15
Сәуір

«Ақ жол» фракциясы «Рейтингтік қызмет туралы» заң жобасын бірінші оқылымда ҚОЛДАМАДЫ

Мәлімдеме тезистері

Елімізде рейтингтік агенттік құру — сөзсіз, позитивті бастама.

Қор нарығын дамыту қажеттігін, әлеуетті эмитенттер мен инвесторларды бағалы қағаздар айналымына тартудың өзектілігін, сондай-ақ, бизнестің ашықтығын қамтамасыз ету тұрғысынан бұл бастаманы қолдауға болады.

Сонымен қатар, рейтингтік бағалаулар тәуелсіздігі толыққанды қамтамасыз етілген жағдайда ғана әлеуетті инвесторлар мен нарық қатысушылар тарапынан оларға сенім болатынын ескеру қажет.

Бұл туралы бүгін әзірлеушілер де көп айтты. Алайда ұсынылған заң жобасында Ұлттық банкті рейтингтік агенттік құрылтайшыларының бірі қылу қарастырылған.

Бұл — реттеуші органның өзі реттейтін субъектінің қатарында болуы арқылы алдын ала мүдделер қақтығысын  қалыптастырады.

«Ақ жол» партиясы мұндай тәсілге түбегейлі қарсы, өйткені реттеушінің нарық қатысушыларына рейтингтік бағалау жүргізу үдерісіне қатысуы аталмыш рейтингтерге деген сенімді әу бастан әлсіретеді және нарықтық экономиканың негізгі қағидаттарына қайшы.

Заң жобасын талқылау барысында біз басқа ұсыныс енгіздік. Иә, бастапқы кезеңде елдің рейтингтік агенттігін қалыптастыруда Ұлттық банктің қатысуына келісуге болатын шығар.

Алайда, нақты талап ретінде 3–5 жыл өткеннен кейін Ұлттық банктің аталған агенттіктің құрылтайшылар құрамынан міндетті түрде шығуы бекітілуі тиіс - мұндай тетік, мысалы, Ұлттық кәсіпкерлер палатасын құру кезінде жүзеге асырылған.

Талқылау барысында «Ақ жол» фракциясының ұстанымына әзірлеушілер бес жылдан кейін Ұлттық банк құрылтайшылар қатарынан шығуға міндетті емес, тек шығуы мүмкін деген өзге редакцияны ұсынды.

Алайда бұл біз көтерген мәселелерді шешпейді, өйткені «мүмкін» мен «міндетті» ұғымдарының арасында принциптік айырмашылық бар. Бұл жөнінде «уәде беру — міндетті түрде үйлену емес» деген сөз бар.

Ал, нақты экономика уәделерге емес, нақты фактілерге сүйенеді.

Сондықтан, «Ақ жол» фракциясы белгілі бір уақыттан кейін Ұлттық банктің рейтингтік агенттік құрылтайшылары қатарынан шығуын табанды түрде талап етеді.

Бұл тәсіл Президенттің «Экономиканы ырықтандыру туралы» Жарлығынан туындайды. Мемлекет басшысының өзі бұл талапты қатаң сақтау қажеттігін бірнеше рет атап өткен болатын.

Аталған талап орындалмаған жағдайда, рейтингтік агенттік квазимемлекеттік құрылымға айналады.

Ал мұндай құрылымдар, керісінше, мемлекеттің экономикаға қатысуын қысқарту және «Yellow Pages» қағидатына сәйкес азайтылуы тиіс.

Талқылау барысында әзірлеушілер халықаралық агенттігіне сілтеме жасап, оның да құрылтайшылар құрамына кіруді жоспарлап отырғанын және Ұлттық банктің міндетті қатысуын шарт ретінде қойып отырғанын алға тартты.

Осыған байланысты, Мемлекет басшысының 10 ақпандағы Үкімет отырысында айтқан сөзін еске салуға мәжбүрміз:

«Үкімет пен Ұлттық банктің жүйелі, үйлесімді әрі жоғары кәсіби жұмысының маңыздылығын тағы да ерекше атап өтемін. ХВҚ ұсыныстарын құр қайталап, терминдерін қолдану қиын емес, ал нақты мәселелерді өз бетінше шешуге талпыныс жасау — мүлде басқа деңгейдегі жұмыс» деп атап өткен еді Президент.

Осылайша, Қасым-Жомарт Кемелұлы халықаралық серіктестердің ұсыныстарына құрметпен қараған күнде де, шешім қабылдау мен жауапкершілік барлық жағдайда уәкілетті органдардың өздеріне жүктелетініне баса назар аударады.

Ал егер мұндай ұсыныстар нарықтық экономика мен әділ бәсекенің негізгі қағидаттарына қайшы келсе, біз мұндай олармен келісуді дұрыс деп санамаймыз.

Әзірлеушілер Ұлттық банктің қатысуы қажеттігін бұл агенттікті «басқа ешкім қаржыландырғысы келмейді» деген уәжбен ақтап отыр.

Ұлттық банктің артық бюджет қаражаты пайда болды ма? Сол 10 млрд теңгенің қайда әлдеқайда қажет болатынын біз көрсетіп бере аламыз.

Егер бес жылдан кейін де рейтингтік агенттікті нарық қатысушылары, тіпті кепілдендірілген төлемдерге қарамастан, қаржыландырғысы келмесе, онда нарыққа оның шын мәнінде қажеті жоқ деген сөз. Дегенмен мен жеке өзім олай ойламаймын. Оны уақыт көрсете жатар.

Бәлкім, ол уақытқа қарай бұл функцияларды цифровизация мен жасанды интеллект өзіне жүктеп алар.

Көріп отырғандарыңыздай, Бэбұл жай бір ұсақ-түйек пікірталас емес, жүйелі мәселе. Президент ұлттық экономиканы мемлекеттік монополиядан шынайы нарықтық принциптерге бұруға бар күш-жігерін салып отырған кезде, мемлекеттік органдар көрпенің бір шетін өздеріне тартып әлек.

Осыған байланысты, әзірше талқылауымыз тығырыққа тірелгендіктен, «Ақ жол» фракциясы аталған заң жобасын қолдаудан бас тартады.

Әзірлеушілерге екінші оқылымға дейін Ұлттық банктің аталған агенттік құрылтайшылары құрамынан міндетті түрде шығуы туралы талабымызбен келісуді тағы да ұсынамыз.

 

Назарларыңызға рақмет.