Экономикасы дамыған елдердің бәрінде ішкі жалпы өнімнің кем дегенде 50 пайызын осы ШОБ өнімдері құрайды. Біздің Президентіміз де 2050 жылғы мерзімге дейін ІЖӨ-нің 50 пайыздық көлемін ШОБ өнімдерінің құрауына қол жеткізу керектігін нақты айтып, Үкіметтен осы бағыттағы жұмыстарды жеделдетуді талап етті. Кәсіпкерлікті реттейтін ең негізгі заңнамалық құжат – Кәсіпкерлік кодексінде де осы бағытқа толықтай бір тарау арналып, ШОБ-ты қолдауды реттеудің мәселелері қарастырылды.
Өкінішке орай, осы кодекстің қабылданғанына бір жарым жыл өтсе де оның барлық нормалары өмірде орындалып отырған жоқ. Мәселен, кодекстің 98-бабында Үкімет мемлекеттік сатып алу туралы заңға сәйкес шағын және орта бизнес субьектілерінен сатып алатын тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсетулер) номенклатурасын және көлемін бекітеді делінген. Отандық өнім шығарушыларға жеңілдікті қарастырған заңның осы нормасы ШОБ үшін өте маңызды. Бұл норма тіпті біз мүшесі болып енген ДСҰ-ның талаптарына сәйкес жазылып, ШОБ-ты қолдау жөніндегі преференцияларды қарастырған. Іс жүзінде осы преференцияларды отандық ірі компаниялар ғана қолдана алып отыр, өйткені ШОБ өз өнімдерін алыс шетелдерге, соның ішінде Америка мен Еуропа елдеріне шығара алмайды.