31 наурыз 2017жыл, «Ақ жол» ҚДП баспасөз қызметі «Ақ жол» Қазақстандық экспорттаушыларды қолдау ережелерін қайта қарастыруды талап етті – деп Мәжілістің пленарлық отырысында фракция депутаты Меруерт Қазбекова мәлімдеді.Төменде сауалдың толық мәтіні көрсетілген.
Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбекке Депутаттық сауал Құрметті Жеңіс Махмұдұлы! Бәрімізге белгілі Елбасы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауында экспортқа бағдарланған шикізаттық емес компанияларға қолдау көрсетудің маңыздылығын тағы бір рет атап өтті. Қазіргі уақытта индустриалды-инновациялық қызмет субъектілері үшін сыртқы нарықтарға отандық өңделген тауарларды ілгері жылжыту бойынша негізгі және маңызды қолдаулардың бірін «KAZNEX INVEST» АҚ (қазіргі атауы «KAZAKH INVEST») және «ҚазЭкспортГарант» Экспорттық-кредиттік сақтандыру корпорациясы» АҚ көрсетіп отыр. Ал, соңғы кездері «Ақ жол» ҚДП-на технологиялық өнімдерді экспортқа шығарушы кәсіпорындардан бұл мемлекеттік компаниялардың рәсімдерінің тым бюрократияланғандығы туралы дабылдар келіп түсіп жатыр. Олардың қызметі отандық өнімнің шетелдегі сыртқы жарнамасына, қатысқан көрмелеріне, қоймаларды ұстау, шетелде өнімнің сертификаттауына кеткен шығындарды өтеуге байланысты субсидия бөліп қолдау көрсетуге арналған тәрізді еді. Бірақ, кәсіпкерлер қаржыландыруға немесе сақтандыру лимитін ұзарту үшін хабарласқанда аталмыш мемлекеттік кәсіпорындар әртүрлі себептермен өз міндеттемелерін орындау мерзімін соза береді. Және де мұндай мүмкіндіктер олардың өз ережелеріне енгізілген екен. Мысалы, «KAZAKH INVEST» АҚ-ның ережесіне сәйкес кәсіпкер келісім-шарт жасалып орындалғаннан кейін ғана шығындарды субсиядиялауға тапсырыс бере алады және оны 1 жыл күтуі керек. Ал субсидияның өзін алу бірнше жылға дейін созылуы мүмкін. Оның себебі «KAZAKH INVEST» АҚ жылына тек бір рет қана тапсырыс қабылдайды. Ал қаржы жетпеген кезде кәсіпорын келесі жылға дейін күтуіне тура келеді Бұл тәсілдеме тауарды экспорттауға өткізуге арналған шығындардың ерекшелігін мүлдем түсінбеуді көрсетеді. Кәсіпкерге көрме, жарнама және сертификация үшін қаражат сатып алушыны тапқанға, келісім-шарт жасағанша, ол орындалғанға дейін керек. Келісім-шарт орындалғанша жарнама мен өнімді өткізуге көмек көрсетпеу талабы – демалушылар суда жүзуді үйренбегенше бассейнді суға толырудан бас тартқанмен бірдей. Суы жоқ бассейнде қалай жүзіп үйренесің? Сатып алушыны таппай тұрып, өнімді көрсетпей тауарды қалай сатуға болады? Бірақ, астананың орталығындағы өздерінің кеңселерін аталған мемлекеттік компаниялар экспортты жылжытуға бөлінген қаржыдан жалақы мен сыйақыларын алуды кейінге қалдырмайды, қазақстандық өнімдерін экспорттық жолға қойғанша күтпейді. Мүмкін өз ережелерін алдымен өздеріне қолдану керек шығар? Құрметті Жеңіс Махмұдұлы! «Ақ жол» фракциясы экспортқа бағдарланған Қазақстан кәсіпорындарын қолдау мақсатында Сізден:
1) ережені қайта қарауды, экспортқа бағдарланған кәсіпорындардың шығындарын өтеу мерзімін түбегейлі қысқартуды; 2) осы мемлекеттік компаниялар жұмысының ашықтығын қамтамасыз етуді сұрайды. Құрметпен, «Ақ жол» депутаттық фракциясы |