25 ақпан 2014 жыл, Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясының баспасөз қызметі
Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы Кодекс жобасының негізгі қағидалары Конституцияның ережелерімен қатаң сәйкестендірілуі тиіс – бұл туралы Азат Перуашев а.ж. 21 ақпанында Сенатта өткен «Әкімшілік заңнамаларды реформалау: проблемалар және жетілдіру жолдары» атты ғылыми-тәжірибелік конференциясында сөйлеген сөзінде мәлімдеді. «Ақ жол» фракциясы Үкіметті әкімшіліктік әділетті дамыту мәселесінде қолдауға дайын және бұл Президент Н.Назарбаевтың 2020 жылға дейінгі кезеңге, ҚР құқықтық саясат Тұжырымдамасында қойған міндеттерін жүзеге асырудың заңды жалғасы болып табылады. «Жалпы жаңа кодекстің қабылдануының өзектілігін қолдай отырып, біздің фракцияның депутаттарына күмән тудыратын кейбір ережелерге сіздердің назарларыңызды аударамыз», - деп атап өтті. Сонымен қатар, «Ақ жол» партиясының көшбасшысы қазіргі қаралып отырған Кодекстің жобасына қатысты фракцияның бірқатар ұсыныстары туралы да айтып кетті.
1. Заң жобасында, «Мүлік пен құжаттарды алып қою..., осы Кодексте қарастырылған жағдайларда және тәртіппен жүргізілуі мүмкін деген түсіндірме бар», бұл міндетті түрде сот шешімінің бар болуы туралы конституциялық талаптарға қайшы келеді. Конституцияның 26-бабының 3-тармағына сәйкес: «Соттың шешімінсіз ешкімді де өз мүлкінен айыруға болмайды. Заңмен көзделген ерекше жағдайларда ғана мемлекет мұқтажы үшін, мүліктен күштеп айыру, оның құны тең бағамен өтелген кезде жүргізілуі мүмкін».
«Бұл басқа біреудің меншігін тартып алу сияқты заңсыз мүмкіндіктерді кеңейту үшін жағдай жасайды. Ал Президент жуырда ғана жеке меншікті қорғау құқығын заңнамалық деңгейде кеңейтуді талап еткен болатын. «Ақ жол» партиясы Конституция нормалары қай қырынан болсын өзгермейтін және қоғамдық қатынастардың кез-келген саласында қолданылатын болуы тиіс», - деп санайды.
2. Жазаны тағайындау үшін негіз болған жағдайларды жойған кезде, оны алып тастау тәртібін заңнамалық деңгейде айқын белгілеу қажет.
3. Сондай-ақ: іс бойынша жағдайларды анықтауда уәкілетті органға жәрдем көрсету; іс бойынша қаулыны шығарғанға дейін жіберілген бұзушылықтарды жою туралы ұйғарымға келіп, оны өз еркімен орындауды; әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін жауаптылықты жеңілдететін жағдайлардың тізіміне қосу ұсынылады.
4. «Қайталану» және «бірнеше рет жасалу» ұғымдарын жобаға Заңнамалық түрде қосуды бекіту және қосу ұсынылады, себебі оқиғаның барлық факторларының жинынтығы ескерілуі тиіс болатын нақты жағдайларды қараған кезде олардың маңызыдылығы жоғары.
5. Жеке кәсіпкерлік субъектілеріне тексеру жүргізудегі бұзушылықтарға, сондай-ақ, ҚР мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаларды бұзғаны үшін де әкімшілік жауапкершілікті едәуір қатаңдату ұсынылады. (Тексеру жүргізу ережелерін бұзғандары үшін кінәлілерге қатысты айыппұлды 20 дан 100 АЕК-ке дейін өсіру, қайталанып жасалған, тағы да сол әрекеттері үшін 25 тен 200 АЕК-ке дейін өсіру ұсынылды).
Қазақстан Республикасының өрт қауіпсіздігі саласындағы заңнамасын тәуекелдіктерді тәуелсіз бағалау жүргізу кезінде бұзғаны үшін, әкімшілік жауапкершілікті алып тастау ұсынылады. Себебі, бұл жүйе мемлекеттік бақылау қызметін жеке, «тәуелсіз» деп аталатын ұйымның жүргізуіне беруді көздейді. Бұл қолданыстағы заңнамалармен, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығын қоса алғанда, тікелей тыйым салынған. А.Перуашев аталған ұғымның қолданыстағы заңнамалардың талаптарына түбегейлі қарама-қайшы екені туралы ҚР Бас прокуратурасына хат жазғаннан кейін «Азаматтық қорғау туралы» заң жобасынан «тәуекелдіктерді тәуелсіз бағалау» ұғымының алынып тасталғаны туралы еске салды.
6. Егер құқық бұзушылық оған байланыссыз жағдайлармен жіберілген болса, кәсіпкерлерді жауапкершіліктен босатуды қарастыру ұсынылады. Мысал ретінде, 2009 жылы АЗС қызметін міндетті лицезиялауды енгізудегі жағдай келтірілді. Нәтижесінде, бүкіл Қазақстан бойынша бір жылдан астам уақыт мыңдаған жанар жағар май құю бекеттері лицензиясыз, еріксіз құқық бұзушылар болып жұмыс істеді. Қылмыстық істер қозғалды, ондаған кәсіпкерлер соттың шешімімен қылмыстық жауапқа тартылды. Тек, «Атамекен», Бас прокуратура және Жоғары сот араласқаннан кейін ғана кәсіпкерлердің осы құқықтық қайшылықтардан жеке кінәсінің жоқтығы дәлелденді.
«Ақ жол» партиясының депутаттары келешекте осы түзетулер қабылданса, бизнесті осындай оқиғалардың қайталануынан қорғауға мүмкіндік беретініне сенімді.
«Осы тұрғыда бақылау-кассалық аппараттарын қолдану тәртібін бұзғаны үшін жауапкершілік бойынша да түзетулерді қарау керек. Жалпы, касса аппаратын шағын кәсіпорындарға міндетті түрде қолдануды енгізу бизнес-қауымдастықта үлкен дау тудыратынын еске салуды керек деп есептеймін, - деп атап өтті А.Перуашев. – Дамыған елдерде – Голландияда, Германияда, Францияда, АҚШ-та - сатушылар осындай аппаратсыз жұмыс істейді. Біз неге екені белгісіз есепті жүргізуге оның шамасы келмейтін, өзіміздің ұсақ-түйек сататын азаматтарымыздан оларға керек емес аппаратты сатып алуды талап етеміз. Және бұл Президенттің адамдарды шағын және орта бизнеске кеңінен тарту, жаппай кәсіпкерлікті ынталандыру туралы талаптарының аясында болуда».
7) Бизнес деңгейлері бойынша – шағын, орта және ірі деп жазалау шараларын саралаудан өткізу қажет, себебі осындай құқық бұзушылықтардың келтірген шығын деңгейі және қоғамдық мәнділігі елеулі түрде ажыратылады. «Ақ жол» партиясы ӘҚБтК-гі ұсынылған тәсілдемелер бүгінгі экономикалық жағдаяттарға сәйкес келмейді және салық пен кәсіпкерлік заңнамаларында қолданылатын әркелкі тұрғыдан түзетілуі тиіс деп есептейді.
«Регламент талаптарына сәйкес, мен «Ақ жол» ҚДП-ның қарастырылып жатқан заң жобасы бойынша тек бірнеше ескертпелерін ғана атап өттім. Қалған ұсыныстар жұмыс тобына жіберілді және біз парламенттік рәсімге сәйкес оларды қорғауды жалғастырамыз», - деді А.Перуашев.