«Ақ жол» ҚДП Орталық кеңесінің идеологиялық жұмыс жөніндегі хатшысы С.Байдалының 2016 жылдың 10 маусымында өткен партияның Орталық кеңесінің Пленумында жер мәселесі бойынша сөйлеген сөзі
Жер мәселесі, кімнің – ауылда ма, әлде қалада ма - қайда тұратынына, осы саланың маманы ма, әлде маманы емес пе – қайда еңбек ететініне қарамастан, Қазақ елінің әрбір азаматына сын болып тұр. Келешек үшін Үкімет, Парламент депутаттары ғана емес, бәріміз жауаптымыз. Қазақтың басы қосылмайды деп жатамыз. «Қазақ-ау! Түзуің бірігіп жұрт үшін қам ойлайтын кез келген жоқ па?!» деп Әлихан Бөкейхан осындай кезеңде айтқан шығар. Халқымыз тарихи қажеттіліктер туындаған кезде алқалы кеңес құрып, ымыраға да келе алған. Жер реформасы жөніндегі құрылған комиссия осыны дәлелдей алуы керек. Әйтпесе, бұл комиссияның да құны көк тиын. Президент айтқандай «Әлем алдында ұятқа қалмай, күрделі мәселені диалогпен шешуіміз керек». Комиссияның ұсыныстары Парламентке түскен кезде Парламент Мәжілісіне үлкен жауапкершілік жүктеледі. Сол кезде біздің депутаттық фракция мүшелерінің санының аздығына қарамастан, ол жауапкершілікпен біздің партия да бөлісуі тиіс.
Жалпы жерге байланысты туындап отырған мәселелерді шешу барысындағы осы процесс билік пен қоғам арасындағы байланыстың сапалы деңгейге көтерілуіне баспалдақ, көпір болса игі. Билік митингке шыққан халықтың өкілдерін жау деп, ал митингке шыққандар билікті жау деп қарамайтын деңгейдегі саяси мәдениеттілікке көтеріле алсақ абзал болар еді. Халықтың жерден, тілден, ұлттық бірегейлік сипаттан айырылып қалып жүрмейік деген қорқыныш сезімін түсіну керек. Түсініп қана қоймай құрметтеуіміз керек. Өйткені, біздің Ұлттық тарихымызда саяси-драмалық, қайғылы жағдайлар тым көп болды.
Жер мәселесінде еліміздің экономикалық, әлеуметтік, қауіпсіздік, ақпараттық тағы басқа мүдделері тоғысады да, оның айқындаушы күші – Ұлттық мүдде болып табылады. Діни құндылықтарымыз да ұлттық мүддеге қызмет етуі тиіс. Бұл екі ұғымды қарама-қарсы қоюға болмайды. Екеуінің де бір сағаға құятын мақсаты бар – ол қоғамның рухани саулығы, адамгершілік, имандылық, әділдік сияқты асыл мұраттарға негізделген.
Ал, Жер – ең басты ұлттық ресурсымыз. Біздің партия жолын қуған Алаш қайраткерлері, Алашордалықтар жерге ең алдымен қазақ ие болып, жердің асты-үстіңгі байлығын қазақ пайдаланса деген ниетте болып, бұл мәселені «қазақтың тірі я өлі болу мәселесі» деп қазақ қоғамы алдына өткір қойған. Арада ғасыр өтсе де бұл мәселе өзектілігін жойған жоқ, қайта тіпті артып отыр. «Ақ жол» партия да бұл мәселені өткір қойып, өз ұсыныстарын әуелі жер реформасына байланысты құрылған комиссияға, кейінірек Парламент Мәжілісіне беруіміз керек.
Бұл мәселеде бізді айқын ұстанымымыз болуға тиіс. Қазір біз Партия төрағасының осыған дейін айтқан ұсыныстарына келісе алсақ. оны партиялық ұстанымымыз деп санауымыз керек. Егер келіспесек осы жерде айтылсын. Ал тіпті келісімге келе алмасақ, онда шешім қабылдауға да асықпаған жөн. Мұны әлі де пісіре түсу қажет. Мораторий Президентпен жаңа жылға дейін жарияланды және қажеттілік болса ол созылуы да мүмкін. Біз бұл мәселені өңірлерде жұртшылық пен мамандармен бірлесіп, талқылау аясын кеңейте түсейік. Менімше, партиямыздың көшбасшысы жариялаған Жерді шекаралас елдерге Қытайға, Ресейге, Өзбекстанға, т.б. сатуға да, жалға да беруге болмайды деген ұсынысын партия Пленумының қолдауы тиіс.Бұл біздің Азат Тұрлыбекұлы айтқандай, ата-бабалар әруағынан ұят болмайтын шешім.
Екінші,ауыл шаруашылығының қаржылық тұрақтылығы және АӨК-інің тиімді менеджменті, яғни агроөнеркәсіп кешенін басқарудың тиімді нарықтық үлгісін жасамайынша жеке меншікке жер сатуға асықпау. Бізде ауыл шаруашылығы саласында табысты кәсіпорындар аз, тіпті ірі астық холдингтері дүркін-дүркін банкроттыққа ұшырап жатады. Естеріңізде болса, партия төрағасы «залалды шаруашылық жерді кредиттеуге қояды да, сосын көп ұзамай барлық жер банктердің жеке меншігіне өтіп кетеді» деп,жолы болмай жатқандар түгілі ірі, алып ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына да жерді меншікке беруге асықпауға шақырған.
Үшінші, бүкіл әлемде жасалып жатқандай, жер үлестері лимиттерін айқындау. Партия төрағасы халықтың тығыздығы Қазақстанмен шамалас Канадада бір заңды тұлғаға ең көп үлес 180 гектармен шектелген деп мысал келтірген. Мұндай шектеулер бізде жоқ, бұл көрінеу сәйкессіздіктерге жол береді және байлар мен кедейлер арасындағы айқын әлеуметтік алшақтыққа әкеледі, ал бұл жағымсыз қоғамдық резонанс тудырады.
Тағы бір көтерілген мәселе -– ауыл шаруашылық саласында пайдаланылатын агротехнологиялардың тазалығы. Қағаз жүзінде болғанымен, осы мәселеге қатысты бақылауды ешкім жүргізіп отырған жоқ. Жер учаскелерінің қазіргі жай-күйіне тексеру және түгендеу жұмыстарын жүргізу керек. Онсыз алға қарай жылжып, жекешелендіру жұмыстарын жүргізу, жер тарату дұрыс емес. Тұжырымдай айтсақ, қайткен күнде де келесі шараларды жүзеге асыру қажет:
- ауыл шаруашылығына арналған жерлерді ауыл шаруашылығын жүргізу ісімен айналысатын ауыл тұрғындарына басымдық беріп, тек қана Қазақстан азаматтарына жалға беруді қамтамасыз ету;
- тиімсіз пайдаланылып жатқан жерлерді алу және ауыл шаруашылығы айналымына қайтару жөнінде шаралар қабылдау.
Осыны іске асырудың тиімді тетіктерін қарастырып, табу керек. Жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орында тұрған Қазақстанның ауылшаруашылық өнімдерін өндіруді ұлғайту мүмкіндіктері бар. Ол үшін ауыл шаруашылығында өндірісті жедел индустриялық-инновациялық технологияларға ауыстыру қажет. «Ақ жол» демократиялық партиясы оның алғышарттары ретінде келесі ағымдағы жұмыстарды сапалы атқару қажет деп санайды:
- ауылдық елді мекендердің тұрғындарына ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізу үшін ең алдымен қазіргі заманғы ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтар, тұқым, тыңайтқыштар, т.б. сатып алу үшін жеңілдетілген ұзақмерзімді кредиттер беру;
- сумен жабдықтау жүйесінің жұмыс істеп тұрғандарын реконструкциялау және жаңа құрылғылар салуды, жергілікті шаруашылықтарды суармалы желімен қамтамасыз ету;
- ауыл шаруашылығына мемлекеттік субсидияларды, осы бюджеттік қаржыларды тікелей фермерлер мен шаруаларға бере отырып, көбейту;
- ауыл шаруашылығы өнімдерінің негізгі түрлерін әділ бағалармен мемлекеттік сатып алу көлемін ұлғайту;
- ауылдық жерлерде тұтыну кооперациясы жүйесін дамыту үшін қажетті жағдайлар жасау.
Ауылды түбегейлі көркейтуді ауылдық елді мекендердің әлеуметтік инфрақұрылымдарын дұрыстап құрмай, ауылдар және селолардағы тұрғындардың күнделікті тіршілік әрекеттері үшін ең қарапайым қолайлы жағдайлар жасалмайынша мүмкін емес. Яғни, ауыз сумен қамтамасыз ету, отын, электр энергиясы өз алдына, ауылға уақыт талабына сай жолдар салыну керек, мектептердің, медициналық мекемелердің, мәдениет ошақтарының, спорт залдарының, моншалардың толыққанды жұмысын қамтамасыз ету қажет. Әйтпесе, ауылда кім тұрады? Жастарды қалай ауылға тұрақтандырамыз? Жерімізді кім игереді? «Ақ жолдың» ұсынысы болған - ауыл тұрғындарын, әсіресе жастарды және жас мамандарды «Қолжетімді үй» бағдарламасына енгізу, бұл үшін мемлекеттік құрылыс компанияларының келешегі бар ауылдық елді мекендерде жаңа тұрғын үй салуын қамтамасыз ету.
Қазіргі таңда бүкіл қазақ елінің күн тәртібіне нөмірі бірінші болып енген Жер мәселесі - Қазақ ауылының келбетінің ХХ1 ғасырдың талаптарына сай болуының басты факторына да айналып отыр. Ендеше, бұл мәселе бүге-шігесіне дейін ойдан өткізіліп, сарапқа салынуы қажет. Қазіргі таңда қоғамда өткір қойылып отырған жер мәселесінің фонында тұтастай ауылды және ауылшаруашылығын көтеруге байланысты нақты шаралар кешені жасалуы тиіс. Қазақстанның табысты дамуын жерімізді игермей, ауылды көтермей қамтамасыз ету мүмкін емес.