Павлодар қаласына асыл текті Алаш арысы Жүсіпбектің рухы жеткізілді. Павлодар облысының бір шоғыр зиялы қауым өкілдері Ресейдің Мәскеу қаласына барып, қазақтың ардақты ұлы, елінің елдігі үшін аянбай қызмет еткен қайраткері, ұлт мұраты үшін күрескен арда азаматы Жүсіпбек Аймауытұлының тағдыр жазуымен жат жұртта жерленген жеріне туған елдің топырағын апарды және ол жердің топырағын Алаш арысының туған жері Баянауыл ауданы, Қызылту ауылында салтанатты түрде, биік дережеде жерлеу рәсімі өткізілді
Яғни, 2014 жылғы 19 қыркүйекте Алаш қайраткері, публицист, ақын-жазушы, қазақ сахна өнерінің негізін салушы, аудармашы Жүсіпбек Аймауытұлының ескерткішінің салтанатты ашылуы болып өтті. Ескерткіш Ж.Аймауытұлы атындағы қазақ музыкалы драма театрының қас бетіне орын тепті. Мүсін қоладан құйылған, биіктігі 3,6 метр, астындағы тастұғырын есептегенде, жалпы биіктігі 7,6 метрге жетеді. Авторы – Ермек Тоқтаров. Композицияда Ж.Аймауытұлы тік тұрған күйінде бейнеленген. Оның үстіндегі киімдері – бешпеті, пальтосы өзі өмір сүрген тұстағы кезеңмен сәйкестендірілген. Тас мүсіннің ашылу салтанатына облыс әкімі Қанат Бозымбаев, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Вице-министрі Асқар Бөрібаев, Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы-драматург Әкім Тарази, ҚР Мемлекеттік сыйлығының және тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты, ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері Әшірбек Сығаев, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері Ерсайын Тәпенов, академик Ғарифолла Есім, Жүсіпбек Аймауытұлының немересі Римма Бектұрқызы Аймауытова, «Ақ жол» ҚДП Орталық аппаратының идеология бөлімінің аға сарапшысы, алаштанушы Айдын Ырысбекұлы, «Ақ жол» ҚДП Павлодар облыстық филиалының төрағасы Ербол Арынов және басқа да республикадан келген сыйлы қонақтар, шығармашылық интеллигенция қатысты.
Түстен кейін, С.Торыайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Жүсіпбек Аймауытұлының 125 жылдығына арналған республикалық ғылыми-практикалық конференция және Алаш ардақтысының шығармашылығы қойылған кітап көрмесі өткізіліп, деректі фильм көрсетілді. Ал, кешкі сағат 18.00-де Ж.Аймауытұлы атындағы қазақ музыкалы драма театрында «Ар алдаспаны - Аймауытов» атты спектакль тамашаланды. Соңынан Баянауыл баурайында «Жүсіпбек- алаш ардақтысы» атты ауқымды мерекелік іс-шара жалғасын тапты.
Қазақтың басы қайда қалмады, ең соңғы ұлы ханымыз Кенесарының да басы елге қайтарылған жоқ. Сондықтан бұл – саяси және адамгершілік жағынан әрі мұңды, әрі тәубе дейтін үлкен іс. «Қазақта әдемі сөз бар, «су сүзілмейді, сүйек үзілмейді» деген. Ал Жүсіпбектің сүйегі де біздің мыңдаған ақтаңдақтарымыздың мәйіті секілді христиан қорымында жатқандықтан, олардың ол жерде жатуы біздің мұсылман ғұрпымызға да қиғаш келеді. Ал, әділеттілікті орнату үшін, сол бір боздақтарымыздың рухын туған топырағына қайтару міндеті бүгінгі ұрпақтарының қасиетті борышы болып табылады. 84 жыл өткеннен соң еліне оралған Алаш ақиығының рухына тағзым барлық жөн-жоралғысымен, ұрпаққа ой салып, тағылым беретіндей мән-маңызымен атқарылды.
Мұсылман дәстүрі бойынша әркім де өлген соң жер қойнына берілуі тиіс, себебі бізді топырақтан жаратты, топыраққа барамыз және топырақтан қайта тірілеміз. Ертең осындай басқа азаматтарымыздың сүйегі табылып жатса, оларды бір жерге қайта жерлесе, сол жерге адамдардың жиі келіп, тағзым етіп тұруы үшін қаланың ішінен ұлттық пантеон ашқан ыңғайлы болар еді.
Тәуелсіздікке қол жеткізбесек, 84 жыл бойы Ваганьков қорымында белгісіз қалған құмырадағы мәйіт күлі елімізге жетер ме, жетпес пе еді, кім білсін?! Құдайға тәубе, Тәуелсіздіктің арқасында тағы бір Алаш арысының рухы елге оралды. Бұған да шүкір!