11
Ақпан

Санат жоқ 11.02.2016

Мектеп кітаптарында Қамбар батыр спирттік ішімдікті жаны қалайтын адам ретінде көрсетілген – депутаттар атап көрсетілген хрестоматияны Қазақстан Республикасының оқу орындарында оқу құралы ретінде пайдалануға тыйым салуды енгізу жөніндегі прокурорлық ден қою шараларын қабылдауды талап етеді

Қазақстан Республикасының
 Бас Прокуроры
                                                                   А.Қ.Дауылбаев мырзаға  

 

 

Құрметті Асхат Қайзоллаұлы! 

Жаңа оқу жылының басында 9 сыныпқа арналған қазақ әдебиеті хрестоматиясының («Қазақ әдебиеті» хрестоматия,  «Мектеп» баспасы, 2012 ж.) мазмұны қоғамда және әлеуметтік желілерде ата-аналардың үлкен наразылығын тузғызды.
Қазақтың «Қамбар батыр» эпосының аталған басылымда пайдаланылған нұсқасы оның тарихи теңтүпнұсқалылығына және оқушыларға моралдық әсер етуі үлкен күмән туғызады. Айталық, эпостың басты жағымды кейіпкері – Қамбар батыр оқушыларға спирттік ішімдікті және темекі таруды жаны қалайтын адам ретінде көрсетілген. Нақты мысал келтірер болсақ:
 
«...Қара қасқа атты қаңтарып,
Маңдайын сүртіп демалып,
Шылымын шегіп тұрады.
 
...Қайтқанда Қамбар ішсін деп,
Арақ пенен шарапты
Сандыққа салып сақтады,
Бөтелкеге ашытып.», т.б.
 
Бізге шағымданып келген ата-аналардың өкілдері мен педагогтар қауымының пікірі бойынша, ұтттық батырымыз жағымсыз суреттеліп, бұл жерде  Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларының талаптары бұзылып отыр.
Біріншіден, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексінің негізгі қағидаттары бұзылған, онда денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясат саламатты өмір салтын қалыптастыруға жәрдемдесу негізінде жүргізілетіні атап көрсетілген.
 
Екіншіден, аталған басылымның жариялап отырғаны осы Кодекстің 159-бабының 1-бөлігінің талаптарына қайшы келеді, Кодексте темекі бұйымдары мен алкогольді тұтынудың профилактикасы және оны шектеудің; темекі бұйымдары мен алкогольді тұтынуға халықтың өмірі мен денсаулығы үшін аса қауіпті фактор ретіндегі көзқарасын қалыптастырудың қажеттілігі туралы жазылған.
 
Үшіншіден, «Білім туралы» ҚР Заңының 11-бабы 2) тармақшасына сәйкес білім беру жүйесі міндеттерінің бірі жеке адамның шығармашылық, рухани және күш-қуат мүмкіндіктерін дамыту, адамгершілік пен салауатты өмір салтының берік негіздерін қалыптастыру болып табылады.
 
Төртіншіден, білім беру бағдарламасына эпостың аталған нұсқасындағы келтірілген жолдарды қосу «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» ҚР Заңының 8-бабының 3-тармағы 2) тармақшасысының талаптарын бұзып отыр, осы Заңға сәйкес баланың денсаулық сақтауға құқығы балалардың салауатты өмiр салтын насихаттау арқылы қамтамасыз етiледi.
 
Бесіншіден, «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» ҚР Заңының 36-бабының сақталмағандығы да анықталып отыр, онда мемлекеттiк органдар баланы оның денсаулығына, имандылық жағынан және рухани дамуына зиян келтiретiн ақпараттың, насихат пен үгiттiң терiс ықпалынан қорғауға мiндеттi екендігі айтылған.
 
Алтыншыдан, осы редакцияда шығарылған оқулық «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» ҚР Заңының 37-бабының 1-тармағын да бұзып отыр, осы Заңға сәйкес баланың ата-анасы, мемлекеттiк органдар, сондай-ақ баланы тәрбиелеу мен оған бiлiм беру функциясын жүзеге асыратын ұйымдар салауатты өмiр салтын және алкогольдi өнiмдер мен темекi бұйымдарының зиянды екенiн насихаттауға мiндеттi.
 
Жетіншіден, «Жарнама туралы» ҚР Заңының алкоголь және темекi өнiмдерін жарнамаларуға тыйым салатын 13-бабының ережелеріне анық сәйкес келмейтіндігін де атап өткен жөн. Көрсетілген мәтінде басты жағымды кейіпкердің, халық батырының алкоголь және темекi өнiмдерін пайдалануы қандай да бір кінәлау түрінде емес, ауыр шайқастардан кейін демалған кезіндегі сәтін бейнелеген сипатында жазылған.
Алайда, осы арқылы оқушылардың санасында жоғарыда келтірілген денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясаттың талаптарына қайшы, алкоголь және темекi өнiмдерін пайдалануды дұрыс екен деген қате пікір қалыптасуы мүмкін.
 
Сонымен қатар, ҚР Білім және ғылым министрлігі қоғамдық ортаның наразылығына орай берген жауабында: атап көрсетілген үзіндіні «эпикалық шығарманың классикалық үлгісі» болып табылады деп сендіреді және 1922 жылғы дереккөзге сілтеме жасайды. Алайда, эпостың қазақ тарихының ерте кезеңіне жататынын жақсы білеміз, 1922 жылғы дереккөзге келсек, ол кейін қосылған элементтерді енгізу арқылы қайта жазылған нұсқа болуы ықтимал.
Білім және ғылым министрлігінің «Қамбар батыр» эпосының он бір нұсқасы бар екендігімен келісетіні де тегін емес, бірақ бұл ретте, анық көрініп тұрған фактілерге қарамастан, осы таңдап алынған нұсқа оқушылардың алкоголь мен темекi сияқты зиянды әдеттерден қашық жүруіне бағытталғандеп сендіреді.
Алайда, жарияланып кеткен оқу құралындағы эпостың нұсқасында қандай да бір алдын ала сақтандыру не басты кейіпкерге танылған зиянды әдеттердің залал келтіретіні туралы нұсқау көзделмейді. Сонымен бірге, пайдаланылып отырған нұсқаны білім беру жүйесінде алкоголь мен темекi бұйымдарын тұтынуға жасалған жасырын жарнама түрінде қарастыруға да болады.
Жоғарыда жазылғандарға байланысты, Сізден аталған басылымның ҚР заңнамасына сәйкестігін зерделеуді өтінеміз және бұзушылықтар анықталған жағдайда, атап көрсетілген хрестоматияны Қазақстан Республикасының оқу орындарында оқу құралы ретінде пайдалануға тыйым салуды енгізу жөніндегі прокурорлық ден қою шараларын қабылдауыңызды және оны қайта өңдеу туралы мәселені қоюыңызды сұраймыз.
 
Құрметпен,
            'Ақ жол' партиясының депутаттары