17
Желтоқсан

Санат жоқ 17.12.2018

«Алаштың Ақ жолы» Ұлттық байқауының марапаттау рәсімінде Тәуелсіздік күніне орай Қытайдан келген қандасымыз, жыршы Шапағат Әбдірұлы өзінің толғауын арнады

Арнау

 

Шапағат Әбдірұлы

          

 

Жолына бөрі медет берген десіне от,

Бабаларым қорғаған жер осы деп.

Аруақ аруақ дейінші бір ұрандап,

Абыз таулар ояныңдар есінеп.

 

Еркіндікті аңсап ұшқан қыран ем,

Тәңірден де соны қалап сұрап ем.

Тәуелсіз ел атанғалы мына мен,

Таңырқаумен келе жатыр бұл әлем.

 

Тәуелсіздік қанымен әскердің,

Көз жасымен келген бізге ашты елдің.

Тәуелсіз ел болу ұшін қайрат боп,

Кеудемнен жан иығымнан бас бердім.

Ләззаттардың көз жасы боп төгіліп,

Ал бірде тоқ енді бірде аш болдым.

Отқа күйіп оққа тосқан кеудесін,

Аңсағаны осы емес пе басты елдің.

Тәуелсіздік баға жетпес байлығым,

Тәуелсіздік қасиетті қастерлім.

 

Тәуелсіз ел болмағанда өңмеңдеп,

Келгендерге кетер едік телмеңдеп .

Өз ауызыңа жеткен кезде өз қолың,

Енді келіп бөлінбеңдер сен мен деп.

Елбасының арқасында қазаққа,

Таңдай қағып таңырқасты жер мен көк .

Астананы салып берді сәулетті,

Сталинмен Ленин салып берген жоқ.

Шаңыраққа қарап жұмыс жасасын,

Орын алған кейбір дөкей төрден кеп.

Бұл қазақтың астанасы мәңгілік,

Ал мәңгілік кеуде ұрамын ел мен деп.

Еске алатын ұрпақ барда біздердей,

Алаш ордам рухы әлі өлген жоқ.

Өз жерінен өз бақытын таба алған,

Мен қазақтан бақытты елді көргем жоқ.

 

Ұлтын суймеу кешірілмес қылмыс деп,

Еңбек еттің ұлтыңменен бірге істеп.

Елбасым ғой мәңгілікке жалғаған,

Күлтегіннің соңғы арманын тұңғыш боп .

 

Тыныштықтың қаймағы осы Астана,

Азаттықтың айғағы осы Астана.

Жеңісімнің байрағы осы Астана,

Алашымның айбары осы Астана.

 

Төрін берген не бір жәйсаң қасқаға,

Құшақ ашқан дос түгілі қасқа да.

Түркілердің рухы болған Астана,

Ата бабам жұрты қонған Астана.

 

Ақылды адам арсыздықтан жиренбек,

Ал ақымақ ақылсыздан үйренбек.

Әлихандар әрбір тасы даланың,

Қадалсын деп айтып кетті түймең боп.

Әліпбиін жасап беріп Ахмет,

Еңбек етті сөзбен емес мимен көп.

Оян қазақ деп жар салды Міржақып,

Жүре бермей надандықпен күйбеңдеп.

 

Дәл солардың арқасында қазаққа,

Сырттан келіп ешбір душпан тиген жоқ.

Келген иттер қаба алмады ырылдап,

Келген жылан шаға алмады иреңдеп.

Дәл солардай қазаққа ешкім жаны ашып,

Дәл солардай қазақты ешкім сүйген жоқ.

 

Қу дүние болған дейсің дос кымге?

Әрине ол дос болмаған ешкімге.

Жауыздықты алашыма жасалған,

Көру түгіл бата алмаймын естуге.

Бес мың жылдық жасады олар тарих,

Құры келіп кетпеді бұл бес күнге.

Ақындардың рухын соттай алмайды,

Жалғыз басқа салынса да қос түрме .

Атып шауып қуғын сүргін қылумен,

Айдаһардай көрсетсе де сес күнде.

Ешқашанда ұлт барда ежелден,

Ұлтшылдарды өлтіре алмайт ешкім де .

 

Қайран ерлер бассадағы құм үстін,

Бізге силап жатыр рухың тыныш түн.

Бастарыңды жүзге бөлінбей өткен,

Жүзі кесе алмаған ғой қылыштың.

 

Аспан менің қатты ұқсайды атама,

Жерде менің қатты ұқсайды апама.

Ел ауғанда олар да ауған бұл жерден,

Топырағын түйіп алып матаға.

Сондықтан бұл өз Отаным өз жерім,

Қазақстан емес маған жат ана.

Өз апанын іздейді ғой қасқырда,

Өз Отаным іздеп келсем қата ма?

Өз елімде ойнап күліп жүрейін,

Балшығында бақытты ғой бақа да ...

 

Топыраққа айналғанша тәніміз,

Қазақ болып ақсын бойдан қанымыз.

Ақжолдағы ағаларға Рахмет,

Ұлтпен бірге деп жүгірер жанымыз .

Ұлы тойдың бас аяғы бұл емес,

Алаш рухын дәріптейміз әлі біз.

Болашақ пен ертеңгі ұрпақ алдында,

Таза болсын десек егер арымыз.

Біз соларды ұлықтайық бәріміз.

Дәл соларға қарыздармыз бәріміз...