Мәжіліс депутаты Азат Перуашев әліпбидің соңғы нұсқасы туралы пікірін айтты, деп мәлімдейді «Қазинформ» ХАА тілшісі.
«Менің жаңа әліпбиге көшуге көзқарасым өте оңды. Латын әліпбиіне көшу біздің қоғам үшін үлкен, маңызды жоба. Біздің партия («Ақ жол» ҚДП – ред.еск.) бұл туралы көптен айтып келеді. Ал қазір, бұл мәселені қолға алып шешетін уақыт келді», – деді Перуашев.
Оның пікірінше, бұл сұрақтың қоғамда қызу талқылануының өзі оның маңыздылығын көрсетеді. «Мен мұндай үлкен мәдени және ділдік реформаның халыққа дейін жеткені туралы естіген емеспін. Яғни, бүкілхалықтық талқыға салу мүмкіндігі берілді. Алдымен бірінші нұсқасын, енді екінші нұсқасын ұсынып отыр. Бұлардың бәрінің әлеуметтік желілерде, баспасөздерде талқылануы өте оңды құбылыс», – деп атап өтті Перуашев.
«Бірінші нұсқамен салыстырғанда, қазақтың байырғы дыбыстарын белгілеу бойынша көптеген даулы тұстарды диграф арқылы шешу ұсынылған болатын. Қазір оларды әлдеқайда дұрыс шешті, – деп жалғастырды депутат. – Бірақ бұл туралы тіл мамандары мен тілшілер талқылайды».
Сонымен бірге, Перуашев латын әліпбиіне көшуді бүкілхалықтық реформа деп атады. «Жалпы алғанда, бұл жағымды іс, бұл реформаны біз өте жақсы бағалаймыз. Сонымен қатар, жұмыс тобы Елбасына есеп беріп, Президенттің жоғары бағасы мен қолдауын алды. Мәдениет министрі, өз кезегінде, егер ұсыныс болса, жұмыс комиссиясы қарастыруға дайын екенін айтты. Жалпы, латын әліпбиіне көшу бүкіл қоғам бойынша қабылданды. Бұл шын мәнінде, бүкілхалықтық реформа», – деп қорытындылады Мәжіліс депутаты.
Деректеме: Inform.kz