Азат Перуашевтің ҚР Парламенті Сенатының пленарлық отырысында сөйлеген сөзі
Құрметті Мәулен Сағатханұлы,
құрметті сенатор ханымдар мен мырзалар!
Аталған заң жобасы Қазақстан Республикасы Президенті Қ.Тоқаевтың былтырғы жылдың 20 желтоқсанда Ұлттық Қоғамдық сенім кеңесінің отырысында парламенттік оппозиция институтын заңнамалық бекіту туралы тапсырмасын орындау мақсатында дайындалды.
Ол үшін «Ақ жол» Демократиялық партиясы алдын ала (2013 жылы) әзірлеген «Парламенттік оппозиция туралы» заң жобасын Мемлекет басшысының тапсырмасына және де қолданыстағы заңнамалық талаптарға сәйкес жаңарттық.
Жұмыс барысында біз дамыған мемлекеттердің, әрине – Еуропа тәжірибесін пайдаландық. Ең алдымен – «Құқық арқылы демократияға даму» атты Еуропа комиссиясының («Венеция комиссиясы» деп аталатын), «Демократиялық парламенттердегі оппозицияның рөлі туралы» баяндамасын қолдандық.
Тіпті, неліктен біз жалпы «оппозицияның» орнына «парламенттік оппозициясына» назар аударғанымыздың себебі сол баяндамада көрсетілген.
Оның 23-тармағында: «Парламенттік оппозицияның құқықтық ахуалы - кез-келген саяси жүйенің демократиялық кемелденуінің эталоны болып табылады» - делінген.
Заң жобасының ең алғашқы новелласы – бұған дейін отандық құқықтық кеңістікте болмаған «оппозиция» ұғымын енгізуі мен заңдастыруы.
Қоғамдық айналымда, публицистикалық шығармаларда бұл термин бұрыннан қалыптасса да, ал Қазақстанның заң кеңістігінде осы уақытқа дейін «оппозиция» деген ұғым мүлде болмаған.
Тіпті қоғамда «нағыз» оппозиция кім екені жөнінде болып жатқан пікірталастардың әлі де жалғасуы сондықтан шығар.
Венеция Комиссиясы баяндамасының 11-ші тармағында «Парламенттік оппозиция деген – парламентке енген, бірақ үкіметтің мүшелері жоқ саяси партиялардан тұрады» деген анықтама берілген.
Алайда біз оны Қазақстанның тіршілігіне жеткілікті емес деп таптық. Сол үшін, парламенттегі оппозицияны билікке шынымен сыншыл болып, балама көзқарас ұсынып, қоғам талқылайтын, қоғамды аландататын мәселелерді көтеруге міндетті болуы керек деген талабымен толықтыруды жөн көрдік.
Сондықтан, Заң жобасында «парламент оппозициясының» анықтамасында, бұл партиялар, әдетте, билік партиясынан бөлек, өзгеше саясат жүргізуге міндетті деген тезис енгізілген.
Яғни, біз «оппозициямын» деушілерді парламентте үнсіз жүрмей, белсенді жұмыс жүргізуге, қоғам үшін шын атсалысып, маңызды проблемаларды көтеруге, биліктің саясатына жаңа көзқарасы болып, бөлек ұсыныстарды беруге арнайы итермелеп отырмыз.
Осындай партияларға, «парламенттік оппозиция» атағымен шектелмей, біз сол ұғымды мәртебесі мен құқықтық кепілдіктерімен толықтыруды ұсынып отырмыз.
Мысалы, «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңынаоппозиция үшін бірқатар құқықтық артықшылық қарастырылған:
«ҚР Парламенті комитеттері мен комиссиялары туралы» заңына Мәжілістің тұрақты комитетінің біреуінің төрағасы, екі тұрақты комитетінің хатшысын міндетті түрде оппозиция депутаттарының арасынан сайлауды бекіту ұсынылады.
Негізінде, қазір де кез келген депутаттың лауазым үшін сайлауға түсуге, заң жобаларын енгізуге, іс-шаралардың тақырыбын ұсынуға немесе сөйлеуге ресми мүмкіндігі бар.
Бірақ осы мәселелер бойынша нақты шешімді парламенттік көпшілік қабылдайтыны баршамызға мәлім.
Сол себептен, бүгінгі таңда парламенттік азшылықтың қолында бір де бір комитеті жоқ «Ақ жол» депутаттары сөйлеген кезде бірнеше рет микрофон өшірілді, екі шақырылымда біз дайындаған заң жобасының бұған дейін бірі де өтпеген.
Енді бұл заң парламенттік көпшілікке оппозицияны шектеуге жол бермейді. Мысалы, егер оппозицияның еншісіне бөлінген комитетке азшылық үміткері қажетті дауыс жинай алмаса, ол лауазымға тек оппозиция ғана басқа үміткерін ұсына алады. Себебі бұл квота тек оппозицияға берілген. Егер парламенттік көпшілік пікірталасты тоқтатса да, бәрібір оппозицияға сөз беруге міндетті, және т.б.
Яғни, бұл конституциялық Заң жобасы сайлаушылардан қолдау тапқан оппозицияға өз депутаттық міндеттерін толыққанды атқаруға нақты мүмкіндік береді.
Әрине, мұндай преференцияға қол жеткізу үшін, парламенттік партия «оппозиция» деген статусын, жоғарыда көрсеткендей, күнділікті енбекқорлығы және қайтпас қайсарлығымен дәлелдеу қажет.
Менің үлкен өкінішіме қарай, Үкімет өзінің қорытындысында «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң жобасына біздің мемлекеттік ақпараттық тапсырыстар шеңберінде мемлекеттік және басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында парламенттік оппозиция қызметін билік партиясы қызметімен бірге тең жариялауға қатысты өзгертулерді қолдамады.
Үкімет «парламенттік оппозиция қызметін жариялау» туралы тұжырымды бюджет шығындарын қажет ететіне сүйеніп, оны енгізуге мүмкіндік бермеді.
Өздеріңізге белгілі, Конституцияға сәйкес Парламент бюджет шығындарына қатысты нормаларды Үкімет келісімімен ғана енгізе алады. Сонымен, біз бұл өзгертулерді заң жобасынан алып тастауға мәжбүр болдық. Меніңше, парламенттік оппозиция жұмысын халыққа көрсетуі қосымша бюджеттік шығындарды талап етпейтін сияқты. Парламенттік оппозицияның жұмысы мен талап-тілектерін, ағымды заң шығару қызметі және қоғамдық-саяси оқиғаларды жариялаумен бірге сайлаушыларға хабарлауға болатын еді.
Негізінде, алдындағы баяндамада айтқандай, «Ақ жол» Демократиялық партиясы 2013 жылы дайындаған заң жобасын бүгінгі нақтылықтарға жаңартқанда, біздер сол құжаттан басқа да біраз Конституциялық өзгеріс және де бюджеттік шығындар талап ететін нормаларды кейінге қалдырдық.
Сонымен бірге, Президент Қ.Тоқаевтың митингілер, саяси партиялар, сайлау туралы заңдарға арналған бөлек тапсырмаларына байланысты біз бастапқы заң жобамыздан ұқсас ұсыныстарды алып тастап, барша назарымызды парламенттік оппозиция өкілеттіктеріне шоғырландық.
Дегенмен, кейбір ұсыныстарымыздың талқылап отырған заң жобасына кірмегеніне қарамастан, алдындағы заң жобасымен қоса, бұл бастама парламенттік оппозиция қызметінің және партиялық пікірталастардың берік кепілдігін қалыптастырып, елдің демократиялық дамуында едәуір қадам болады деп сенеміз.
Біз мұны тіпті өзіміздің ғана емес, жалпы заман талабы деп есептеп отырмыз.
Мемлекетіміз, қоғамымыз жаңа заманға, жаңа белеске қадам басты; ал саяси жүйе де соған сай болу қажет.
Бұл тұрғыда, осы құжаттың көлемі аса кең болмаса да, оның саяси мағынасы, жүйелі мазмұны ерекше терең деп білеміз.
Оппозицияның, альтернативті пікірді мемлекеттік деңгейіне шығаруға, жеткізуіне құқы бар.
Сонда да Заң жобасының басты мақсаты біреудің амбициясы, «менменшілдікті» қанағаттандыруға арналған емес.
Бас мақсаты – парламенттің күн тәртібі мен халықтың күн тәртібін біріктіру; халық талқылайтын тақырыптарды парламент қабырғасына енгізу; елді алаңдататын проблемаларды заңды жолымен шешу.
Құрметті әріптестер!
Ұсынылып отрыған заң жобасы алдыңғы кезенде ОБСЕ жанындағы демократиялық институттары жөніндегі Бюросының сараптамасынан өткен және аталмыш беделді халықаралық ұйымының 41 баптан тұратын оң қорытындысы бар.
Баяндамамның басында айтқанымдай, құжатты жаңартқанымыздан кейін, ол тағы да жергілікті, ұлттық және де халықаралық деңгейде талқылаудан өткен.
Мысалы, биылғы қаңтар айының басында депутаттық сапарлар барысында аймақтардағы сайлаушылардың, ғалымдардың және саяси қоғам өкілдерінің қатысуымен талқыланды.
Атап айтқанда, 10 қаңтарда Алматы қаласында қоғамдық талқылау Alma-U университетінің базасында өтті. Онда танымал заңгерлер, саясаттанушылар, оқытушылар мен студент жастар сөйледі. Конференция жұмысы БАҚ-да жарияланды.
Заң жобасы 19 қаңтарда «Хабар» телеарнасында ғалымдар мен азаматтық қоғам сарапшыларының қатысуымен тікелей эфирде талқыланды. Пікірталастың дүбірлі болғаны сонша, бір ресми сарапшы оған шыдай алмай, студиядан қашып кетті.
Ақпан мен наурыз айларында аталмыш құжат, процедураларға сәйкес Үкіметтік сараптамадан өтті.
Мәжілістегі жұмыс тобының отырыстарынан тыс, 10 және 11 сәуір күндері тәуелсіз интернет-ресурстарында (Парламентаризм даму қорының базасында, және Voice of Kazakhstan арнасында) отандық және шетелдік сарапшылардың қатысуымен тікелей эфирлер өтіп, онда да құжатқа қолдау көрсетілді.
Заң жобасы жаңа парламенттік дәстүрлерді, билік пен өркениетті оппозиция өзара жаңа деңгейін және жаңа саяси мәдениетті қалыптастыруға қызмет ететініне сенімдімін.
Сіздер, Сенат депутаттары заң жобасын қолдасаңыздар, заң 2021 жылдан бастап күшіне енеді.
Яғни бұл заң қазіргі фракциялар үшін емес, болашақ парламенттегі жүйелі, ұзақ мерзімді, тектоникалық терең өзгерістерге арналған. Ары қарай, уақыт өткен сайын біз негізін қалаған парламенттік оппозиция мәртебесі бұдан да күшейе түседі деп сенеміз.
Сондықтан біз осы заң жобасын ұсынғанда, келешекте қоғамымыз бұдан да ашық, парламенттің құрылымы бұдан да күрделі, пікіралмасулар бұдан да өткір әрі адал болуын қаладық.
Демократиялық мемлекеттің тұрақтылығы жүйелі жаңарумен қамтамасыз етіледі. Прогрессшіл билік білікті, кәнігі, мемлекетшіл оппозицияға мүдделі болуы керек.
Сонда оппозицияны, халықтың өзі заң жолымен таңдаған саятсаткерлер құрайды, ал көшедегі дау-дамайлар парламент қабырғасында өркениетті жолымен шешілер.
«Ақ жол» Демократиялық партиясының атынан мен Президент Қ.Тоқаевқа дер кезінде, аса маңызды тапсырма бергені үшін, заң жобасын қоғамдық талқылауға қатысқан барлық азаматтар мен сарапшыларға, сондай-ақ Сенаттың жұмыс тобының барлық мүшелеріне ризашылығымды білдіремін.
Назарларыңызға рақмет. Қолдауларыңызды сұраймын.