Сенбі
күні Оралда «Ақ жол» демпартиясы фракциясының «Салық кодексі — қасиетті кітап
емес» тақырыбындағы Шымкент (https://t.me/peruash/15757), Қарағанды
(https://t.me/peruash/15803) және Семей (https://t.me/peruash/15867)
қалаларынан кейінгі төртінші, кезекті көшпелі отырысы өтті. Атауынан-ақ
аңғарылғандай, іс-шара жаңа Салық кодексін қолданудың алғашқы нәтижелері мен
бүгінде шағын және орта бизнесті алаңдатып отырған өзге де бірқатар мәселелерді
талқылауға арналды. Орал қаласындағы ең ірі сауда орталығы — City Center-де
өткен кездесуге Атырау және Ақтөбе облыстарынан келген қонақтарды қоса алғанда,
шамамен 200-дей кәсіпкер қатысты. Бұл жолы да зал лық толды: адамдар өткелдерде
отырып та, түрегеп тұрып та тыңдап, спикерлердің сөздеріне қызу реакция
білдіріп отырды.
Отырысқа сондай-ақ Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Төлепберген Қаюпов, БҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Қанат Балтабеков, БҚО Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Эльмира Киматова және қалалық бөлімшелердегі әріптестері қатысты.
Пікірталас
өте қызу өтті. Арасында кейбір кәсіпкерлер эмоцияға беріліп, тым ауыр сөздер
айтып жатты, сондықтан ондайларды сабырға шақыруға тура келді. Соған қарамастан,
менің ойымша, мазмұнды әрі пайдалы әңгіме өрбіді. Талқылау барысында осы
уақытқа дейін мемлекеттік органдармен жүргізілген пікір алмасуларда
көтерілмеген Салық кодексіне қатысты бірнеше мәселе де анықталды.
«Ақ
жол» демпартиясы жаңа Салық кодексін талқылау барысында оның енгізілуіне қарсы
дауыс бергені белгілі. Бұған қатысты уәждерімізді бұған дейінгі жазбаларымда
да, сондай-ақ Динара Сәтжанға берген жуырдағы сұхбатымда да
(https://youtu.be/wrvhfwq8SoM?si=d7H9w3E6pLIAk2N8) айтып өткенмін.
Атап айтқанда, шағын бизнестің айналымы айтарлықтай құлдырап, ондаған жыл бойы табысты жұмыс істеп келген кейбір шағын және орта бизнес субъектілерінің жабылуға мәжбүр болуы мүмкін деген алаңдаушылық мәселесі — салық органдарының терістеуіне қарамастан — Оралдағы кездесуде тағы да айтылды.
Еске сала кетейін, Қарағандыда өткен осы тақылеттес кездесу барысында кәсіпкердің өз айналымының 30–40%-ға төмендегенін, осыған байланысты бизнесін жабуға мәжбүр болып, қызметкерлері жұмыссыз қалатынын айтқан еді. Алайда Семейдегі осындай жиында Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары бұл сөздерге күмән келтірген болатын. Сол кезде басқа қалада, басқа залда отырған кәсіпкерлердің бір бөлігі табыстарының шынымен де күрт азайып, бизнесті жабу немесе қысқарту туралы ойлануға мәжбүр болып отырғандарын растаған болатын.
Оралда
да «араларыңызда айналымы 30% және одан да көп төмендеген кәсіпкерлер бар ма?»
деген дәл сондай сауал қойғанымда — залда отырғандардың кем дегенде үштен бірі
қол көтерді. Кездесуге қатысушылардың кейбірі бұдан да үлкен көрсеткіштерді
атады. Алайда бұл жолы олардың қаншалықты негізді екеніне және бүкіл шағын және
орта бизнеске ортақ құбылыс екеніне өзім де күмәнданып қалдым.
Мәселен, аталмыш кездесу Оралдағы ең ірі сауда орталығында өткендіктен, жиналғандардың басым бөлігін сауда және қызмет көрсету саласының өкілдері құрады. Бұл жағдай пікірталастың сипатына өзіндік ерекшелік берді, оған кейінірек тоқталамын.
Салық
кодексіне қатысты қатысушылар B2B мәмілелері бойынша шығындарды шегерімге
жатқызуға қойылған шектеулерді, ҚҚС бойынша тіркеу шегінің төмендетілуін, ҚҚС
бойынша аванстық төлемдердің (E-Tamga) енгізілуін және басқа да нормаларды
белсенді түрде сынға алды.
Атап
айтқанда, қысқартылған декларация негізінде жұмыс істейтін кәсіпкерлер салық
салынатын айналымнан еңбекақы төлеу қорына жұмсалған шығындарды тек ай сайынғы
айналымы 100 млн теңгеден асқан жағдайда ғана шегере алса, дәл осы АСР арналған
микро және шағын бизнес субъектілері, мұндай көлемдегі айналымға ие
болмағандықтан, бұл құқықты пайдалана алмай отыр.
Нәтижесінде
әділетсіз жағдай қалыптасып отыр: салық органдары жаңа Кодексте ҚҚС төлеу шегін
42 млн теңгеге дейін төмендеткенімен, шағын кәсіпорындарды (айналымы 42 млн-нан
100 млн теңгеге дейінгі) ірі бизнес қолданатын жеңілдіктен айырған.
Осыған
байланысты сұхбаттасушыларымыз «Ақ жол» демпартиясына аталған норманы қайта
қарау және айналым көлеміне шектеусіз барлық бизнес субъектілері үшін еңбекақы
төлеу қорына жұмсалған шығындарды КТС бойынша есепке жатқызуға рұқсат беру
жөнінде өтініш білдірді.
Бұл талапты толықтай орынды әрі әділ деп санаймын. Жақын уақытта «Ақ жол» фракциясы Үкіметке осындай ұсыныс жолдайтын болады.
Жалпы,
жиналған кәсіпкерлер «Ақ жол» демпартиясының нақты мәселелер бойынша
ұстанымдарын белсенді қолдағанын атап өткен жөн. Сөз сөйлегендердің бірқатары
мәслихаттардағы «Ақ жол» депутаттарының бастамасымен өңірде арнайы салық режимі
мөлшерлемесінің 4%-дан 3%-ға дейін төмендетілуімен байланысты Парламенттегі
және жергілікті мәслихаттардағы фракциямызға алғыс айтты.
Сонымен
қатар арнаулы салық режимінің мөлшерлемесі 3%-ға тек облыс орталығында ғана
төмендетіліп, ауылдық жерлерде 4% деңгейінде қалғаны туралы мәселе де көтерілді.
Осыған байланысты ауылдық жерлерден келген кәсіпкерлер бизнес тіркелген орынға
қарамастан бірыңғай 2% мөлшерлеме енгізу мәселесін көтерді. Бұл талапты «Ақ жол» демпартиясы да бірнеше рет ұсынған болатын.
Батыс Қазақстан облысындағы шағын және орта бизнес ресейлік серіктестерімен белсенді жұмыс істейтіндіктен, кездесуге қатысушылардың бірқатары сыртқы экономикалық мәмілелер бойынша ҚҚС-ты қайтарудың ұзаққа созылатынын (бір жылдан астам уақыт) айтып, көрші Ресейдегі ҚҚС қайтару шарттарының қолайлырақ екенін мысалға келтірді. Алайда мұндай салыстыруды басқа кәсіпкерлер теріске шығарды.
Өкінішке қарай, кәсіпкерлер салық саясатына қатысты көтерген мәселелердің ешқайсысы бойынша нақты жауап ала алмады. Облыстық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы кейбір кәсіпкерлерге мәселелерін жеке талқылауды ұсынғанымен, мемлекеттік органдар қызметкерлерінің жүргізіліп отырған салық саясатының логикасы мен құрылымын түсіндіруге, есептілік пен құжаттарды рәсімдеу, төлем жасау немесе хабарламалар мен нұсқамаларға шағымдану тәртібі жөніндегі нақты сұрақтарға жауап беруге дайын еместігі — олардың кәсіпкерлермен тең дәрежеде диалог жүргізуден қорқатынын, салық салудың сервистік моделіне және бизнеспен тиімді өзара іс-қимылға дайын емес екенін көрсетті. Жоғарыда атап өткенімдей, осыған байланысты арасында ауыр сөздер айтылып, оларды шектеуіме тура келді.
Салық кодексімен қатар, кездесуге қатысушылар 1 шілдеден бастап Ұлттық
тауарлар каталогының (ҰТК) қолданысқа енгізілуіне қатты алаңдаушылық білдірді.
Белгілі бір сәтте бұл мәселе тіпті салық тақырыбын да ығыстырып шығарды. Ал
шағын және орта бизнес өкілдерінің нақты шағымдарын талқылау барысында
мемлекеттік органдар жүргізіп отырған салық және сауда саясатының ақпараттық
жүйелері арасында үйлесімсіздік пен жүйесіздік бар екені анықталды. Ол аздай
кейбір мемлекеттік органдардың жауаптары одан да көп сұрақтардың туындауына
себеп болды.
Мысалы, кәсіпкерлер «егер каталогқа енгізілмеген тауарлармен жұмыс істесе,
қандай жауапкершілік қарастырылған?» деген сұрақ қойған кезде, сауда департаментінің
басшысы ҰТК талаптарын сақтамағаны үшін заңнамада жауапкершілік көзделмегенін
айтып, салдарынан «қорықпауға болады» деп жауап берді (?!).
Алайда сөз алған «Ақ жол» демпартиясының салық мәселелері жөніндегі
кеңесшісі Антонина Ан NTIN және XTIN мәліметтері тауарларға ілеспе жүкқұжат
(СНТ), электрондық шот-фактура (ЭСФ) және бақылау-кассалық машина (БКМ) чегі
үшін міндетті деректер болып саналатынын, бұл мәліметтерсіз аталған
бухгалтерлік есеп құжаттары жарамсыз деп танылатынын атап өтті. Ол болмаса,
біріншіден, тауарлар мен қызметтерді өткізу бойынша қажетті операцияларды
жүзеге асыра алмайсыз, екіншіден, мұндай құжаттарды рәсімдемеу әкімшілік
жауапкершілікке әкеп соғады.
Осылайша, мемлекеттік органның жария түрде берген түсіндірмесі кәсіпкерлерді жаңылыстырып, нәтижесінде олардың қаржылық шығынға ұшырау қаупін тудырып отыр.
Каталогтың өзіне қатысты да көп сын айтылды. Кәсіпкерлер оның шамадан тыс
бюрократияланғанын атап өтті: әрбір кәсіпкер тауар карточкаларын толтыруға
міндетті, онда тек атауы мен сипаттамаларын ғана емес, өндіруші туралы
мәліметтерді және тұтынушылық қасиеттеріне еш қатысы жоқ өзге де деректерді
көрсетуі қажет.
Іс жүзінде кәсіпкерлер өз жұмысымен айналысып, мемлекетке салық төлеп,
қызметкерлеріне жалақы берудің орнына, өздеріне де қажет емес бюрократиялық
рәсімдермен бастырылып отыр. Оның мемлекетке қаншалықты қажет екені де үлкен
сұрақ туғызады, (өйткені пікірталас барысында қатысушылардың айтқандай) бұл
мәліметтер шын мәнінде ешқандай «тауардың қадағалану жүйесін» қалыптастырмайды.
Керісінше, осы талаптарды орындау үшін шағын және орта бизнес қосымша
қызметкерлер жалдауға, құрал-жабдық алуға және басқа да өндірістік емес
шығындарға ұшырауға мәжбүр. Ал мұның бәрі тауар бағасына қосылып, инфляцияның
өсуіне әсер етеді.
Қосалқы бөлшектер дүкендері желісінің иесі ауа сүзгілерін мысал ретінде
келтірді. Олардың әрқайсысына тауар карточкаларын толтыру, біріншіден, өте
қиын, екіншіден, мүлде мағынасыз, себебі ҰТК АЖ жүйесі бір тауарды әртүрлі
атаумен бірнеше рет енгізуге мүмкіндік береді. Мұндай операцияларды көтерме
саудамен айналысатындар, бөлшек саудагерлер, тіпті, ауылдық жерлердегі шағын
дүкендер де 3–4 кезең бойынша орындауға мәжбүр. Алайда, шенеуніктердің
мәлімдемелеріне қарамастан, бұл рәсім автоматтандырылмаған әрі басқа ақпараттық
жүйелермен интеграцияланбаған, әрбір карточканы қолмен толтырып, шын мәнінде
ешкімге қажет емес көптеген мәліметтерді көрсету қажет.
Сонымен қатар, шенеуніктердің мәлімдемесіне қарамастан, бұл рәсім
автоматтандырылмаған. Әр карточканы қолмен толтыру керек, әрі онда іс жүзінде
ешкімге қажет емес көптеген мәліметтерді көрсету талап етіледі.
Осы кәсіпкердің айтуынша, Каталогты енгізу компания жұмысының тұралауына
әкелген: мыңдаған бөлшек, тіпті сатып алынып, төлемі жасалғандарының өзі,
құжаттары рәсімделмегендіктен апталап қоймада түсірілмей жатыр. Компанияда
оларды рәсімдеуге адам күші жетіспейді. Көптеген бөлшектер бойынша NTIN (Каталог коды) жоқ, бірақ оларға сұраныс жоғары, тауар «қолма-қол» сатылып
кетеді. Соның салдарынан бухгалтерлер құжаттарды рәсімдеп қана қоймай, кейін
бұл мәліметтерді СНТ мен ЭСФ жүйесіне енгізумен де әуре болуға мәжбүр.
Сауда департаментінің өкілі бұл процестің едәуір автоматтандырылғанын айтқанда, кәсіпкерлер оған кем дегенде бір ғана карточканы өзі толтырып көруін ұсынды. Олардың айтуынша, бір ғана тауар атауын рәсімдеудің өзіне бірнеше сағат кетеді. Ал техника, қосалқы бөлшектер, киім-кешек немесе аяқ киім сататын дүкендердегі ауқымды ассортиментті ескерсек, бұл мәселенің қаншалықты күрделі екені түсінікті.
Сонымен қатар, тауарлар каталогы бойынша карточкалар толтырылғаннан кейін
де, СНТ мен ЭСФ-тың электрондық нысандарында ҰТК кодын көрсетуге арналған
бағанның жоқ екені анықталды. Сондықтан алынған NTIN немесе XTIN кодтарын, яғни импорттық немесе экспорттық тауар кодтарын, іс жүзінде
енгізу мүмкін болмайды.
Нәтижесінде, мұндай мәмілелерді техникалық тұрғыдан дұрыс рәсімдеудің өзі мүмкін болмағандықтан, олар жарамсыз деп танылуы ықтимал. Ал уәкілетті және салық органдары мұндай жағдайда осындай мәмілелерді барлық қарастырылған айыппұлдар мен санкциялармен бірге жарамсыз деп тануы мүмкін ғана емес, міндетті болады. Яғни, кәсіпкерлердің тауар өткізу жұмысы тұралап қана қоймай, олар тауарды сатып үлгермей жатып-ақ елеулі қаржылық шығындарға ұшырау қаупіне тап болады.
Сонымен қатар кәсіпкерлер тауарлар каталогының талаптарын орындау үшін
қосымша жабдықтардың қажеттілігі туралы мәселе көтерді. Шенеуніктер «ешқандай
қосымша жабдық қажет емес» деп мәлімдегенімен, кездесуге қатысушылар шын
мәнінде қандай жабдықтар керектігін бірден тізіп шықты. Олардың қатарында
компьютерден бөлек, штрихкодтарды басып шығаруға арналған принтер, штрихкод
жапсырмалары, оларды оқитын сканер, сондай-ақ бүкіл қойма мен әрбір тауар
бірлігін есепке алуға арналған серверлік блок қажет екені айтылды.
Жиынға қатысушылар ҰТК операторы саналатын Цифрлық экономика орталығының
жұмысына да наразылық білдірді. Олардың айтуынша, орталық қызметкерлері
рәсімдеу мәселелері бойынша көмектесуден түбегейлі бас тартады. Мысалы,
карточкаларды автоматты түрде толтыру жүйесі жұмыс істемейтіні туралы
шағымдарға «онда қолмен толтырасыздар» деп жауап береді, алайда оны қалай жасау
керектігін түсіндіруден бас тартады.
Тауарларды сертификаттау және таңбалау мәселелері де көтеріліп, бұл сұрақтарға да шенеуніктер нақты жауап бере алмады.
Біз жиналған барлық ұсыныстарды жүйелеп, Салық кодексі жөніндегі жобалық
кеңсемен талқылап, сондай-ақ Ұлттық тауарлар каталогын енгізу мәселелері
бойынша Сауда министрлігімен пысықтау мақсатында ресми түрде Үкіметке
жолдаймыз.
Менің ойымша, Ұлттық тауарлар каталогына қатысты мемлекеттік органдар
шектен тыс талап қойып отыр. Себебі Қазақстанның тұтыну нарығының едәуір
бөлігін импорттық өнімдер құрайды.
Олардың атаулары мен сипаттамаларының басым бөлігі халықаралық деңгейде
әлдеқашан жіктелген, халықаралық кодтары мен халықаралық таңбалау жүйелері бар.
Халықаралық классификациялар, каталогтар және таңбалау жүйелері сауда
саласындағы кең тәжірибеге сүйенеді әрі анағұрлым әмбебап болып табылады.
Осындай жағдайда ішкі нарық үшін тауарларды жіктеудің және реттеудің жеке
жүйесін ойлап табу — тиімсіз қадам. Өйткені бұл, шын мәнінде, аталған тауарлар
өндірілген елдерде әлдеқашан атқарылған жұмысты қайталау ғана.
Бұған қоса, халықаралық тәжірибені ревизиялауға ұмтылу бизнестің жұмысын
тежейді, ал сауда және фискалдық саясаттардың үйлеспеуі кәсіпкерлерге тікелей
шығын келтіру қаупін туғызады.
Меніңше, жеке тауар каталогын тек Қазақстанда өндірілетін өнімдерге ғана енгізіп, оларды халықаралық классификаторлар мен тізілімдерге қосу орынды болар еді. Кездесуге қатысушылар көтерген мәселелер шағын және орта бизнес үшін елеулі шығындарға әкелуі мүмкін деп алаңдаймын. Мұндай салдардың алдын алу үшін ҰТК-ны қолдану тәсілдерін қайта қарап, кем дегенде оның кейбір элементтерін іске қосуға асықпаған жөн шығар.
Сауда саласындағы айналымдардың басқа ШОБ секторларымен салыстырғанда да
айтарлықтай төмендеп кеткені туралы мәселеге қайта оралсақ, менің ойымша,
мұндай күрт қысқару тек жаңа Салық кодексімен ғана емес, сонымен қатар
электронды сауданың қарқынды дамуымен де байланысты. Бұл құбылыстан бүкіл
әлемдегі сауда орталықтары зардап шегіп отыр. Сондықтан бұл бағытта нақты
шаралар қабылдау қажет.
Мәселен, бірқатар елдерде мемлекет сауда бизнесін аралас форматқа көшіруге
қолдау көрсетеді. Мұндай жағдайда бутиктер тауарды көрсететін шоурум қызметін
де, жеткізушіден тапсырыс беруге болатын нүкте қызметін де қатар атқарады. Яғни
онлайн және офлайн сауда біріктіріледі.
Сонымен қатар ірі сауда орталықтары келушілерден де, жалға алушылардан да
айырылып бара жатқаны анық. «Ақ жол» фракциясы бұған дейін сауда алаңдарын
жалға беру үшін арнаулы салық режимін қайта енгізу қажеттігі жөнінде ұсыныс
жолдаған болатын. Себебі қазіргі таңда мұндай нысандардың толымдылығы мен
айналымы айтарлықтай төмендеп кеткендіктен, бұл бизнес үшін ҚҚС төлеу тым ауыр
жүкке айналып отыр.
Меніңше, белсенді демалысқа, ойын-сауық инфрақұрылымына, балалар мен спорт
аймақтарын кеңейтуге, аттракциондарға, фитнес орталықтарына, компьютер
клубтарына, фудкорттарға және басқа да бағыттарға байланысты мұндай нысандарға
қызмет бағытын қайта бейімдеуге қолдау көрсетілуі керек. Яғни мәселе сауда
орталықтарын жаңа форматтарға ауқымды түрде қайта бейімдеу туралы болып отыр.
Бұл ғимараттарды қайта жөндеуді, жаңа жабдықтар сатып алуды және өзге де
шығындарды талап етеді.
Сондықтан мемлекет тарапынан мұндай нысандарға жаңа жұмыс форматтарын таңдауда да, босап жатқан алаңдарды қайта бейімдеуге арналған қолжетімді несиелеу мәселесінде де қажетті қолдау көрсету дұрыс болар еді.
Жоғарыда аталған мәселелерден бөлек, кездесуге қатысушылар біздің ойымызша
маңызды тағы бір проблеманы көтерді. Атап айтқанда, жинақтаушы зейнетақы жүйесі
енгізілген кейін, 1998 жылдан 2011 жылға дейін қысқартылған декларация
негізінде жұмыс істеген кәсіпкерлер өздері мен қызметкерлері үшін зейнетақы
жарналарын тоқсанына бір рет төлеп отырғаны белгілі болды. Мұндай тәртіп сол
кездегі салық заңнамасымен қарастырылған болатын.
Алайда қазір 90-жылдардағы кәсіпкерлер зейнетке шығуға дайындалып жатқан
кезде, олардың 1998–2011 жылдар аралығындағы зейнетақы қорына аударым мен
төлемдері жасалмаған айлары еңбек өтілін санау кезінде есепке алынбай,
нәтижесінде олар жылына небәрі төрт ай ғана жұмыс істеген болып шығуда.
Соның салдарынан қазіргі зейнетақы жүйесі аясында лайықты зейнетақы
есептеуде қиындықтар туындап отыр. Өйткені аталған кезеңдегі әр жылдың сегіз
айы, яғни 1998 жылдан 2011 жылға дейінгі шамамен 12 жыл еңбек өтілі ретінде
есепке алынбайды. Ал, сол кезеңде төленген салықтар зейнетақы есептеу кезінде
ескерілмейді.
Кездесуге қатысушылардың бірі осындай есептеу тәртібінің салдарынан өзінің еңбек өтілі 30 жылдан 14 жылға дейін қысқарып кеткенін айтты. Бұл, әрине, болашақ зейнетақы мөлшеріне кері әсер етеді. Осыған байланысты кәсіпкерлер сол жылдардағы қалыптасқан тәжірибені ескере отырып, әділ шешім қабылдауға және 1998–2011 жылдар аралығындағы тоқсан сайын төленген жарналарды ай сайынғы форматқа қайта есептеуге көмектесуді сұрады.
Үш сағатқа созылған ауқымды әрі қызу пікірталастың қорытындысын шығара
отырып, оның мазмұнды әрі біздің жұмысымыз үшін пайдалы болғанын атап өткен
жөн. Айтылған барлық мәселелер бойынша «Ақ жол» демпартиясының заңгерлік және
экономикалық қызметтері Үкіметке қажетті ұсыныстар әзірлеп жатыр. Соның ішінде
сауда бизнесіндегі жоғарыда айтылған коллапсқа жол бермеу үшін салық органдары
мен ҰТК ақпараттық жүйелерін үйлестіру туралы, қысқартылған декларация
негізінде жұмыс істейтін барлық АСР субъектілеріне, айналым көлеміне қарамастан
еңбекақы қоры шығындарын салық салынатын айналымнан шегерімге жатқызу туралы
және басқа да шұғыл түрдегі ұсыныстар бар.
Батыс
Қазақстан облысындағы «Ақ жол» демократиялық партиясы филиалының төрағасы Серік
Мерғалиевке отырысты жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін, оның Атырау
облысындағы әріптесі Ермекқали Юсуповқа, сондай-ақ Батыс Қазақстан, Атырау және
Ақтөбе облыстарындағы «Ақ жол» демократиялық партиясынан сайланған мәслихат
депутаттарына өткен пікірталасқа белсенді әрі кәсіби түрде қатысқандары үшін
алғысымды білдіремін.
.jpeg)

.jpeg)
.jpeg)
.jpeg)
.jpeg)
.jpeg)
.jpeg)
.jpeg)
.jpeg)

.jpeg)