«Ақ жол» ҚДП ОК идеологиялық жұмыс бойынша хатшысы Сәбит Байдалының партияның Орталық Кеңесінің Пленумында жасаған «Ақ жол» демократиялық партиясының 2015-2020 жылдарға арналған Алаш қозғалысы қайраткерлерінің идеялық көзқарастарын зерделеу және тарату жөніндегі Бағдарламасының жобасы» туралы баяндамасы
Құрметті әріптестер!
2014 жылдың 13-інші желтоқсанында, тура Алашорда үкіметінің құрылған күнінде, Партияның Орталық кеңесінің Пленумы өтіп, аса маңызды шешім қабылдағанын еске салғым келеді. Онда «Ақ жол» демократиялық партиясының 2015-2020 жылдарға арналған Алаш қозғалысы қайраткерлерінің идеялық көзқарастарын зерделеу және тарату жөніндегі Бағдарламасының жобасы» негізге алынған. Оның аса маңызды құжат екендігі ескеріліп, ол барлық партия ұйымдарында кеңінен талқыланғаннан кейін, партияның жоғары басшы органдарының бірімен қабылдануы үшін ұсынылған болатын.
Осындай маңызды шешім қабылданғанша Бағдарламаның жобасымен жұмыс жасау үшін Партия төрағасы Азат Перуашев жұмысшы тобын құрған болатын. Жұмысшы тобының құрамына бүгінгі таңда сенімді серіктесімізге айналған Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің алаштанушы ғалымдары: Дихан Қамзабекұлы, Зиябек Қабылдинов, Сұлтанхан Жүсіп кіріп, нақты ұсыныстарын берді. Топтың жұмысын үйлестіру, басқару жауапкершілігі Партияның Орталық кеңесінің идеологиялық жұмыс бойынша хатшысы ретінде маған жүктелген болатын. Бүгін біздің Пленумның жұмысына Сұлтанхан Аққұлы Жүсіп, сондай-ақ аталған университеттің Сұлтанхан мырза басшылық ететін Алаш институтының ғалымдары: Сағымбай Жұмағұлов, Қайырбек Кемеңгер қатысып отыр. Партияның ОК мүшелерінің атынан Сіздерге осы мәртебелі мінберден шын жүректен ризашылығымды білдіруге, алдағы уақытта да ортақ іс үшін жұмылып, ынтымақтастықта болатынымызға сендіруге рұқсат етіңіздер.
Бағдарламаның жобасы «Ақ жолдың» сайтына орналастырылды, «Қазақ үні» газетінде, оның сайтында жарияланды Яғни, бағдарлама жобасын оқып, танысуға партия активінің толық мүмкіндігі болды. Бағдарлама жобасы облыстық филиалдарда талқыланды. Ондағы айтылған ұсыныс-пікірлер ескерілді. Тұтастай алғанда, жыл бойы (біздің партия ішінде ғана емес, басқа да жерлерде) өткен әртүрлі деңгейдегі жиындарда бұл туралы айтылып, негізінен жұртшылықтың, әсіресе ғылыми орта өкілдерінің қолдауына ие болды.
Өткен аптаның соңында тағы да бір рет қарап, пысықтап, талдап, осы бүгінгі Пленумда талқылауға қатысуға дайын болып келулеріңіз үшін Бағдарлама жобасын филиалдар төрағаларына жібергенбіз.
Менің ең бірінші баса айтқым келетіні: Алаш жөніндегі бағдарламаны Партияның Саяси бағдарламасының ажырамас, құрамдас бөлігі деп санауымызға толық негіз бар. Өйткені, Саяси бағдарламамызда біздің партия ұлттық мемлекеттілікті қалыптастырудың іргелі негіздерін қалаған, ұлттық мүдделерімізді әлемдік өркениеттің үздік жетістіктерімен ұштастыру негізінде, қазақ қоғамын еуропалық жолмен жаңғыртуды өзінің мақсаты еткен «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының ізбасары болып табылатыны атап көрсетілген. «Алаш» қозғалысының базалық құндылықтары – ұлттық дербестік, либерализм, демократия, жеке тұлғаның құқықтары мен бостандықтары, өнімді нарықты экономика, этностар мен діндердің теңқұқықтылығы - біздің бағдарларымыз болып қызмет етуін жалғастыратыны мәлімделген.
Ал екінші жағынан алғанда бұл іс жүзінде Партияның жаңа Саяси бағдарламасымен қатар Алаш тақырыбы бойынша жеке Бағдарлама қабылдау деген сөз. Жеке, өз басым үшін, Алаш жолын өмірімнің мән-мазмұнын байытып тұрған ерекше құрамдас бөлігі ретінде санайтын азамат ретінде, бұл бағдарлама біздің Саяси бағдарламамыздан маңызы кем емес құжат. Біздің дәстүрге енген Жалпыұлтты байқауымыздың, оның қорытындыларымен шығып жатқан кітаптар сериясы тіпті де тегіннен тегін «ХХ1 ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» аталып отырған жоқ. Алаштың Ақ жолы ХХ1 ғасырда да, одан кейін де жалғаса беретін мәңгілік жол. Алаш біз үшін өткен шақ қана емес, ол біз үшін осы шақ және келер шақ. Бізге Алаш тарихына жаңаша көзқараспен қарап, атқарып жатқан істерімізді дамыта отырып, Алаш идеяларын, бастамаларын, құндылықтарын бүгінгі және келер күндердің кәдесіне жаратуға бағытталған, замана талабына сай кешенді іс-шаралардың жиынтығын қамтып тұжырымдау керек болды. Соны әл-қадарымызша жасадық.
Бағдарламаныңқұрылымдық түзілімі туралы айта кетейін: әуелі Бағдарлама қабылдаудың мақсаты және қажеттілігі дәйектелген. Оны Сіздер менің осы айтып тұрған сөздерімнен де байқадыңыздар деп ойлаймын. Одан кейін Бағдарламаның тұжырымдамалық негіздерін үш бағытта жүйелеуге тырыстық. 1. «Алаш» қозғалысы идеяларының мемлекет құрылысындағы, демократиялық құндылықтардағы және қазіргі Қазақстан қоғамының еуропалық жолды таңдаудағы сабақтастығы; 2. «Алаш» қозғалысы көшбасшыларының еңбектеріндегі экономикалық көзқарастарының өзектілігі, қоғамды әлеуметтік жаңғыртудың мәселелері және осы идеяларды қазіргі заманғы Қазақстанда дамыту;3.Алаштың рухани-мәдени тәжірибесінің, ұлттық құндылықтарға көзқарастарының қазіргі заманғы Қазақстан үшін өзектілігі. Бұл тұжырымдамалық негіздердің тақырыптары, өзіміз осыған дейін өткізген іс-шаралардағы баяндамалардан, сөздерден, өзіміз тұжырымдаған тезистерден алынды. Мұны дұрыс ұстаным деп санаймын. Өйткені, ондай іс-шараларды не үшін өткіземіз, егер оны одан кейін қызметімізде пайдаланбайтын болсақ. Мейлінше сығымдалып жасалған (Алаш мұрасы – тым ауқымды мұра) тұжырымдамалық негіздерге сүйене отырып, Бағдарламалық міндеттерімізді жарияладық. Оның діңгегін 2016 жылы туғанына 150 жыл толатын «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының негізін қалаушы әрі саяси жетекшісі Әлихан Бөкейханды және 2017 жылы құрылғанына 100 жыл толатын «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысын лайықты ұлықтау бойынша жасалған нақты ұсыныстар құрайды. Ол түсінікті де. «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының қызметі, жалпы Алаш идеясы – қазақ қоғамын еуропалық жолмен жаңғыртуды басты бағыттарының бірі ретінде ұстанып, сол замандағы нақты жағдайларға бейімдеп, ұлттық мемлекеттілікті қалыптастыруға ұмтылғанын жұртшылық байыптап келеді. Париждегі ЮНЕСКО Атқарушы кеңесінің биыл қараша айына белгіленген осы ұйымның Бас конференциясында қабылдау үшін жіберген ұсыныстарының ішінде 2016 жылы қоғам және мемлекет қайраткері Әлихан Бөкейханның туғанына 150 жылдығын ЮНЕСКО көлемінде атап өту жайы қарастырылып отырылғаны осының айғағы.
Франция төрінен жеткен бұл хабардың маңызы Президентіміз Н.Назарбаевтың бастамасымен Қазақ хандығының 550 жылдығы аталып өтіп жатқан тұста тіпті еселеп арта түседі. Сондай-ақ бұл Алаш мұрасын жалпы адамзаттық құндылықтар ретінде әлемдік деңгейге шығарып насихаттаудың таптырмайтын мүмкіндігі. Елбасы жария еткен «Мәңгілік ел» мұраты да Алаш жолын елімізде де, халықаралық деңгейде де зерделей түссек, баянды бола түспек.Алаш қайраткерлерінің мемлекеттің құрылысына, экономикалық-саяси мәселелерге, демократиялық, ұлттық-мәдени құндылықтарға қатысты көзқарастарының Ұлы Даланың ұландары үшін бүгін де, ертең де қажеттілігі күмән тудырмайды.
Бағдарламадағы 2016 және 2017 жылдарға ұсынылған кешенді шаралардың жиынтығын орындаудың алғышарттары 2015 жылдан бастау алуы тиіс болатын. Сондықтан да биылғы жылы біз бастамашылық жасаған және атқарған істердің негізгі бағыттарына ғана қысқаша тоқталсақ. Қазіргі таңда жыл сайын «ХХ1 ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» атты Жалпыұлттық байқауын өткізіп, финалдық сатысын ғылыми-практикалық конференциямен қорытындылап, оның материалдарын негізге ала отырып, ғылыми жинақ шығарып тұру жүйелі сипатқа ие болды. Тіпті осы жинағымызға енгізуді сұрап, арнайы материалдар әзірлеуші авторлар пайда бола бастады. Мәселен, Хайредтин Болғанбаевтың туысы Жамбыл Кәмел, Қазақстан Республикасының халыққа білім беру ісінің озық қызметкері, №68 мектепте Алаш мұражайын ашамын деп тірлік жасап жүрген зейнеткер ұстаз Тлеубек Ысқақов, саясаттанушы Мақсат Жақау тағы басқалар Алаш қайраткерлері жайлы біздің ғылыми жинағымыз үшін арнайы жазған мақалаларын ұсынды.
Жалпы, «Ақ жол» партиясының Алаш мұрасын зерделеу және тарату бойынша іс-шаралары бұл байқаумен шектеліп отырмағанын баса айтқым келеді. Әртүрлі бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде Интернет-сайттарда биыл Омбы ғылыми экспедициясы туралы көптеген материалдар жарық көрді. Қазақ халқының тарихы үшін Ресей мұрағаттары, соның ішінде елімізбен шекаралас облыс-өңірлерінің сирек кездесетін мұрағат қорларының деректері аса маңызды болып табылады. Ұлттық тарихымыздың ақтаңдақ беттерін ақтарып ашу үшін құнды айғақ-деректер–бір кездегі қазақтың атамекені, бүгінгі Ресей Федерациясына қарайтын Омбы қаласында молынан жинақталған. Осыны ескеріп, біздің партия былтыр ЕҰУ-нің бір топ алаштанушы ғалымдарының Омбы қаласына ғылыми экспедициясын ұйымдастыру үшін қаржылай көмек көрсеткен. Оның құрамында «Алаш» мәдениет және рухани институтының директоры, ф.ғ.к., PhD Сұлтанхан Жүсіп, «Еуразия» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, т.ғ.д., профессор Зиябек Қабылдинов, доцент, т.ғ.к., Сұлушаш Құрманова, осы университеттің докторанты Еркін Рахметуллин болды. Олар Алаш қайраткерлерінің ХХ ғасырдың басындағы қоғамдық қызметі тығыз байланыста өрбіген осы қаладағы мұражайлар мен мұрағаттардың құжаттары мен артефактыларымен жұмыс істеп, соның нәтижесінде үлкен тарихи олжаға кенелді. Әлихан Бөкейханның бұрын еш жерде жарияланбаған жаңа фотосы табылып, соны қазбалап зерттеудің арқасында Алаш көсемінің өмірінен тың деректер ашылды. СұлтанХан Жүсіптің авторлығымен «Омбы экспедициясының» нәтижелері туралы қазақ және орыс тілдерінде сериялы материалдар шықты, Зиябек Қабылдиновтің Кенесары хан туралы «Всесокрушающий степной ураган» атты публицистикалық мақаласы жарияланды. Ғылыми зерттеу арқауына негізделген жұмыстардың елімізге қашанда игі шарапатын тигізіп, зор жетістіктерге жетелейтіні анық. Осы тұрғыда, ұлт руханияты мен тарихын алға сүйрейтін, жауапкершілік жүгін арқалап жүрген алаштанушы ғалымдарға, оның ішінде бүгін Пленумымызға қатысып отырған алаштанушыларға табыстар тілейміз. Сондай-ақ бүгінгі салихалы отырысымызға ЕҰУ-інде Дихан Қамзабек бас болып, тұсауы кесіліп, ғылыми ортада тарихи жәдігер саналып үлгерген «Мұрат үшін майдан» атты пьесасының авторларының бірі жазушы Өтен Ахметов қатысып отыр. Ол «Ақ жол» партиясының тапсырысымен 1937 жылы саяси қуғын-сүргінге ұшыраған Алаш сарбазы Мұқтызар Титақовтың аяқтай ала алмаған пьесасын жандандырып, толыққанды пьеса етіп шығарды. Қазіргі таңда осы пьесаны оның басты кейіпкерлерінің бірі - Әлихан Бөкейханның 2016 жылдың наурызына дейін - 150 жылдық туған күні қарсаңында сахналаудың жолын қарастыруымыз керек. Мүмкін, бұл мәселеге байланысты Партиямыздың төрағасы Азат Тұрлыбекұлы Мәдениет министріне арнайы хатпен шығуы керек шығар? Қалай болғанда да ақылдасып, мәселенің шешімін табу қажет. Бұл әрине «Ақ жол» партиясының Алашорда үкіметінің 100 жылдығы мен оның төрағасы Ә.Бөкейханның 150 жылдығына арнаған зор тартуы болар еді.
Партияішілік ағарту жұмысын дамыту мақсатында «Ақ жол» партиясы парламенттік фракциясының апта сайын өтетін онлайн бейнеконференциясының аясында, ай сайын ашық есік жағдайындағы барлық партия филиалдары қатысатын «Алаш тағылымдары» дәрістерін өткізуді тәжірибемізге енгіздік. Мұны тоқтатпай, жалғастыруымыз керек.
Жыл сайын 5-13 желтоқсан аралығында республика көлемінде «Алаш апталығын» өткізу тәжірибесін өмірге енгізе бастадық. Былтыр біз бұл шараны Астанада ЕҰУ-нің Отырар кітапханасында өткіздік, сондай-ақ Шығыс Қазақстан (Семей), Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан филиалдары бұл шараға белсенді қатысты. Биыл бұл шараны бүкіл республика көлемінде өткізуді қамтамасыз етсек дұрыс болар еді. Біздің осындай қадамдарымызды басқалар да қолдап, жыл сайын желтоқсан айында оқу орындарында, мемлекеттік органдар мен әскери бөлімшелерде, мұрағаттар мен кітапханаларда «Алаш тағылымдары» тақырыбына Алаш оқуларын: бұқаралық лекциялар, сабақтар, дәрістер, конференциялар, жиналыстар, көрмелер т.б. шаралар өткізіліп, Алашты ұлықтап, құрметтеу үдерісіне тың сүрлеулер салынып кетіп жатса тіпті ғанибет болар еді. Біздің мақсатымыз – Алаш арыстарының құнын қайтаруға жасалған қадамдарымызды көбейтіп, оған бұқаралық сипат беру болуы тиіс.
Бұл менің, Сіздерге әзірше Бағдарлама жобасындағы, 2015 жылға белгіленген бағыт-бағдарларымыздың негізінен жүзеге асып жатқанынан хабардар ету үшін және оны келер жылдары тиянақты түрде жалғасын табуына осы бүгін қабылданатын Алаш бағдарламасы – бізге Жол картасы сияқты қызмет ететініне сендірмек үшін қысқаша есеп бергенім деп санауларыңызды сұраймын.
Тұтастай алғанда, 2015 жылды лайықты аяқтап, 2016-2017 жылдары Бағдарламада көрсетілген алға қойылған міндеттерді орындай отырып, Алаш арыстарын ардақтаудың биік деңгейіне қол жеткізуге тырысуымыз керек. Ол жәй ғана той тойлаумен емес, ой ойлаумен, артынан із қалатын, ұлтымыздың рухын көтеретін мазмұнмен өтуі тиіс. Біз жақсы түсінеміз, біздің қолымыздан тікелей келетін іс бар, біз қоғамдық пікір тудыру арқылы ықпал етуге тырысатын іс бар. Партиямыздың көшбасшысы Азат Тұрлыбекұлы Партияның Орталық Аппаратына Ә.Н.Бөкейханның 150 жылдығына байланысты Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің атына фракцияның депутаттық сауалының жобасын дайындауға тапсырма берді. Онда әринеБағдарламада көрсетілген бірқатар ұсыныстарымыз болатын шығар. Бірақ ең бастысы сол ұсыныстардың бәрін іске асырудың тетігі болуы керек. Айтылған ұсыныстар айтылған жерде қалмауы тиіс. Азат Тұрлыбекұлы биылғы жылдың төртінші тоқсанынан кешіктірмей Үкімет жанынан үкімет мүшелері, парламент депутаттары, ғалымдар, қоғам қайраткерлері енген Әлихан Бөкейханның 150 жылдығын лайықты деңгейде өткізу жөнінде Мемлекеттік комиссия құру қажет деп санап отыр. Бағдарламада көрсетілген міндеттердің көпшілігін Қазақстан Республикасының үкіметінің қатысуынсыз шешу қиын. Сондықтан да «Ақ жол» партиясы өзінің Парламенттегі фракциясы арқылы Үкіметтің тарих, қазақ және қазақ елі болашағының алдындағы жауапкершілігін үнемі есіне салып, тиісті шаралар қабылдауды талап етуі тиіс. Сондықтан біз Партия төрағасының Үкімет басшысына шығуын толықтай қолдаймыз.
Жалпы, біз осыдан үш-төрт жыл бұрын «ХХI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» жалпыұлттық байқауын жариялап, Алашқа қатысты басқа да шараларды іске асыру бағытын – өзімізге бағдар етіп алғанымыздың дұрыстығына, тағы да көз жеткізіп отырмыз. Қазіргі таңда Алаш тақырыбы біз үшін зиялы қауымның жүрегіне жол табатын «визиттік карточкамызға» айналған кезде, бұрынғы деңгейден төмендеп кетуге болмайды. Сондықтан да бұл жобаның ресми құжатқа айналуын бұдан әрі кешіктіре берудің ешқандай реті жоқ. Қазіргі талқылаудан кейін ең соңғы ұсыныс-пікірлерді ескере отырып, Бағдарламаны тұтастай қабылдау қажет деп санаймын.
Ал оны орындау жолында Партия өзінің саяси-ағартушылық жұмыстарында - мемлекет пен қоғамды дамытудың келiсiмдi жолдарын қарастыру мақсатында тиісті мемлекеттiк органдармен, тарихи-ғылыми ортамен, қоғамдық бiрлестiктермен, өзге де Алаш тарихына бей-жай қарай алмайтын ұйымдармен өзара ынтымақтастығын дамытып, бiрлесiп iс-қимыл жасауға ұмтылуы тиіс. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген қазақ атамыздың сөзін үнемі назарда ұстаған жөн.
Құрметті ОК мүшелері!
Кім не десе о десін, біздің бұл бағдарламамызды қабылдау Партия өміріндегі үлкен оқиға. Кез келген партияның екі басты құжаты болады - ол Жарғы және Бағдарлама. Біздің Жарғымыз салыстырмалы түрде алғанда жаңа. Біздің Саяси Бағдарламамыз жаңа, бір жыл да болған жоқ, қабылданғалы. Ал енді бүгін қабылданғалы отырған «Алаш» Бағдарламасы жаңа деп те, ескі деп те айтуға келмейді, бұл Бағдарлама Тәуелсіз Қазақстанның партия құрылысы тарихында тұңғыш рет жасалып отыр. Мен Сіздерге, осы бүгін қасиетті Құрбан айт күндерінің бірінде жасалып отырған қадамымыздың сәтті болуын тілеймін. Оның іске асуы бәрімізден көп күш-жігер жұмсауымызды талап етеді. Ендеше жаңа серпінмен еңбек етіп, жаңа жеңістерге жете берейік. Ынта-ықыласпен тыңдағандарыңыз үшін рахмет.
Астана қаласы
2015 жылдың 26 қыркүйегі