«Ақ жол»: Жер асты суларын тиімді барлау мен пайдалану үшін кеңес заманының ұңғымалаларын ескеріп, оларды жеке меншікке беру арқылы қолданылуын қалпына келтіру қажет
2013 жылғы 20 ақпан, «Ақ жол» Қазақстаннның демокртиялық партиясының баспасөз қызметі
Мәжілістің бүгінгі жалпы отырысында: «жер асты суларын тиімді барлау мен пайдалану, осы мақсатқа бөлінген бюджет қаржысын негізсіз шығындалуын қысқарту мақсатында кеңес заманының ұңғымалаларын ескеріп, оларды коммунальдық немесе жеке меншікке беру арқылы қолданылуын қалпына келтіру қажет, - деп атап көрсетті Меруерт Қазбекова.
Фракцияның Премьер-министр Серік Ахметовтың атына жолданған депутаттық сауалында қолданыстағы гидрогеологиялық ұңғымаларды тиімді пайдалану және оларды жаңарту мәселесі көтерілген.
Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің мәліметіне сәйкес жер асты суларының 1282 кен орны барланған. Алайда, барланған кен орындарының саны халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге жеткіліксіз.
Әсіресе, ақжолдықтар кеңес заманы кезінде республиканың 80 % ауылдық елді мекендерінде іздестіру-барлау жұмыстарының жүргізілгеніне, олардың есептерінің геологиялық қорларда сақталып жатқанына ерекше назар аударып отыр.
«Ауыз су бойынша мемлекеттік бағдарламаның бюджет қаржысын қалыптастыру барысында осы, бұрын жүргізілген барлау жұмыстары жеткілікті дәрежеде назарға алынбай отыр. Геологиялық қорларда сақтаулы геологиялық мәліметтің барына қарамастан, жыл сайын жер асты су көздерін ісдестіру мен барлауға қаржы бөлінуде», - деп, атап өтті М. Қазбекова. Осы орайда ол Ақмола облысын мысал ретінде келтірді. Облыстың бірқатар кенттерін сумен қамтамасыз ету үшін 80-інші, 90-ыншы жылдардың бастауы жер асты сулары іздестіріліп, арнайы мекемелер су құбырларының жобалау жұмыстарын жоспарлауды бастаған болатын. Жұмыс аяқталмай қалса да, аудандардың құжаттары мен сызбалары сақталған. Соғанқарамастан, 2012 жылғы бюджеттік бағдарламада барланған аталған кенттердің кейбіріне жер асты суларын іздестіруге қайта қаржы бөлініп отыр.
Сондай-ақ, фракция депутаттары кейбір жер асты суларының көзі жоғалып, басқа сулармен ластанып кеткендігін атап өтті.
«Қазақстан Республикасының аумағында жүз мыңдаған иесіз, бірақ пайдалануға жарамды гидрогеологиялық ұңғымалар бар. Бұл ұңғымалар тек шаруашылыққа және ауыз суға жарамды су көздерін ғана емес, минералды, геотермальды және өнеркәсіптік-техникалық қажет суларды аша алады.
Олардың халықты ауыз сумен қамтуда, мал шаруашылыған қалпына келтіруде, өнеркәсіптік инфрақұрылымдарды дамытуда маңызы зор», - делінген депутаттық сауалда.
Соған байланысты фракция депутаттары Үкіметке мынадай сауалдар жолдады:
· Гидрогеологиялық ұңғымалар туралы мәліметтерді қалпына келтіру және картографияландыру жөнінде үкіметтік деңгейде қандай жұмыстар атқарылуда?
· Бұрын пайдаланылған жарамды ұңғымаларды қалпына келтіруде қандай шаралар жүргізіліп жатыр?
Ақжолдықтар гидрогеологиялық ұңғымаларды жаппай коммунальдық немесе жеке меншікке берген жағдайда ғана оларды қазіргі уақытта және болашақта пайдалануға болатынына, сондай-ақ жер беті суларының араласып кетуінен сақтай алатынына сенімді.
«Ақ жол» ҚДП фракциясы сайлауалды тұғырнамасын жүзеге асыруда және сайлаушылардың аманаттарын орындауда өз жұмыстарын жүргізе беретін болады.