05
Сәуір

Санат жоқ 05.04.2018

Тұрғындардың өзекті мәселелері тыңдалды – депутат Дүйсембинов ауыл-аймақтарды аралады

2018 жылғы 5 сәуір, «Ақ жол» ҚДП Шығыс Қазақстан облысының филиалы

«Ақ жол» фракциясының мүшесі, Парламент мәжілісінің депутаты Берік Дүйсембинов ауыл-аймақтарды аралап, бірнеше кездесулер өткізді.

Елбасының Жолдауы мен үндеуіне түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, халықтың көкейтесті мәселелерін тыңдау мақсатында депутат Дүйсембинов Шығыс Қазақстан облысындағы Ұлан ауданына барып, халықпен кездесті.

           

Алмасай мен Шымқора ауылдарында өткен кездесуде депутат баспана, жатақхана құрлысы, салық төлеу мәселесі мен кәсіпкерлерді қаржыландыру сұрақтарына тоқталды.

«Биыл ауылшаруашылығы саласына 44,7 млрд теңге бөлініп отыр. Бұл қаражатты жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар, ауылшаруашылық кооперативтер мен шаруа қожалық иелері ала алады. Ал жұмыссыздар алдымен «Бизнес бастау» деген бір айлық курстан өту керек. Бұл қаражат та жай беріле қоймайды. Оған кепілдік керек. Ол жылжымайтын мүлік болуы керек, ал мүлігі жоқтар «КазАгро» мекемесі арқылы кепілдік ала алады», - деп түсіндірді Дюсембинов.

           

Алмасай ауылының тұрғындары бірауыздан су мәселесін көтерді. Жер астынан өтіп жатқан магистральді құбыр шіріп, көптеген үйлер сусыз қалған.

«Салынғанына 5 жыл болған құбырлар шіріп, тесіліп, халық сусыз қалып отыр. Осы мәселені шешіп берсеңіздер», - деп атап өтті Алмасай ауылының тұрғыны Салимжан Бабаханов.

            

Дәл осындай ауыз су мәселесі Шымқора ауылының тұрғындарын да мазалап отыр. Парламент депутаты өз сапарының соңында облыс әкімімен кездесетінін айтты. Ауылдың су мәселесін де осы кездесу барысында көтеретініне уәде берді.

           

Екі ауылдың тұрғындары үшін өзекті мәселенің бірі бұл аудандық емхананың Таврия ауылында орналасуы болды. Қасым Қайсенов кентінде емхананың жоқтығы, Таврия емханасының алыстығы халықты Өскемен қаласында ақылы түрде емделуге мәжбүрлейді. Бұдан өзге, Алмасай ауылында амбулаториялық орталық жоқ екен. Қарапайым укол мен система салу үшін Алмасай ауылының тұрғындары Қасым Қайсенов кентіне барып, ақылы түрде алады. Оның үстіне автобус жүрмейді. Тұрғындар жеке көлік жалдап барады. Зейнеткерлер үшін тіпті қиындық туғызады. Сондықтан халық Алмасай ауылына тым болмаса бір дәрігер мен медбике тағайындап, отбаслылық амбулатория ашуды сұрады.

           

Сонымен қатар, Шымқора ауылының тұрғындары өздерінің жол жағдайын, қабаған иттердің қаптап жүретінін айтып, аудан басшылығынан оған ұтымды жауап алды.

Кездесу соңында аталған мәселелердің барлығы жергілікті билікпен келісіліп шешілетіні айтылды.