мұра. Оны бір конференция
шеңберіне сыйғызу да оңай емес...
- Сондықтанда біз Алаш қайраткерлерінің көзқарастарын жүйелеуге ұмтылып,
үш секциялық бағытта тақырыптарға бөліп қарастыруды жөн деп таптық. Оның
біріншісі: «Алаш» көшбасшыларының мемлекеттілікке, ұлттық құндылықтарға
көзқарастары» бойынша баяндамалар жиынтығын құрайды. Кез келген ұлт үшін
мемлекеттік басты құндылық болып табылады. Әлихан Бөкейханов айтқандай,
мемлекеттігі жоқ халық – жетім халық. Алаш идеясының өзегі де ұлттық мемлекеттік
дербестік. Бүгінгі Қазақстан Республикасы – Алаштың бұл арманының іске асуының
көрінісі. Алаш көшбасшылары қазақ қоғамын біртіндеп Еуропалық деңгейдегі
өркениеттің озық жетістіктерімен ақылға қонымды ұштастыру негізінде сол замандағы
нақты жағдайларға бейімдеуді өздерінің анық та айқын мақсаты тұтты. Қазақтың
белгілі тарихшысы Манаш Қозыбаевтың сөзімен айтсақ «ХХ ғасырда ұлт-азаттық
қозғалысының жаңа сатысы басталды. Оның басы-қасында «Оян қазақ» ұранымен
шыққан демократиялық Ресейдің құрамында қазақ елін еуропалық жолмен дамытуды, жаңғыртуды көксеген реформаторлар (Әлихан Б., Ахмет Б., Міржақып Д.,
Мұстафа Шоқай) бастаған ұрпақ еді» («Егемен Қазақстан», 1996 жылдың 6-ыншы
желтоқсаны). Түркістан автономиясын жариялаған Алаш қайраткерлерінің жапондықтарды
үлгі тұтқан шығыстық (Мұстафа Шоқай) бағыттағы ұстанымдары да маңызды.
Жапонияның өзі Еуропадан үйрене отырып, ілгері дамудың жолына шыққанын ескерсек, олардың ұстанымдарында алшақтықтардың көп еместігіне де көз жеткізесің. Алаш
көшбасшыларының ұлылығы да сонда, олардың таптық жіктелуге де, ұлтшылдық
томаға-тұйықтыққа да ұрынбауында. Біз осыны да көрсете алуымыз керек. Олар
қазақтың жоғын жабайы ұлтшылдық сарынмен жоқтамаған. Өзге азшылықтағы
ұлттардың өкілдерінің құқығын шектемейтін қазақ ұлтының елді біріктірушілік идеясын Алашорда үкіметін сайлаған съездің өзінде жария еткен. «Алашорда» Уақытша
Ұлттық Кеңесінің құрамы 25 адам болып бекітіліп, 10 орынның қазақтар арасындағы
орыс және басқа ұлттардың өкілдеріне қалдырылуының өзі көп жәйтті аңғартады. Осы кезге дейін Алаш дегенде басқа ұлттың өкілдері осы қозғалысты
ұлтшылдық бағытта деп қана ойлап, оған күдікпен қарауда. Біз осы күдікті
жоққа шығаруымыз қажет. Күдік қашанда білместіктен туады. Ал бізде күні кешеге
дейін Алашордалықтарды тек ұлтшылдық тұрғысынан қарастыру белең алғаны рас.
Алаш қозғалысының, оның қайраткерлерінің дәрежесін орыстарға, басқа ұлттардың өкілдеріне, өзім сияқты орыс тілінде білім алған қазақтарға да, бір сөзбен айтқанда,
орыс тілді аудиторияларға да түсіндіру қажет. Сол себепті біз конференцияда орыс
тілінде де баяндамалар жасауға мүмкіндік беріп отырмыз. Алда өткізілетін шараларда
да осындай ұстанымда боламыз. Өйткені, Алашты өзіміз ғана біліп, сол білгенімізбен
мақтану үшін емес, Алаш идеяларын түсініп, оны жүрегімен қабылдайтындарды
көбейту үшін осылайша істеу керек деп санаймын. Алаш идеясын біржолата ысырып
тастауды көздеген кеңестік жүйеде өмір сүрген кездегі ойлау жүйесінен, сол кездегі
психологиялық пиғылдан тұтастай арылуға күш жұмсағанымыз абзал. Алаш идеясын
әрбір қазақстандық үшін елді ажырататын емес, біріктіруші мақсатқа пайдалануымыз керек. Екінші, «Алашордалықтардың» экономикалық тұжырымдамалары туралы»
өтетін секцияның да жүктемесі жауапты. Алаш партиясының, сол партияның негізінде
құрылған Алашорда үкіметінің бағдарламасының интелектуалдық-саяси деңгейінің
жоғарылығы бұл мәселеге де бүгінгі күннің биігінен, ертеңгі алар асуларымыздың талаптары тұрғысынан келуге сай келеді. Сол кезеңдегі беделді саяси партиялардың
бағдарламаларынан бірде кем емес, «Алаш» партиясының бағдарламасы,
біріншіден, қазақ елін өзінің бөлінбейтін территориясы бар, отарлық тәуелділіктен
азат елге айналдыруды, екіншіден, қазақ халқының өмірін еуропалық жолмен
жаңа сапаға көтеруді көздеді. Яғни, олар елде пәрменді реформалық шараларды
іске асырғылары келді. Кез келген мемлекеттің тұрақты және тиімді өмірлік қызметі
үшін сол елдің экономикалық дамуын қамтамасыз етудің маңызы зор екенін Алаш
қайраткерлері жете түсінді. Оны ұлттық басымдылықтардың бірі ретінде қарастырды.
Алашордалықтардың көбісі ұлттық буржуазияның өкілдері болғандықтан да жер
мәселесін, кәсіпкерлік, жеке меншік мәселелерін ел экономикасынан бөліп қарамаған,
оны экономикалық өсудің негізі деп санаған. Біз «Алаш» қайраткерлерін саясаткер ретінде ғана білмей, олардың
әрқайсысының білікті мамандар болғанын да көрсетуіміз керек. Бұл тақырыпқа жаңа
қырынан келіп, ашып көрсетуді белгілі практик-экономист, ҚР Парламент Мәжілісінің
депутаты, «Ақ жол» партиясының Парламенттік фракциясы жетекшісінің орынбасары, үш қазақ баласының анасы Никитинская Екатерина Сергеевнадан сұрап отырмыз. Егемендігіне ие болған ел үшін территориясының тұтастығын қалыптастыру
қандай маңызды болса, табиғи байлығы мен қоғамдық игілігін қорғап, экономиканы
жаңғырту да сондай маңызға ие. «Ақ жол» партиясы экономиканы әлеуметтік дамудың міндеттерін тиімді
шешудің құралы ретінде қарастырады. Сол себепті де біз «Алаш» көшбасшыларының
әлеуметтік жаңғыртуға көзқарастары» мәселесіне үшінші секция аясындағы баяндамаларда ерекше тоқталсақ деп отырмыз. Қазақ қоғамын бірте-бірте өзгертіп,
заманға бейімдеуді мақсат еткен «Алаштың» асыл мұраттары біздің қазіргі жедел
жаңғыру, модернизация бағытымызбен үндес келеді. Қазақстан Республикасының
Президенті Н.Ә.Назарбаев еліміздегі әлеуметтік, сондай-ақ глобальды экономикалық
және саяси үдерістер үшін тұжырымдамалық маңызы аса зор Әлеуметтік жаңғырту
бағдарламасын ұсынып, ол халқымыздың қолдауына ие болып отырғаны белгілі. «Ақ
жол» партиясының Орталық кеңесінің Пленумы бұл мәселені арнайы қарап, Мемлекет
басшысы ұсынған бағдарламаны еліміздің бұдан әрі дамуының стратегиялық бағыты
ретінде толық қолдайтынымызды және оны іске асыру үшін белсенді түрде атсалысатынымызды мәлімдеген болатынбыз. Шын мәнінде, бұл бағдарлама мемлекетіміздің
дамуына жаңа талаптар қойып, халқымыздың ұлттық мүдделеріне сай келетін жаңа
құндылықтар жүйесін қалыптастырып отыр.
3. «Алаш» отандық өндірісшілерді қолдады
- Алаш арыстарының да армандағаны осы ұлттық мүддемізден үдесінен шығатын құндылықтар ғой. Әрине, конференцияларыңызда аса маңызды тақырыптарға ден қойып отыр екенсіздер. Оның мазмұнын күні бұрын тұтас ашып беріңіз деуден аулақпыз. Оның үстіне, бәрімізді де толғандыратын мәселені көтеретін бұл шараларыңыздан біз де сырт қалып қоймаспыз. Дегенмен, Алаш қайраткерлерінің бүгінгі заман талабына сай келетін кейбір идеяларының шетін шығарсаңыз? - Біз осыдан бір ғасырға жуық бұрынғы Алаш арманын бүгінгі Қазақстан бейнесінен көруге тиіспіз. Алашорда үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханов «қазақтың қойының жүні тоқылып, үстіне киім болып, әрбір темірі өзіне түйме болуы тиіс» деп, сол заманның өзінде нарықтық экономикаға, ұлттық бизнестің дамуына үндеді. «Алаш» қозғалысының көшбасшыларының бірі, сол кезеңдегі ұлт ұстазы болған Ахмет Байтұрсынов «Біз бай, білімді, hәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға - оқу керек! Бай болуға – кәсіп керек! Күшті болуға – бірлік керек! Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек!» деген еді. «Алаш» идеяларына тереңірек үңіле бастағаннан бері көзім мынаған жетті. Біз қазір ұлттық экономика мен ұлттық бизнестің мүддесін заң шығарушылық жұмыста болсын, әртүрлі жиындарда болсын барынша қорғап жүргенде Алаш идеяларынан бір сәтте де алшақ кеткеніміз жоқ. Бұл орайда, мен өткен ғасырда қазақ тарихын сомдаған Алаштың ардақты азаматтарының бірі Санжар Аспендияровтың келесі сөздеріне назар аударғым келеді: «Первый период подавления колонизаторских отрыжек прошлого, предоставления всех политических прав ранее угнетенным нациями решен и решен блестяще. ...Но это еще полдела. Надо закрепить сделанное, ибо экономические взаимоотношения между нациями определяют все остальные отношения... Нужно изучать условия развития народного хозяйства каждой отдельной нации, живущей в Туркестане, ибо эти пути развития для каждой из них совершенно самобытны». Тіпті елімізді индустрияландыру бағытында дамудың қажеттілігіне дейін Алаш білімдарлары айтып кетіпті. Олар отбасында материалдық мүмкіндіктері жеткілікті және жеке бастарының интеллектуалдық қабілет-қарымы мол болғандықтан еуропалық деңгейде білім ала алған. Көпшілігі орыс тілін жетік меңгерген, мақалаларын орыс тілінде жазған. Смағұл Сәдуақасов Қазақстанды жедел дамыту ниетімен Голощекинмен оның ұлттық республикалардағы өтірік «индустрияландыру» деп аталған құйтырқы саясатына ашықтан ашық батыл қарсы шыққан. «Почему Голощекин не может или, вернее, не хочет идти дальше шерстомоек, тогда как само собой напрашивается и организация суконных фабрик», - дей келе, Сәдуақасов, өзінің «О национальностях и националах» атты мақаласында мынадай өте орынды сұрақ қояды: «Не легче ли железной дороге сразу вывозить из Казахстана готовое сукно, чем два раза таскаться то с вымытой шерстью, то обратно с «московским» сукном из этой шерсти?». Сәдуақасовтың елдің шикізат базасы болып шектеліп қалуына сол кезеңде қарсы шыққаны көрініп тұрған жоқ па? Ал енді ол көтерген осы мәселенің қазіргі күн үшін маңызы жоқ деп кім айта алады? Өмірден қыршын кеткен Алаш азаматы Смағұл Сәдуақасовтың экономикалық тұжырымдамасының өзі бір баяндамаға арқау боларлықтай екен. Қазір еліміз үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруға бел шеше кіріскен кезде мұны конференциямызда жеке баяндама етіп шығарайық деп ұйғардық. ҚР Парламенті Мәжілісінің екі шақырылымының депутаты болған қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, профессор Мырзагелді Кемелдің бұл тақырыпты толық меңгеріп, қатысушылардың қызығушылығын туғыза алатынына шүбәміз жоқ. Қазақстан Республикасының кеңестік үкіметінің құрамында жұмыс істеуге мәжбүр бола жүріп, республика мүддесін жанқиярлықпен қорғаған Алаштың аяулы ұлдарының өмірінен мұндай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады... Менімше, біз әлі Алаш идеяларының потенциалын толық аша алғанымыз жоқ. Өз басым, алдағы конференцияда жасалатын баяндамалардан біржақты емес, сан қырлы, жан-жақты мәліметтер аламыз деп үміттенетінімді жасырмаймын. Бос сөздің емес, нақты істердің партиясы ретінде өмірде, күнделікті тәжірибеде қолданылатын құнды ойлар көп айтылғанын қалаймын. Бізге Алаш идеяларының тереңіне бойлай алмай, дилетанттық деңгейде «білгір» болып жүргендердің пікірлері керек емес. Тек дилетанттар ғана Алаш идеяларын елді артқа - ХІХ ғасырға тартатын «изоляцинизм» идеологиясы деп түсінеді. Ал біз Алаш идеяларын елімізді ХХІ ғасырда өркениетті мемлекеттердің қатарына енгізетін, қоғамымызды жаңғыртатын ұстаным ретінде қарастырып отырмыз. Сондықтанда бізге шынайы білімді, жүйелі көзқарасы бар мамандардың пікірлері қымбат. Сол себептен де біз «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысы туралы ұзақ жылдардан бері ғылыми зерттеулер жүргізіп, осы қозғалыстың көрнекті қайраткерлерінің қоғамдық-саяси қызметі мен шығармашылық мұрасына ғылыми талдау жасаумен айналысып келе жатқан Алаштанушы ғалымдарды: Дихан Қамзебекті, Амантай Шәріпті, Зиябек Қабылдиновті, Омар Жәлелді, Алматыдан Халықаралық «Қазақ» тілі қоғамының президенті, академик Өмірзақ Айтбаев ағамызды, Семейден алаштанушы ғалым Тұрдықұл Шанбайды конференциямызға қатысып, баяндамалар жасау үшін шақырып отырмыз.
- Алаш арманы – қазақтың бүгінгі ең үлкен бағы да, ең үлкен байлығы да
болып отырған – тәуелсіздігіміз. Ендеше, біз Қазақстан Тәуелсіздігінің бастауында тұрған Алаш арыстарына қандай құрмет көрсетсек те артық емес. Қалай
ойлайсыз, осы бағытта біз тым кешеуілдеп жатқан жоқпыз ба? - Рахмет сұрағыңызға. Дәл осыған алаңдаушылық танытқан «Ақ жол»
партиясының Парламенттік фракциясы Үкіметке Алаштың 95 жылдығын қалай атап
өткелі отырғанын сұрап, депутаттық сауал жолдадық. Алаш арыстарының рухын
жас ұрпаққа сіңіру үшін, бұған мемлекет кешенді түрде келіп, баса назар аударуы
тиіс. «Алаш» мәселесі бойынша ортақ тұжырымдар қалыптастырып, бұл тақырыпты
зерттеудің ұстанымдарын айқындай түсу қажет. Ең алдымен мектеп оқулықтарында
жеткілікті көлем берілуі керек. Ал қазір «Қазақстан тарихы» оқулығында бар болғаны
бір жарым бет қана. Жас ұрпақ тарихымызды жетік білмейді, осы кемшіліктің орнын
толтыруға күш жұмсауымыз керек. Әрбір қалада Алаш қайраткерлеріне ескерткіштер
орнатылуы тиіс. Мәселен біз, депутаттық сауалымызда Алаштың ордасы болып,
Алашқала аталған қазіргі Семейдегі Ертіс өзенінің сол жағалауындағы Алашорда
үкіметі мен Алаш партиясы тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылып, ол үйді мұражайға
айналдыру кезек күттірмейтін мәні зор мәселе екенін атап өттік. Жоғары оқу орындарында Алаш идеясын оқыту жүйеге айналуы керек. Алаш мұрасы мен тарихы туралы кітаптар мемлекеттік тапсырыспен шығарылуы
тиіс. Біз өз тарапымыздан Партиямыздың Ақылдастар алқасының мүшесі, елімізге
танымал ақын Ханбибі Есенқарақызының тікелей бастамасымен Алаштың көрнекті
қайраткерлерінің бірі Сұлтанбек Қожановтың басқаруымен 1920-1926 жылдарында
Ташкент қаласында шығып тұрған, Алаш ардақтыларының мінбері болған «Ақ жол»
газетінің сандарындағы төтенше араб тілінде жарияланған материалдарды қазіргі
қазақ әрпіне көшіріп, жазылған 2 томдық зерттеу кітаптарын жарыққа шығарып беруге
көмектесетінімізді айттық. Уәде бердік, орындаймыз. Бұл да ортақ іске қосқан үлесіміз
болмақ. Бірақ тек кітап шығарумен ғана іс бітпейді, олар кітапханалар сөрелерінде шаң
басып жататын болса одан не пайда? Соны оқуға оқырмандардың қызығушылығын тудыратын, Алаш идеяларын іске асыра алатын тетіктерді іздестіре беруіміз керек.
Біз бір конференциямен барлық мәселені шешіп тастаймыз деп отырған жоқпыз. «Ақ
жол» партиясы баспасөз беттеріне шыққан Алаш тақырыбындағы ғылыми еңбектерге,
тарихи, журналистік зерттеулерге студенттер, жас ғалымдар және журналистер арасында бәйге жариялап, оның қорытындысын жыл сайын шығарып тұруды жоспарлаудамыз. Орыс тілді аудиторияларды Алаштың бай мұрасына тарту, үрей мен күдіктен
арылту мақсатында орыс тілді бұқаралық ақпарат құралдарында шыққан жұмыстар
үшін байқаудың жеке номинациясы белгіленеді. Байқау жеңімпаздары атанғандар
осы жұмыстарын негізге ала отырып, біздің келешекте өткізетін конференцияларымызда баяндамалар жасайтын болады. Яғни, біз «Алаш» партиясының жолын қуған
партия ретінде дәстүр қалыптастыру ниетіндеміз.
4. Алдымызда - «Алаштың» 100 жылдығы
- Ниеттеріңіз жақсы екен. Бірақ мұндай жүктемелердің бәрін бір партияның
алып жүруі қиын ғой. Бұған бүкіл қоғам жұмылдырылуы керек шығар. Азат
Тұрлыбекұлы, сұхбат бергеніңіз үшін рахмет айта отырып, әңгімеңізді қысқаша
түйіндеуіңізді сұраймын. Конференция қорытындысымен қандай да бір құжат
қабылдана ма? - Біз қазірдің өзінде жеке дара емес, Еуразия университетінің алаштанушы
ғалымдарымен қоян-қолтық жұмыс жасап жатқанымыздан хабардар еттім. Алдағы
уақытта да бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз. Мен мынаны ашық айтқым келеді:
«Алаш» жеке ұйымның, жеке партияның басыбайлы меншіктеп алатын «мүлкі» емес,
біз Алаш жолымен жүреміз деп тірлік жасап, іс тындырамыз деп ниеттенгендердің
неғұрлым көп болғанын тілейміз. Былтырғы жылы «Нұр Отан» партиясы Әлихан
Бөкейхановтың 145 жылдығына орай ғылыми-практикалық конференция
ұйымдастырды, шет елдерден де ғалымдар шақырылды. Оған біраз ақжолдықтар,
мен де қатыстым. Басқа партиялар, қоғамдық ұйымдар үшін де, әсіресе, ғылыми
қауым үшін бұл бағытта атқарылғаннан атқарылмаған істер көп. Енді 5 жылдан кейін
2017 жылы Алаш қозғалысының – Алашорданың құрылғанына 100 жыл толады.
«Ақ жол» - бір күннің партиясы емес, саяси ұйым ретінде еліне, мемлекетіне қызмет
еткісі келетін, мемлекетшіл азаматтардың партиясы. Біз ұзақ мерзімді стратегиялық
бағдарларымызды белгілеп, партияның бүгінгі ғана емес, ертеңгі істерін жүйелеуіміз
керек. Сондықтанда осы бағытта жұмыс істеп, Алаш қозғалысының 100 жылдығына
дейінгі аралықта қоғамдық санаға ой енгізіп, Алашорданы, Алаш қайраткерлерін
лайықты ұлықтау қажет екендігіне Қазақ елінің үкіметінің, баршаның көзін жеткізіп,
табандылықпен түсіндіре береміз. Біз «Алаш» қозғалысының 100 жылдығын еліміздің
өміріндегі аса маңызды кезеңдік оқиға ретінде бағалап, оның дайындығына
Үкіметті, Парламентті, басқа да мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдарды
қазірден кірісуге шақырамыз.