14
Қантар

"Парламенттік оппозиция туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасы

Осы Заң парламенттік оппозицияның қызметін жүзеге асырумен байланысқан қоғамдық қатынастарды реттейді.

1-тарау. Жалпы ережелер

1-бап. Парламенттік оппозиция

Парламенттік оппозиция – Парламент Мәжілісінде депутаттық фракциялары бар, заң жобалары бойынша дауыс беруді қоса санағанда парламенттік көпшіліктің саясатына қарсы пікірін ашық білдіруші; және қызметтегі үкімет құрамында кірмеген саяси партиялар.

2-бап. Осы Заңның қолданылу шеңбері

Осы Заңның қолданысы, парламенттік оппозицияны құрушы саяси партиялардың қызметімен байланысқан қатынастарға таралады.

3-бап. Парламенттік оппозиция туралы заңнама

Парламенттік оппозиция туралы Қазақстан Республикасының заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделіп, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге нормативтік құқықтық актілерден құралады.

4-бап. Парламенттік оппозицияның қызметінің жалпы принциптері

Парламенттік оппозицияның қызметі келесі жалпы принциптерінің негізінде жүзеге асырылады:

1) заңдылық;

2) транспаренттік;

3) дербестік;

4) сайлаушылардың мүдделеріне өкілеттілік;

2-тарау. Парламенттік оппозицияның қызметі

5-бап. Парламенттік оппозицияның құқығы

Парламенттік оппозицияны құрайтын саяси партиялар:

1) өз депутаттары арасынан Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің тұрақты комитеттері төрағаларының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі Төрағасы орынбасарының лауазымына кандидатура ұсынуға;

2) осы Заңның және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес, партия мүшелерінің ішінен Қазақстан Республикасының әлеуметтік және экономикалық блок министрлерінің орынбасарларының лауазымына тағайындау үшін кандидатуралар ұсынуға;

3) осы Заңның және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес, Қазақстан Республикасының республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің төрағасын және мүшелерін ұсынуға;

4) парламенттік тыңдаулар мен парламенттік тергеулерге бастамашылық жасауға және жүргізуге; 

5) кез келген мемлекеттік комиссиялардың және орталық мемлекеттік органдардың жанындағы сараптамалық кеңестердің құрамына енуге;

6) үкімет заң жобасын енгізген кезде, Мәжіліс Парламентінің жұмыс тобында бірге қаралуы тиіс, осы Заңның балама жобасын енгізуге;

7) мемлекеттік органдардан Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен белгіленген тәртіпте өз міндеттерін тиісті түрде орындауға қажетті кез келген ақпарат алуға;

8) Қазақстан Республикасы заңнамасымен белгіленген тәртіпте қызметтік міндеттерін орындаумен байланысқан мәселелер бойынша барлық лауазымды тұлғаларға және барлық нысандарға еркін кіруге;

9) Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының біріккен отырысында, Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысында, тұрақты комитеттердің, жұмыс топтарының отырыстарында, парламенттік тыңдауларда және өзге парламенттік іс-шараларда депутаттық фракцияның талабы бойынша оның өкіліне кепілді сөз сөйлеуге;

10) республикалық бюджет қаражатынан қызметін қаржыландыруға;

11) мемлекеттік ақпараттық тапсырыс шеңберінде мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарында және мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдарында өз қызметін көрсетуге;

12) республикалық бюджеттен бөлінген парламенттік лимит шеңберінде партияның әлеуметтік бағдарламаларын қаржыландыруға;

13) мемлекеттік органдардың парламенттік оппозиция депутаттары жолдаған депутаттық сауалдарға жауаптар әзірлеу кезінде сауалда баяндалған ұстанымды қорғау үшін олардың жұмысына (жұмыс топтарының кеңестеріне, отырыстарына және т. б.) қатысуға;

14) Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес өзге құқықтарын жүзеге асыруға құқылы.

6-бап. Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінде лауазымдарға парламенттік оппозициядан  ұсыну және сайлау тәртібі

1. Парламенттік оппозициядан Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасарының лауазымына кандидатураны парламенттік азшылықты құрайтын партиялар арасында   парламенттік сайлау кезінде ең көп дауыс алған партия фракциясы енгізеді.

Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің Төрағасы парламенттік оппозициядан Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары лауазымына аталған кандидатураны Парламент Мәжілісіне сайлауға ұсынады.

2. Парламенттік оппозициядан Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің тұрақты комитеттерінің төрағаларының лауазымына кандидатураларды парламенттік азшылық партиялары Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің қарауына дербес түрде енгізеді және Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес сайланады.

Сонымен қатар, Қаржы және бюджет комитетінің төрағасының лауазымына тек парламенттік оппозиция депутаттары ғана ұсыныла алады.

3. Парламенттік оппозицияны құрайтын партиялық фракцияларының басшылары, лауазымы бойынша Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі бюросының мүшелері болып табылады.

7-бап. Парламенттік оппозициядан Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитеті төрағасының лауазымына ұсыну тәртібі

1. Парламенттік оппозициядан республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитеті төрағасының лауазымына кандидатураларды парламенттік оппозицияның депутаттық фракциялары өз партиясы мүшелерінің ішінен ұсынады.

Ұсынылған кандидатура Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізіледі.

2. Парламенттік оппозициядан республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитеті мүшесінің лауазымына кандидатураларды тиісті депутаттық фракциялар өз партиясы мүшелерінің ішінен ұсынады.

Ұсынылған кандидатуралар Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің қарауына парламенттік оппозициядан республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің мүшесі ретінде тағайындау туралы шешім қабылдау үшін енгізіледі.

8-бап. Парламенттік оппозициядан министрлер орынбасарларының лауазымына ұсыну тәртібі

Парламенттік оппозиция өкілдері әлеуметтік-экономикалық министрлерінің орынбасарлары деңгейінде  Үкіметте өкілдік ете алады. Әлеуметтік және экономикалық блок министрліктеріндегі Қазақстан Республикасы Министрінің тиісті орынбасары лауазымына кандидатураларды, парламенттік оппозиция партияларының мүшелерінің ішінен аталған партияның басқарушы органы ұсынады.

Ұсынылған кандидатуралар Қазақстан Республикасы Министрінің қарауына енгізіледі.

Қарау нәтижесі бойынша, Қазақстан Республикасының Министрі парламенттік оппозицияның өкілін өзінің бір орынбасарларының лауазымына тағайындау туралы ұсынысты Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізуге міндетті.

9-бап. Парламенттік оппозицияның дербес іс-шараларының пәні

1. Парламенттік оппозиция парламенттік  тыңдауларға және тергеулерге бастамашылық етуге құқылы:

1) азаматтық бостандықты сақтау мәселелері бойынша;

2) нақты мемлекеттік органдарда немесе нақты лауазымды тұлғалардың сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша;

3) табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайлардың ауыр салдары және жауапты тұлғалардың біліксіздігімен байланысқан жағдайлар бойынша;

4) аса маңызы бар немесе кең қоғамдық жаңғырық алған өзге мәселелер бойынша.

2. Парламенттік оппозицияның сот әділдігін жүзеге асырудағы соттың қызметі бойынша парламенттік тыңдауларға бастамашылық етуге құқысы жоқ.

3. Жасалған қылмыста нақты тұлғалардың кінәлілігін анықтау парламенттік оппозицияның талқылау пәні бола алмайды.

4. Соттың қарауындағы істерге қатысты парламенттік тыңдауларға бастамашылық жасала алмайды.

10-бап. Парламенттік оппозицияның жиналыстарын, митингтерін, шерулерін, пикеттерін және демонстрацияларын өткізу

1. Парламенттік оппозиция жиналыстарын, митингтерін, шерулерін, пикеттерін және демонстрацияларын хабарлама жасау тәртібінде арнайы белгіленген орындарда өткізуге құқылы.

2. Парламенттік оппозиция, жиналыстарын, митингтерін, шерулерін, пикеттерін және демонстрацияларын ұйымдастырған кезде оның өткізудің мақсаты, нәсілдік, ұлттық, әлеуметтік араздықты, діни төзімсіздікті, тектік астамшылықты қоздыру, республиканың конституциялық құрылысын күш қолданып құлату, аумақтық тұтастығына қол сұғу, Қазақстан Республикасы Конституциясының, заңдары мен өзге де нормативтік актілерінің басқа қағидаларын бұзу болмайтындығы, сондай-ақ оларды өткізу қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігіне қатер туғызбайтындығы жөнінде міндеттеме қабылдайды.

3. Республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы орган, осы баптың 2-тармағына сәйкес ұйымдастырылатын парламенттік оппозицияның жиналыстарын, митингтерін, шерулерін, пикеттерін және демонстрацияларын өткізуге рұқсат беруден бас тартуға құқылы емес.

Мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер, сондай-ақ азаматтар Қазақстан Республикасы заңнамасымен белгіленген тәртіпті сақтап өткізілетін парламенттік оппозицияның жиналыстарына, митингтеріне, шерулеріне, пикеттеріне және демонстрацияларына кедергі жасауға құқылы емес.

4. Жиналыстарын, митингтерін, шерулерін, пикеттерін және демонстрацияларын ұйымдастырған кезде, парламенттік оппозиция, оның бағдарламасы сайлаушылардың қолдауына ие болғандықтан, хабарламада іс-шараның мақсатын көрсетуге міндетті емес.

Парламенттік оппозицияның жиналыстарын, митингтерін, шерулерін, пикеттерін және демонстрацияларын өткізу үшін жауапкершілік партияға және оның лауазымды тұлғаларына жүктеледі.

5. Республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы орган, парламенттік оппозицияның жиналыстарын, митингтерін, шерулерін, пикеттерін және демонстрацияларын өткізу бойынша келіспеушіліктер туындаған жағдайда, парламенттік оппозицияға іс-шараның өткізілу орнына немесе бағдарына, сондай-ақ уақытына ғана қатысы бар нақты өзгерістер ұсынуға міндетті. Аталған ұсыныстар парламенттік оппозицияға іс-шараның мәлімденген уақытына дейін бес күннен кем емес мерзімде берілуі тиіс.

Белгіленген мерзімде мемлекеттік органның жауабы немесе нұсқамасы болмаған жағдайда, парламенттік оппозицияның іс-шараны өткізуге өтінімімен нақты келісілген деп қаралады.

11-бап. Парламенттік оппозицияның қызметін көрсету

1. Парламенттік оппозицияның қызметін көрсету мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарында және мемлекеттік тапсырыс шеңберінде парламенттік көпшілікті құрайтын саяси партияның қызметін көрсетумен тең көлемде жасалады.

2. Мемлекеттік тапсырыс негізінде парламенттік оппозиция қызметін көрсетуге қатысатын мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарының және мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдарының тізімін бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкілетті орган бекітеді.

3. Бұқаралық ақпарат құралдарының парламенттік оппозиция қызметін көрсетудегі тепе-теңдік кепілдігін қамтамасыз етуге бақылауды Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы жүргізеді.

4. Парламенттік оппозицияның және парламенттік көпшілік партиясының қызметін республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында көрсететін эфирдік уақыт пен баспалық жарияланымға салыстырмалы есеп жүргізу тәртібі мен әдістемесін Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкілетті органмен келісіп, бекітеді.

5. Парламенттік партиялардың қызметін көрсетуде тепе-теңдік кепілдігін қамтамасыз ету жөнінде мәліметтерді Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында ағымдағы жылдың 31 қаңтарынан кешіктірмей жариялайды.

12-бап. Парламенттік оппозиция депутаттарына заңнамалық бастамашылыққа тәуелсіздік кепілдігі

1. Үкімет енгізген және Парламент Мәжілісінің қарауындағы заң жобаларына парламенттік оппозицияның ұсыныстарына үкіметтік цензураға жол берілмейді.

Бұл мақсаттарда талқыланып жатқан заң жобаларына парламенттік оппозиция депутаттарының атынан ағымдағы бюджеттің шығындарын ұлғайтуды немесе кірістерді қысқартуды қарастыратын мәселелерді есептемегенде, енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды Үкіметтің келісуіне (қорытындысына) жолдауға жол берілмейді.

Парламенттік оппозицияның ұсыныстары бойынша барлық өзге ұсыныстар Қазақстан Республикасы Үкіметінің оң қорытындысын қажет етпейді.

2. Қазақстан Республикасының Үкіметі Парламент Мәжілісіне қарауына заң жобасын енгізген кезде, парламенттік оппозиция үш айлық мерзім ішінде баламалы Заң жобасын енгізуге құқылы. Баламалы заң жобасын әзірлеу, үкіметтік заң жобасын қаржыландыру көлемінен елу пайызынан кем емес көлемде қаржыландырылады.

Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің қарауына түскен Үкіметтік заң жобаларына балама ретінде парламенттік оппозиция бастамашылық жасап, енгізген заң жобалары Қазақстан Республикасы Үкіметінің оң қорытындысын алуды қажет етпейді және үкіметтік цензура жасауға жатпайды.

Заңның осы бабының талаптарына, мемлекеттік кірістерді қысқартуды немесе мемлекеттік шығындарды ұлғайтуды қарастыратын Заң жобалары, сондай-ақ заң жобаларына өзгерістер мен толықтырулар кірмейді.  

13-бап. Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының отырысы өткізілген кездегі парламенттік оппозиция депутаттарын орынға отырғызу

Парламенттік оппозиция депутаттарының жұмысын үйлестіру және талқыланып жатқан мәселелер бойынша келісілген ұстанымдарды жедел шығару үшін жағдай жасау мақсатында,  Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының біріккен және бөлек отырыстарында орынға Парламент отырыстары залдарында депутаттық фракцияларына қатыстылығына қарай ықшам отырғызылады.

Халықаралық парламенттік дәстүрлерге қарай, отырыс президиуміне қарағанда, солшыл саяси ұстанымды депутаттық фракциялар залдың сол жағында, оңшыл саяси ұстанымды депутаттық фракциялар залдың оң жағында орналастырылады.

14-бап. Парламенттік оппозиция депутатының өкілеттілігін жүзеге асыру кепілдігі

1. Қазақстан Республикасы Парламентінің пленарлық отырыстары, жұмыс топтары және өзге іс-шаралары өткізілген кезде парламенттік оппозицияға оның ресми ұстанымын баяндау үшін сөз сөйлеу құқығына кепілдік беріледі. Айтыс сөз тек аталған құқықты сақтаумен ғана тоқтатыла алады.

2. Қазақстан Республикасы Парламентінің пленарлық отырыстарында, жұмыс топтарында және өзге іс-шараларында депутаттық фракцияның ресми ұстанымы баяндалған кезде фракция басшыларына бес минут көлемінде қосымша уақыт беріледі.

3. Парламенттік оппозиция депутаттары мемлекет қорғауында болады. Оларға Қазақстан Республикасы Заңдарымен белгіленген көлемде және шекте жеке қауіпсіздік, ар-намысы мен абыройлы атын қорғау кепілдігі беріледі.

Депутаттық міндеттерді орындауға кедергі жасау мақсатымен парламенттік оппозиция депутатына немесе оның жақын туыстарына қандай да болса бір пішінде әсер ету Қазақстан Республикасы заңдарына сәйкес жауапкершілікке тартылады.

4. Парламенттік оппозиция депутаттары, олардың заңмен белгіленген өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін депутатқа ешкімнің тиіспеуі құқығынан айырыла алмайды.

Депутатқа ешкімнің тиіспеуі құқығынан, тек аталған депутат мүшесі болып табылатын парламенттік оппозиция партиясы фракциясының келісімімен ғана, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңымен белгіленген негіздер бойынша айыруға жол беріледі.

5. Мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктерінің, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, ұжымдардың парламенттік оппозиция депутатының алдында өз міндеттерін орындамайтын, оған депутаттық қызмет кепілдігін бұзатын көрінеу жалған ақпарат ұсынған лауазымды тұлғалары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапқа тартылады.

15-бап. Оппозиция қызметін қаржыландыру

Парламенттік партиялардың қызметін қаржыландыру, соңғы сайлаудың қорытындылары бойынша Парламент Мәжілісінде өкілдік ететін саяси партияларға дауыс беру кезінде берілген әрбір сайлаушы дауысы үшін ең аз жалақы мөлшерінің он пайызынан кем емес есебінен тиісті жылға арналған республикалық бюджет қаражатынан жүзеге асырылады.

Сонымен қатар, парламенттік оппозицияны жиынтық мәндегі қаржыландырудың жиынтық сомасы, парламенттік көпшілік партиясын қаржыландыру сомасының көлемінен кем бола алмайды.

Бұл талапты орындау мақсатында, қажет болған жағдайда парламенттік партияларға қосымша қаражат бөлінеді, аталған қаражат парламенттік азшылық партиялары арасында алынған сайлаушылар дауысына пропорционалды түрде бөлінеді. 

16-бап. Парламенттік оппозицияның әлеуметтік бағдарламаларын қаржыландыру

Үкіметтің назарынан тыс қалған әлеуметтік мәселелерді уақытылы шешу мақсатында, парламенттік партиялардың әлеуметтік бағдарламаларын қаржыландыруға республикалық бюджеттің шығыс бөлігінде бір пайыз мөлшерінде қаражат қарастырылады.

Аталған қаражат үкіметпен келісу рәсімдерін қажет етпейді, сайлаушылардың берілген дауыстарына пропорционалды түрде парламенттік партиялар арасында үлестіріледі және олармен дербес түрде, белгіленген бюджеттік рәсімдеулер мен жауапкершілікті сақтай отырып, пайдаланылады.

Парламенттік оппозицияның әлеуметтік бағдарламаларын жүзеге асыруға бөлінетін қаражат, парламенттік көпшілік партияның сол сияқты қаржыландыру көлемінен елу пайыздан кем болмауы тиіс. Аталған қаражат партияның өзін қаржыландыруға жұмсала алмайды.

3-тарау. Қорытынды ережелер

17-бап. Парламенттік қызмет туралы заңнаманы бұзған үшін жауаптылық

Парламенттік оппозиция туралы заңнаманы бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеліп соғады. 

18-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

Осы Заң қолданысқа ресми жарияланған күннен бастап бір жыл ішінде қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының

Президенті