15
Қантар

Жекешелендіру жөн-жосықсыз жасалмасын

Мәжілістегі «Ақ жол» демократиялық партиясының фракциясы өткен жылдың қазан айында Премьер-Министрдің орынбасары Ерболат Досаевқа депутаттық сауал жолдап, онда денсаулық сақтау нысандарын жекешеге сатудың нақты шарттары бар бағдарлама әзірлеп алмай тоқтата тұру керек екенін өтінгенбіз. Біз асығыс жекешелендірудің кесірінен мемлекет тиісті деңгейде нақты табыс ала алмайтынын, сонымен бірге нысанның өзі де қосымша инвестиция тарта алмайтынын ескерткенбіз.   

Өкінішке қарай біздің қаупіміз шынға айналды. Мәселен, қыркүйек айында Павлодар қаласында облыстық диагностикалық орталық пен екі емхана сатуға қойылды. Диагностикалық орталықтың бастапқы бағасы – 557 млн №1 емхананың бастапқы бағасы – 224 млн және №2 емхананың бастапқы бағасы 347 млн теңге деп көрсетілді. Сату барысында диагностикалық орталық бастапқы бағадан арзандатылып, тек 315 млн теңгеге сатылды. Бұл баға фракция депутаттарының алаңдаушылығын тудырып отыр. Өйткені БАҚ хабарларына қарағанда 7104 шаршы метр болатын орталықтағы ғимараттың аумағы ғана миллиард теңгеден (облыс орталығындағы орташа баға 1 шаршы метрге 155 мың теңге) асып отыр. Оның үстіне орталықтағы өте сапалы магнитті-резонанстық томограф, рентген аппараты, цифрлы жүйесі бар УДЗ, бауырға фибросканер жасай алатын аппарат, маммограф және т.б. бағасының өзі 500 млн теңгеден асып кетеді. Осыларды ескере отырып талдасақ, диагностикалық орталық өз бағасынан 5 есе арзанға сатылған. Бұдан кім ұтты? Мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі комитеттің веб-порталында басқа да маңызды мемлекеттік мекемелерді сату туралы хабарландыру ілінген. Соның ішінде «Қазақтың көз аурулары институтының ғылыми-зерттеу институты», «Жарбосынов атындағы урология ғылыми орталығы» және т.б. бар. Біз бұлардың да бағасы төмендеп кете ме деп қауіптенеміз. Аталған комитеттің деректеріне қарағанда, республикалық меншікте тұратын «Ұлттық кардиология ғылыми орталығы» АҚ пен «Ұлттық нейрохирургия ғылыми орталығы» АҚ-ты 2018 жылдың мамыр айына сату белгіленген. Егер бірінші аукционда алушы табылмаса, бұлардың бағалары да екі есеге дейін төмендетілуі мүмкін. Сонда барынша қымбат дүниелерімізді өз бағасынан екі, кейде тіпті одан да көп сомаға арзандатқаннан не ұтамыз? Нақты қаражаты бар алушы табылмаса сатуды кейінге қалдыруға неге болмайды? Қазіргі жекешелендіру бұрынғы жұмысты жүргізу үшін амалсыз сату емес қой. Мемлекет жыл сайын денсаулық сақтау саласына 1 трлн-нан артық қаражат бөледі, қаншама қымбат құрал-жабдықтар алады. Соның бәрі есепке алынбай, жекеменшіктің қолына арзанға кетіп жатқаны жаныңды ауыртады. Ал егер мемлекет аяқ астынан медициналық холдингтер құрғысы келсе аталған нысандарды қайтадан сатып алады, бірақ бұл жолы толық бағасын төлейтіні сөзсіз. Осы мәселелерге жанымыз ашығандықтан біз Премьер-Министрдің орынбасары Ерболат Досаевқа депутаттық сауал жолдап, төмендегі талаптарды қойдық: 1. Денсаулық сақтау нысандарын жекешелендірудің нақты бағдарламасы жасалып, онда сатудың шарттары айтылып, мемлекет пен қоғамға тигізетін пайдасы атап көрсетілсін; 2. Осы бағдарлама дайын болғанша жекешелендіру процесін тоқтата тұру қажет; 3. Тиісті органдарға Павлодардағы диагностикалық орталықтың 5 есе арзанға сатылуының заңдылығы тексерілсін.
Дания ЕСПАЕВА,
Мәжіліс депутаты

           
 «Егемен Қазақстан» газеті