(Үкіметтің
депутаттық сауалдармен жұмысы
туралы есебі бойынша сөйлеген сөз)
Құрметті әріптестер,
«Ақ жол» демократиялық партиясы сайлаушыларының, яғни,
отандық өндірушілер мен кәсіпкерлердің Үкіметке үндеулерін жолдай отырып, біз
мемлекеттік органдардың осы үндеулерге берген жауаптары мен реакцияларын сыни
тұрғыдан бағалаймыз.
Жаңа әріптестеріміз, соның ішінде депутат Серік Ерубаев Қорғастағы Қазталов-Фомин, Бақты және Нұрлы жол шекара бекеттерінің жай-күйі мен жағдайы туралы сұрақ қойды. Мен Көлік министрлігінің жауабын нөлге тең деп бағалар едім.
Бірақ, мәселе тек Көлік министрлігінің осы өткелдердегі жабдықтар мен инфрақұрылымға қатысты жауабында ғана емес, сонымен қатар олардағы жалпы жағдайға да байланысты. Нысандардың жай-күйі мәселелерінен бөлек, сол өткелдер арқылы тасымалдаушыларымыздың қалай өтіп жатқандығы да өзекті болып тұр. Бақтыда тек транзиттік жүк тасымалдайтын шетелдік көліктерді ғана ың-шыңсыз өткізіп жатқаны туралы хабарламалар келіп түсуде. Ал, тез бұзылатын тауарлары бола тұра, қазақстандық тасымалдаушылар апталап тұрып, шығынға ұшырауда. Шетелдік транзитке рұқсат беру, шекарадағы электронды кезектер, қазақстандық жүргізуші карталарының қолжетімділігі, шетелдік жүк көліктерінің айыппұлдарды төлеуі және басқа да мәселелер бойынша біздің тараптан да, "Аманат" депутаттарынан да сұрақтар баршылық. Бірақ, әлі күнге дейін қанағаттанарлық жауаптар алған жоқпыз.
Сонымен қатар, сауалдарымызға қарамастан, жекеменшік мектептер мен мектепке дейінгі мекемелерді қаржыландыру мәселесі шешілген жоқ.
Негізі дені кәсіпкерлер болып табылатын сайлаушыларымыздың әрбір төртінші сұрағы жаңа Салық кодексінің енгізілуіне қатысты. Естеріңізге сала кетейік, жақында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет арнайы салық режимі рұқсат етілген ЭҚЖК түрлеріне қатысты өз тәсілдерін қайта қарады. Бұл үшін ең алдымен Президентке, сондай-ақ осы тапсырманы орындағаны үшін Үкіметке де алғыс айтамыз.
Дегенмен, B2B келісімдері бойынша шегерімдерге тыйым салу мәселесі әлі шешімін таппады: АСР қолданатын бизнес пен жалпы салық режимін қолданатын бизнес арасындағы жағдай. Біз дәл қазіргідей күйдегі B2B келісімдеріне тыйым салуды қолдануға болмайды деп санаймыз. Кеше «Ақ жол» демпартиясы Үкіметке тиісті үндеу жолдады.
Айтпақшы, қыркүйек айында Мәжілістегі «Ақ жол»
фракциясы Үкіметке өңірлердегі АСР мөлшерлемелерін төмендету мерзімі 1 желтоқсанда
аяқталғаны туралы сауал жолдады. Бұл мерзім алдынгүні бұрын аяқталды. Біз
ШОБ-тарды қолдап, бұл мөлшерлемелерді барлық жерде төмендетуді талап еттік.
Сол сияқты, барлық облыстық, қалалық және аудандық
мәслихаттардағы «Ақ жол» партиясының депутаттары да өз әкімдіктері мен
мәслихаттарына осындай сауалдар жолдады. Біздің деректерімізге сәйкес, 3
республикалық қала, облыстық бағынысты 32 қала және 91 аудан АСР мөлшерлемесін
2-3%-ға дейін төмендетті, қалған қалалар бойынша деректер жинауды жалғастырып
жатырмыз.
Бірақ, Үкіметтің бұл мәселе толығымен мәслихаттардың қарауына берілгендігі туралы жауабы таңқалдырады. Бірнеше ауданнан, атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын, жаңа Салық кодексіне көшу жағдайында өз шағын кәсіпкерлері үшін АСР мөлшерлемесін төмендетуден бас тартқан жауаптар алдық. Неліктен Үкімет бұл жағдайда кәсіпкерлікті қолдаудан ат тоңын ала қашып отыр? Бизнесті қолдау - бұл жалпы мемлекеттік саясат.
«Даму» қорының несиелердің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауды тоқтатқаны туралы сұрақтар болды. Қаржы министрлігі бұл субсидияларды қараша айының соңында қайта іске қосқанын хабарлады. Яғни, бұл шамамен бір жыл бойы кәсіпкерлер «Даму» қорының қолдауына сеніп өздерінің қаржылық жоспарларын құрып келгенмен, шын мәнінде барлық төлемдерін өздері жабуға мәжбүр болғанын білдіреді. Субсидияларды қайта бастау туралы шешім қабылдағаны жақсы, бірақ осы орайда заңды сұрақ туындайды: осы кезең аралығындағы бизнестің шеккен шығындарын кім өтейді?
«Даму» қорымен қатар, қазір Өнеркәсіпті даму қорында (ӨДҚ) да осындай мәселе туындады. Кеше ғана ӨДҚ тиісті келісімдер жасасқан өнеркәсіптік кәсіпорындар «Ақ жол» демпартиясына жүгінді. Олар шетелден жабдық сатып ала бастағанмен, бірақ Өнеркәсіпті дамыту қорынан қаражат түспей отыр. Жабдықтарды сатушылар айыппұлдар арқалатып жатса да, әлі нақты жауап жоқ. Бұл мәселелерді реттеуді сұраймыз.
Келесі кейс: биылғы жылдың 5 наурызынан бастап «Ақ
жол» фракциясы басқа металдардың кендері мен концентраттарының құрамында сирек
кездесетін жер және бағалы металдардың
бақылаусыз шығарылып жатқанына қатысты бірқатар сауалдар жолдады.
12 қарашада, шамамен бір ай бұрын, Өнеркәсіп
министрінің міндетін атқарушы кеден қызметінің зертханасында осындай фактілер
анықталғанын растап, тиісті деректерді беруге уәде берді.
Естеріңізге сала кетейін, бір корпорация бұрынғы қызметкерін ұқсас ақпаратты таратқаны үшін жауапкершілікке тартуға қол жеткізген. Бірақ министрдің міндетін атқарушының жауабына қарағанда, сол қызметкердің айтқаны дұрыс болып шығып отыр; нақты корпорацияға қатысты болмаса да, бірақ мұндай жағдайлар сала бойынша бар. Сондықтан біз тағы да Өнеркәсіп министрлігінен кеден органдары басқа кендер мен концентраттардағы сирек кездесетін жер және бағалы металдардың декларацияланбай шығарылып жатқанын анықтаған нақты компаниялар туралы ақпаратты беруін сұраймыз. Ары қарайғы әңгіме үшін.
Бір жарым жыл бұрынғы «Экономиканы ырықтандыру туралы»
Президент Жарлығына сәйкес, «Ақ жол» фракциясы мемлекеттік сатып алу
жүйесіндегі жеке кәсіпорындарды қорғау үшін депутаттық сауал жолдады. Осылайша,
біздің ұсынысымыз – квазимемлекеттік компаниялардың мемлекеттік сатып алуда
жеке кәсіпорындармен бәсекелесуіне тыйым салу – мемлекеттік сатып алу туралы
заңы аясында қабылданды. Кейіннен бұл талап Қаржы министрлігі тарапынан
бұрмаланып, «Самұрық-Қазынаның» еншілес компанияларына жеке компанияларды
ығыстыруға мүмкіндік берді.
Премьер-Министрдің жауабын келтірейін: «Қордың еншілес
компанияларының сатып алуға қатысуын шектеу компанияның қаржылық тұрақтылығының
төмендеуіне, сондай-ақ мемлекеттік бюджеттегі дивидендтердің азаюына әкелуі
мүмкін».
Премьер-Министрге бұл жауаптарды кім дайындайды? Біз
үш жылдық бюджетті бірге қарадық қой, оған «Самұрық-Қазына» қорынан ешқандай
дивидендтер түспейді; тіпті, бұл туралы дауластық та. Құрметті үкіметтегі
мырзалар, сіздер депутаттық сауалдарға қалай жауап бересіздер? Сіздер Президент
Жарлығын орындамаумен қатар, жалған жауаптар бересіздер. Бір қолыңыз екінші
қолыңыздың не істеп жатқанын білмейді.
Өкінішке орай, мұндай жауаптар жетіп артылады.
Тауар өндірушілер тізілімі бойынша да осындай мәселе. Біз оны енгізуді ұзартуды ұсындық, бірақ Өнеркәсіп министрлігінің мұрнына су жетпей жатыр. Бізге бәрі жақсы жауап береді. Бірақ кеше біздің ірі өндірушілеріміз бізбен хабарласып, «ӨҚМ ауызша қолжетімділік ашық екенін айтады, бірақ жүйе дұрыс жұмыс істемей, тіркелуге рұқсат бермейді» деп жазды.
Бірнеше аптадан кейін жаңа 2026 жыл басталады. 1 қаңтардан бастап отандық кәсіпорындарға арналған барлық қолдау Отандық өндірушілер тізілімі арқылы өтуі тиіс. Ал, кәсіпорындар бұл тізілімге кіре алмай отыр. Олар өз өнімдерін қалай шығарады және отандық өндірушілер ретінде тиісті қолдау ала ма? Бір нәрсе айтылып, іс жүзінде басқа нәрсе жүзеге асырылатын мұндай жағдайлардың мысалдары жеткілікті.
Жалпы, құрметті әріптестер, осы тәжірибені ескере
отырып, «Ақ жол» фракциясы Үкіметтің сайлаушыларымызбен – кәсіпкерлермен және
өнеркәсіпшілермен – байланыс орнату жөніндегі жұмысын жеткіліксіз деп санайды.
Мемлекеттік органдардан осы мәселелерге мұқият назар аударуды сұраймыз.
Назарларыңызға рахмет.